«ATP 250 Almaty Open» турнирі аяқталды. Жүлде қоры 1 036 700 долларды құраған дүбірлі додада әлемнің бірқатар белді теннисшісі өнер көрсетті. Жекелеген сайыста жеңімпаз атанған саңлақ 157 695 доллармен қоса, 250 рейтингтік ұпайға ие болса, жұптық бәсекеде бас жүлдені олжалағандарға 54 780 доллар табыс етілді.
Еліміздің теннис федерациясы аталған турнирді аса жоғары деңгейде өткізу мақсатында қысқа мерзімде қыруар іс тындырды. «Алматы Аренада» негізгі корттан бөлек, қосымша алаңдар да бар. Алғашқысы 6 000, екіншісі 1 000 көрерменге есептелген. Кешеннің сыртында орналасқан екі корт пен үш жаттығу алаңында еш алаңсыз даярлануға қолайлы жағдай жасалды. Төсеніштер халықаралық стандартқа сай. «Almaty Open» турнирінің көрсетілімі 40-тан аса мемлекетке тарады. Теледидардан оны 3 миллионнан аса көрермен тамашаласа, түрлі платформалар арқылы көрушілердің саны 8,5 милионнан асты.
Алғашында осы жарысқа қатысуға ниет білдірген франциялық Артур Фис пен италиялық Флавио Каболли турнирге келмеді. Еліміздің бірінші ракеткасы Александр Бублик те бұл бәсекеде бой көрсетпеді. Барлығы да жарақат алып қалыпты. Турнирдің негізгі бөлігінде еліміздің төрт өкілі өнер көрсетті. Соқыр жеребе Александр Шевченко мен Михаил Кукушкинді алғашқы айналымда жолықтырды. Бұл тартыс алғашқысының пайдасына шешілді. Тимофей Скатов Томаш Махачтан ұтылса, Бейбіт Жұқаев дәл сол Чехияның ойыншысын жолынан ығыстырды. Тұсаукесер кездесуінде Бейбіт ливандық Бенямин Хассаннан басым түсті. Бірақ жерлестеріміздің одан әріге шамалары жетпеді. Ширек финалда Шевченко (әлемнің 61-ракеткасы) аргентиналық Франсиско Серундолодан (31), Жұқаев (213) ресейлік Карен Хачановтан (26) ұтылды.
Жартылай финалдық кездесулер мынадай нәтижемен аяқталды: Франсиско Серундо – Габриэль Диалло (Канада, 118) 4:6, 2:6. Карен Хачанов – Александр Вукич (Аустралия, 85) 6:7 (3:7), 6:3, 6:4. Финалдық ойын 6:2, 5:7, 6:3 есебімен К.Хачановтың пайдасына шешілді. Жұптық сайыста Үндістан теннисшілері – Арджун Кадахе мен Ритвик Боллипаллидің бағы жанды.