• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 19 Қазан, 2024

Қоғамдық палата мүшелерімен кездесті

232 рет
көрсетілді

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Қоғамдық палата мүшелерімен кез­десіп, алдағы кезең­дегі күн тәртібі мен жұмыс­тың жаңа формат­­тарын талқылады. Сондай-ақ Мемлекет басшысы­ның Жолдауында және мәс­лихат депутат­тары­ның форумында айтыл­ған тапсырмаларын жү­зеге асыру бойынша депу­­таттық корпустың алда­ғы ауқымды жұмысы жөнінде ақпарат берді.

Отырысты ашқан Мәжіліс төрағасы бір жарым жыл­дың ішінде Қоғамдық палатада әр сарапшы кез келген мәселе бойынша өз пікірін еркін жеткізетін сенімді әрі іскер орта қалыптасқанын атап өтті.

– Жалпы, Қоғамдық палата жұмысы қарқын алып, Мем­лекет басшысының «Ық­палды Парламент» қағи­дасын жүзеге асыруға өз үлесін қосып келеді. Ең бас­тысы, палата қоғамға ашық. Қоғамдық палатаны құ­рып, сіздерді бірлесіп жұ­мыс істеуге шақырғанда осыны мақсат еттік. Біз бұл тәсілді одан әрі дамытып, жетілдіруі­міз керек, – деді Е.Қошанов.

Банктер туралы жаңа заң, Салық және Цифрлық кодекс­тер бойынша жұмысқа ерек­ше назар аударыла­ды. Бұл ретте еліміздің түк­пір-түкпі­ріндегі халықтың ұсыныс-пікірлерін жинақтап, талқылау Қоғамдық палата мүшелерінің маңызды міндеті екені айтылды.

Сондай-ақ Мәжіліс төр­ағасы қабылданған заң­дар­дың іс жүзінде орындалуы жөнінде қоғамдық палата мүшелері­нің пікірін сұрады. Оның ішін­де лудомания мен тұрмыс­тық зорлық-зомбылыққа қар­­сы күрес­ке бағытталған түзету­­лерді жүзеге асыру да қамтылды.

Спикер биыл заң жобалары бойынша ұсыныстар модулі іске қосылғанын еске салып, мәслихат депутаттарын заң жобалау жұмысына тарту арқылы бұл тетіктің мүм­кіндіктерін кеңейтуді ұсынды.

Жиында Қоғамдық пала­таның күн тәртібіндегі өзекті мәселелер – суицидтің көбеюі, жедел медициналық көмек жүйесіндегі проб­лемалар және басқа да тақырыптарға ерекше мән берілді. Сонымен қатар Е.Қошанов сайлаушылардың талап-тілегі бойынша Үкімет пен Мәжіліс депутаттарының бірлескен жұмысына назар аударып, Қоғамдық палата мүшелерін осыған атсалысуға шақырды.

– Сессия барысында Үкімет мүшелері бізге осындай мәселелердің шешілу барысы туралы екі рет есеп береді. Сондықтан сіздер де өз ұсыныстарыңызды жинақтап, Қоғамдық палата төрағасына беруіңізге болады. Ол өз кезе­гін­де Қоғамдық палата мү­ше­лерінің атынан Үкіметке сұ­рақ­тарын қоя алады, – деді ол.

Өз кезегінде Қоғамдық палата сарапшылары осы сессия­ның күн тәртібіне қатысты өз ұсыныстарын ортаға салды. Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов әлеуметтік бағыттағы өзекті мәселелер­ге тоқталды. Еура­зиялық тұтынушылар одағы­ның басқарма төрайымы Свет­лана Романовская тұты­ну­шылардың құқықтарын қорғау стандарттарын кеңі­нен талқылау қажеттілігіне назар аударды. «М.Қозы­баев атын­дағы Солтүстік Қазақстан университеті» КАҚ Директорлар кеңесінің төрағасы, Қоғамдық палата төрағасының орынбасары Ғалым Байтұқ Қоғамдық палатаның беделі артқанын атап өтіп, палатаның өңір­лердегі көшпелі отырыс­тарында талқылау үшін тақы­рыптар ұсынды.

Отырыс барысында палата мүшелері өзге де өткір мәселелерді көтерді. Бұл – Қазақстанға шетелдік инвестиция тарту, бизнесті дамытуға жағдай жасау, міндетті әлеу­меттік медициналық сақ­тандыру жүйесін жетілдіру, жал­пы денсаулық сақтау сала­сын дамыту, жаңа салық заңнамасы, жасанды ин­теллектіні құқықтық тұрғыдан реттеу және тағы басқа.

Жиында Ерлан Қошанов қоғам қайраткері, «Astana Open Dialogue» серіктестігінің негізін қалаушы Александр Даниловты және «Стратегия» әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығы» қоғамдық қорының президенті Гүл­мира Илеуованы Қоғамдық палатаға жаңа мүше болуымен құттықтады.