Табиғатты қорғау – Отанды қорғаумен бірдей. Кейде біз орманымыз өртеніп, жан-жануарларымызды жоғалтқанда соларға жанашыр жандарға үміт артамыз. Сол тұрғыда байтақ даладағы табиғи өрісті қызғыштай қорғап жүрген кәсіби мамандардың, орман шаруашылығы қызметкерлерінің еңбегі ересен. Біз бүгін солардың бірі, өнегелі ісімен өңір азаматтарына үлгі Үсен Сабырбеков туралы сөз қозғамақпыз.
Орманға өрт тигенде не табиғатты топан су басқанда ғана ерлігі көзге ерек көрінетін орман шаруашылығы қызметкерлерінің былайғы өмірі де қауіп-қатерге толы. Оны жылы жерде отырған адам оңайлықпен түсінбейді. Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында: «Ерінбей еңбек еткен жан өз ісінің майталманы атанады. Ал кәсібін толық меңгерген адам, қашанда сұранысқа ие болады. Біз еңбек адамының мәртебесін көтеруге баса мән береміз», деп ашып айтты.
Осы ретте талай жылдан бері табиғатпен бірге тыныстап, ормандарды молықтыру мен қорғауға елеулі үлес қосқан әрбір азаматтың ісі елеусіз қалмауы қажет. Айталық, алпыс жылдық ғұмырының 40 жылын орман саласына арнаған Үсен Сабырбековті нағыз «еңбек адамы» десе болатындай.
Ол еңбек жолын Алматы облысына қарасты Шелек орман шаруашылығында қатардағы жұмысшы болып бастайды. Кейіннен орман шебері, механик, орманшы дәрежесіне көтеріледі. Көп ұзамай Қызылжиде орман шаруашылығына директордың орынбасары болып ауысады. Осы кезеңде орман өсірудегі жетістіктерімен ерекшеленіп, облыстық басқарма тарапы қызметіне разы болады. 2018-2021 жылдары Сарқан ауданындағы Бөрлітөбе орман шаруашылығында директор болып қызмет етеді. Бұл жерде де мемлекеттік орман қорын 44 мың гектарға ұлғайтып, орман тұқымбағын ұйымдастырады.
«Кезінде заңнамада мектеп орман шаруашылығы деген ұғым енгізіледі. Онда орман шаруашылықтарын қаржыландыру, көмек көрсету тетіктері қарастырылған. Балаларға арнайы формалар мен аспаптар, арнайы жабдықтар беру жағдайы ерекше айтылады. Бұл күнде осы дүние кемшін қалып жатыр. Орман өртенсе, оны қайта қалпына келтіруге 20 жыл уақыт керек. Табиғатты қайта түлетуде алдымыздан екі жол шығады. Бірі – техникалық жол, яғни дайын ағаштарды отырғызып, оны өсіру. Екіншісі – табиғи жол, яғни егін екпей, ағаштың өз бетінше өсуіне мүмкіндік жасау», дейді Үсен аға.
Бүгінде Ү.Сабырбеков Қапал орман шаруашылығы директоры қызметін атқарып жүр. Қай мекенде еңбек етсе де, сол жерді гүлдендіруге барын салатын майталман маманның бастамасымен орман алқабы ұлғайып келеді. Мәселен, Мемлекет басшысының Жолдауына сай, осыдан 4 жыл бұрын Қапал ауылының батыс жағынан 1 гектар аумақта үлкен саябақ ашылуына түрткі болды. Ол жерге 12 түрлі көшет егілген. Бұрындары күл-қоқыс шашылып, бос жатқан аумақ бүгінде көгалданып, ауыл көркін келтіріп тұр. Сондай-ақ Ақсу ауданының Арасан, Суықсай, Қапал, Жансүгіров, Матай, тағы басқа селолық округтерінде көгалдандыру жұмыстарына белсенді түрде атсалысып келеді.
Үсен Медеубекұлының нәтижелі болған тағы бір ісі – еңбек етіп жүрген мекемесінің «Жоңғар орман шаруашылығы» деген атауын өзгерту жөніндегі бастамасы. Шындығында, «Жоңғар» сөзі мұндағы орман шаруашылығына мүлде қатысы жоқ тіркес еді. Ол аталған мекеменің тарихи атын қайтаруға күш салып, оның қадір-қасиетін ардақтауды мұрат етті. Бастамасы ономастикалық комиссия тарапынан қолдау тауып, Жетісу облысы әкімінің 2023 жылғы 13 маусымдағы №175 қаулысына сәйкес, «Қапал орман шаруашылығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі деп аталды.
«Туған жеріне қызмет ету – әр адамның борышы. Орман шаруашылығындағы өрттің 70-80 пайызы браконьерлердің қолдан өрт қою салдарынан болады. Браконьерлер ормандарды өртеп, ағаш сатқандарының салдарынан еліміздегі қаншама табиғи орман қорынан айырылып жатырмыз. Бұл – толғақты мәселе. Сондықтан әрбір жергілікті азамат табиғатқа туған анасындай қарауы қажет», дейді кейіпкеріміз.
Жарты ғасырға жуық ғұмырын орман шаруашылығын өркендетуге арнаған Үсен Медеубекұлы – кәсібіне адал азамат. Ауданның тыныс тіршілігіне, қоғамдық іс-шараларға белсене қатысып, аз қамтылған, жағдайы төмен отбасыларға материалдық көмек көрсетеді. Табиғатты әлемдегі барлық тірі ағзаның түп негізі деп санайтын білікті маман кейінгі буын өкілдеріне бай тәжірибесін талмай үйретіп, ізгілікке баулып келеді.
Жетісу облысы