Әлемдік даналықта бір адамның өмірін құтқару бүкіл адамзаттың өмірін құтқарумен тең екені айтылады. Біреуді қауіп-қатерден аман алып қалу барысында құтқарушы өз өмірін тәуекелге тігеді. Сондықтан мұндай қауіпті мамандық таңдайтындар жасынан бойына жанашырлық пен жанкештілік қасиет жинайды.
Мамандыққа адалдықтың үлгісі
Адам өмірін құтқарудың негізі бағыттары қар көшкіні, су тасқыны, орман өрті, жанартаудың қайнауы, жер сілкінісі, найзағай түсу, қатты дауыл соғу секілді табиғи, техногенді сипаттағы төтенше жағдайлар аясында тоғысады. Басқасын айтпағанда, бұл ретте биыл көктемде елімізде болған алапат су тасқыны кезінде құтқарушы мамандар қаншама адамның өмірін аман сақтап қалғанын айрықша атап өтуге тұрарлық.
Сондай ержүрек құтқарушының бірі – Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты «Қазавиақұтқару» АҚ-ның құтқарушы-ұшқышы, әуе кемесінің командирі Асхат Әбдікәрімов. Маман қызмет бабында кәсіпқойлық пен батылдықтың ерен үлгісін көрсетіп келеді. Ол 4 мың метр биіктікте, яғни таулы жерлерде қиындықты еркін еңсеріп, өзіне жүктелген ең күрделі міндеттерді мүлтіксіз атқарып шықты.
А.Әбдікәрімов қызметін 2008 жылы екінші дәрежелі ұшқыш болып бастап, жеті түрлі әуе кемесін игерді. Жалпы ұшу уақыты 3 900 сағатты құрайды. Азаматтық авиация саласында жұмыс істеген жылдары жоғары білікті маман болып қана қоймай, тәжірибелі тәлімгер көптеген әуе кемелерінің командирлерін даярлады. Биылғы Қостанай облысында болған су тасқыны кезінде қауіпті аймақта қалған жүкті аналарды құтқарды. Жақында Қарағанды, Павлодар өңірінде тұтанған өртті сөндіруге де қатысып, елді мекендерді өрттен қорғауға көмектесті. «Еврокоптер» әуе кемесіндегі авиатор құтқару операцияларында өртті сөндіруге арнайы «Bambi Bucket» су төгетін құрылғыны белсенді пайдаланады. Бұл әсіресе қолжетімді емес жерлердегі өртті тиімді түрде басуға мүмкіндік береді.
«Әрбір миссия – тек жұмыс емес, адамдардың өміріне жауап беру», дейді А.Әбдікәрімов. Оның мамандыққа адалдығы мен кәсіптік шеберлігі авиация мен құтқару мансабын армандайтын кейінгі буын өкілдеріне үлгі.
Аквалангші мен альпинист
Қауіп-қатер локация таңдамайды. Аспанда да, жерде де жүз пайыз қауіпсіз ештеңе жоқ, жазатайым оқиға жар астында. Соның бірі – су. Әсіресе жазғы шомылу кезінде оқыс оқиғалар көп тіркеледі. Ондайда ең алдымен, судағы құтқарушыларға жүгінеміз. Тіпті жазым болған адамның мәйітін табу да оңай шаруа емес. Осы ретте су астындағы жұмыстың сырын Шығыс Қазақстан облысы ТЖД Жедел-құтқару жасағының 1-санатты құтқарушысы Андрей Веберден сұрап білдік. Төтенше жағдай қызметінде 14 жыл жұмыс істейтін Андрей жүзден астам апаттық-құтқару жұмысына қатысып, 20-ға жуық азаматтың өмірін сақтап қалыпты.
«Жұмыс оңай емес, бірақ қызықты. Біздің мамандар арнайы іріктеуден өтеді. Қауіпсіздік мақсатында әрқашан командамен жұмыс істейміз, құрамда ең кемінде үш адам болуы керек – біреуі құрлықта, екеуі су астында. Құрлықтағы адам су астындағы құтқарушыға оттегінің берілуін көрсететін манометрді, судың тереңдігін бақылайды. Олар бір-бірімен ым арқылы, үнемі байланыста болады. Мысалы, жоғары көтерілген саусақ «көтерілеміз» дегенді, ал жұдырық қауіпті білдіреді. Кейде кабель қолданылады: егер сүңгуірдің кабелі құрлықта үш рет тартылса, онда оның су бетіне шығатын уақыты келді деген сөз», дейді А.Вебер.
Су астында қауіпсіз жұмыс істеу мақсатында сүңгуірлер арнайы құрал-жабдықпен қамтылады. Олардың арнайы киім үлгілері бар. Сүңгу алдында барлық жабдық жіті тексеруден өткізіледі. Бұл істі әдетте ешкімге сеніп тапсырмайды, өздері атқарады.
«Құтқарушылардың киімдері әртүрлі болады. Біз құрғақ, сондай-ақ дымқыл киімдермен жұмыс істейміз. Дымқыл киім жылуды жақсы сақтайды. Ол неғұрлым қалың болса, соғұрлым жылы. Ал су өткізбейтін киім қолайсыздау. Суық суда қатып қалмас үшін ішінен суық өткізбейтін киім киіледі. Сүңгуір құтқарушылардың дене күші ғана емес, рухы да мықты болуы керек», дейді ол.
Жанат Камерденов – өз өмірін ең қиын жағдайда қалған адамдарды құтқаруға арнаған астаналық альпинист-құтқарушы. Жедел-құтқару жасағында жұмыс істейтін Жанат апатты жағдайлар барысында қауіп-қатермен қатар, психологиялық тұрақтылықты қажет ететін қиындыққа бетпе-бет келеді. Ол әсіресе, таулы жерлердегі туристерді құтқаруда, қаладағы биік ғимараттарда болатын оқыс оқиғаларда әрқашан алдыңғы шепте жүреді.
«Жанаттың кәсіби шеберлігі мен жанкештілігі көптеген құтқару операциясында сыннан өткен. Күнделікті өмірде ол өзінің бай тәжірибесін басқаларға да үйретіп, құтқарушылардың жаңа буынын тәрбиелеуге үлес қосып жүр», дейді Астана қаласы ТЖД-де бірге істейтін әріптестері.
«Төртаяқты құтқарушы»
Адам өмірін құтқаруда технология мен мамандармен қатар иісшіл иттердің де орны ерекше. Жеті қазынаның бірі саналатын ит – адамның серігі ғана емес, қызмет бабындағы көмекшісі. Иттің иіс сезу, есту қабілеті адамға қарағанда он мың есе жоғары екен. Бүгінде Астана қаласы полиция департаментінің Кинологиялық орталығында ондай қабілеті жоғары, құтқару жұмысына пайдалы 50-ден астам қызметтік ит бар. Кинология – ит өсіру туралы ғылым. Қазақы түсінікпен айтқанда, итбегі деуге де болады.
«Кинология – полицияның ең қызықты қызметтерінің бірі. Көлік полициясының кинологтері өздерінің төртаяқты серіктерімен күнделікті еліміздің әуе, теміржол көлігінің маңызды стратегиялық жолдарында қоғамдық қауіпсіздікті қорғау іс-қимылына қатысады. Сондай-ақ төтенше жағдай болған кездерде иісшіл иттердің құтқару жұмысында да көмегі зор», дейді кинолог мамандар.
Кинологиялық орталығы бастығының орынбасары, полиция майоры Рауан Дәулетовтің айтуынша, орталықтағы иттер із кесу, есірткі, жарылғыш заттар, қаруды іздеу бағытында көмек көрсетеді.
«Жедел құтқару жасақтарының құтқарушы иттері іздестіру аймағына барғанда нақты мақсатын білуге тиіс. Зардап шеккен адамды тапқанда, кинологке үру арқылы белгі береді. Көп жағдайда зардап шегушінің ізін таба алмаған кезде есту қабілетін іске қосады. Ондай сәттерде құтқарушы иттердің көмегі ауадай қажет», дейді ТЖД Жедел-құтқару жасағы кинология тобының бас құтқарушы-кинологі Қанат Тұрғанбай.
Қанат жоғары білімді заңгер. Семей қаласындағы 5511 әскери бөлімде жүріп, кинологияға машықтанған. 16 жылдық тәжірибесі бар кәсіби маман голден-ретривер, неміс овчаркасы, белгиялық овчарка тұқымдас 4 итті апаттық-құтқару ісіне дайындаған. «Құтқарушы иттер тек сөйлей алмайтыны болмаса, барлығын да ұғады. Біз оларды еркелетіп «төртаяқты періштелер» дейміз», дейді кинолог маман.
Құрметке лайық қызмет
Қоғам қауіпсіздігін көзінің қарашығындай қорғайтын құтқару қызметі сан салалы. Еліміздегі тағы бір беделді құтқару бөлімі – Кәсіби әскерилендірілген апаттық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы. Атап өтерлігі, бұл штабтың тарихы 1932 жылдан басталады, ол – еліміздің алғашқы әскерилендірілген апаттық-құтқару қызметтерінің құқықтық мирасқоры.
«Штабтың негізгі бағыты – өндірістік нысандардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Яғни қызмет тау-кен құтқару, атқыламаға қарсы, газдан құтқаруға қатысты профилактикалық жұмыстарға, сондай-ақ өртті сөндіруге, алғашқы медициналық көмек көрсетуге бағытталған. Штабта қазір 3 800-ден астам жоғары білікті маман, 11 филиал жұмыс істейді. Кәсіпорын теңгерімінде 650 бірлік мамандандырылған апаттық-құтқару көлігі, 7 мың бірлік қажетті құрал-жабдық бар. Тек 1991 жылдан бастап 400-ге жуық апаттық-құтқару жұмысына қатысып, 432 адам құтқарылды, апат орнынан көшірілгендер саны – 1 702 адам», дейді штаб қызметкері.
Қорыта айтқанда, адам өмірі басты құндылық десек, оны қорғауға қызмет ететін құтқарушылардың еңбегі қандай құрметке де лайық. Күнделікті қызмет барысында бастарын тәуекелге тігіп, апатты жағдайға жол бермеу жолында жан алысып, жан берісетін құтқарушылар – бейбіт күннің батырлары. Ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, үндемей жүріп-ақ үлкен істер тындыратын мамандардың қажырлы еңбегін, қапысыз қызметін дәріптеп, жан-жақты насихаттай берген жөн.