Бас прокуратураның мәліметіне сүйенсек, биылғы 9 айдың көрсеткіші бойынша кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс деңгейі 4,1 пайызға көбейген. Ел халқының жартысына жуығы жастар екенін ескерсек, бұл – өте алаңдатарлық ахуал. Осы орайда республикалық «Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының атқарушы директоры Ақнұр Тұрдалиевамен әңгімелескен едік.
– Қазір қоғамда жастар, әсіресе жасөспірімдер арасында озбырлық, қатыгездік, агрессия басым. Оларды тәрбиелеуде қандай дүниелерді екшеуіміз керек?
– Жастар арасындағы мұндай өткір мәселелер біздің елді ғана емес, жалпы әлем жұртшылығын алаңдатады. Оған себеп көп. Мәселен, медиа, танымал сериалдар мен басқа да формалар есебінен агрессияның насихатталуы әр елде өз деңгейінде қатыгездікті өршітіп отыр. Сондықтан өскелең ұрпақ туралы ауқымды зерттеулер жүргізіледі.
Меніңше, балаларды және жасөспірімдерді тәрбиелеу барысында қоғамның және уақыттың талаптарына сай келетін біртұтас тәрбие тәсілін енгізу қажет. Бұл жүйе мемлекет бекіткен педагогикалық әдіс-тәсілдер мен отбасы институтын қамтып, ұлттық құндылықтар мен заманауи білім беру әдістерін үйлестіру арқылы саналы, жан-жақты дамыған тұлға қалыптастыруға бағытталуы керек. Сондай-ақ отбасы институтына белгілі бір тұжырымдама негізінде нақты талаптар қойып, ата-аналардың балаларды тәрбиелеудегі рөлін күшейту қажет. Біртұтас тәрбие жүйесі қоғамда ынтымақтастық пен жауапкершілікті арттыруға, ұрпақтар арасындағы сабақтастықты қамтамасыз етуге ықпал етеді.
«Жас ұлан» ұйымы қоғамдағы өзекті мәселелерді шешу бағытында тәрбиенің ұлттық және инновациялық қырларын біріктіре отырып, балалар мен жасөспірімдерге жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Ұйымның негізгі мақсатының бірі – жастарды әлеуметтік және кәсіби тұрғыда демеу, олардың қоғамға пайдалы болуына жағдай жасау. Бұл бағытта біз әртүрлі тренингтер, семинарлар және мотивациялық кездесулер ұйымдастырамыз. Сондай-ақ жастарға өз әлеуеттерін ашуға көмектесетін жобаларды жүзеге асырамыз.
– Нақтылай түссек...
– Қазіргі таңда жеті бағыт – интеллектуалдық даму («Зерде»), патриотизм және азаматтық белсенділік («Отан»), рухани даму («Руханият»), құқықтық сауат («Жеті жарғы»), экологиялық жауапкершілік («Экоәлем»), денсаулық және физикалық даму («Салауат»), кәсіби даму және әлеуметтік жауапкершілік («Еңбек») негізінде әр баланың мүмкіндігі барынша ашылуына зейін қойып келеміз. Яғни ұйым біртұтас тәрбие жүйесін жүзеге асыру арқылы ұйым жас ұрпақты жан-жақты дамытуды мақсат етеді.
Мәселен, кибербуллинг және қатыгездікпен күрес бағытында 2019-2020 жылдары біз «True or False» және «ReStart» секілді жобаларды жүзеге асырдық. Бұл жобалар аясында кибербуллинг және интернет тәуелділігінің алдын алу бойынша оқытулар мен тренингтер өткізілді.
– Ұйым жасөспірімдерді еңбекке, білімге баулуда қандай үлес қосып келеді?
– Жасөспірімдерді еңбекке баулу мен білім беру бағытында бірнеше жоба мен бастаманы жүзеге асырдық. Мәселен, «Еңбек» бағыты аясында жастардың кәсіби дағдыларын дамытуға, әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға арналған арнайы бағдарламалар бар. Сонымен қатар ұйым жастар арасында волонтерлік қызметті насихаттап, балаларды мектеп волонтерлігін дамытуға тартады. Әсіресе балаларға қоғамға пайдалы іс-шаралар мен әлеуметтік жобаларға қатысу арқылы еңбекке баулуды көздейді.
2015 жылдан бастап «JasUlanTeam» еріктілер штабы жұмыс істейді, оның қатысушылары әлеуметтік, іс-шаралық, спорттық волонтерлікке белсенді қатысады. Балалар мен жасөспірімдер арасында экологиялық мәдениетті сіңіру мақсатында «Birgemiz: Taza Alem», «Kieli Tabigat», «EcoAlem» сияқты ірі ұлттық жобаларды шешу іске асырды.
Ұлттық құндылықтарды сіңіру бағытында «Өркендеу» жобасы жүзеге асырылып келеді. Бұл бастама балаларды, ата-аналарды және педагогтерді бір ортаға біріктіре отырып, ұлттық отбасылық құндылықтарды сақтауға және жаңғыртуға бағытталған. Жоба аясында «Ата мектебі», «Әже мектебі», «Әке мектебі» сынды әртүрлі мектеп жұмыс істейді. Мақсат – ұлттық дәстүрлер мен тәрбиелік элементтерді жастарға жеткізу.
– Президент айтқан жастар саясатына қатысты пікіріңіз қандай? Қазіргі ел жастары осы үдеден шығып отыр ма?
– Жастар – кез келген қоғамның болашағы, олардың белсенділігі мен идеялары елдің дамуына үлкен әсер етеді. Президенттің жастарға артып отырған үміті мен қолдауы олардың әлеуетін толық ашуға, қоғамда өз орындарын табуға үлкен мүмкіндік береді. Ел жастары – білімді, талантты, жаңа бастамаларға ашық деп айта аламын. Мемлекет басшысы басымдық берген креативті экономикадағы жастардың үлесін арттыруға баса назар аудару керек. Мысалы, коворкингтер, студиялар, зертханалар, менторлық бағдарламалар, шеберлік сабақтары қажет. Сонымен қатар азаматтарды халықаралық жобаларға тарту, шетелдік мамандармен тәжірибе алмасу, әлемдік деңгейдегі жарыстар мен форумдарға қатысу мүмкіндігін беру маңызды. Бұл жастардың өз мүмкіндіктерін халықаралық деңгейде сынап көруіне, жаңа идеялармен шабыт алуына ықпал етеді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Зейін ЕРҒАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»