Қытайда «I,m а singer» байқауы өтіп жатқан кез. Осы ән додасына Құлагерін қосқан Димаш Құдайберген екінші айналымда Витастың «Опера-2» әнін шырқады. Сол күні әлеуметтік желідегі бұқараның таңдай қағысы мені еркімнен тыс Димаш атты әншімен табыстырды. Сол табысудың өзі мистикалық оқиға екенін ойласам, тұла бойым тоқ соққандай дір ете қалады.
Ванганың болжамы
«I,m а singer» байқауы туралы білерім аз еді. Содан болар, бастапқыда ол сайыста қазақ баласының өнер көрсетіп жатқаны әдеттегі оқиғадай көрінген. Күллі әлеуметтік желі Димаш туралы шулай бастаған соң, «бұл не қылған өнерпаз?» деген оймен Youtube желісін аштым. Youtube-тің іздеу тетігіне «Димаш – Опера-2» деп жаздым да, enter-ге басып қалдым. Таңғалғаным, интернет желісі Димаш айтқан Витастың әнін емес, Ванганың «болжам таспаларын» ұсынды.
Көріпкел Ванга сөйлеп жатыр. Оның сан жылдар бұрын таспаға жазылып алынған, құмыға сөйлеген болжамдарының бірін түсінсем, бірін түсінбей тыңдап отырмын. Кенет экранның арғы жағында тұрған Ванга мені көріп тұрғандай күйге түстім.
«Иә, Ванга әжей мені көріп тұр» дедім өз-өзіме іштей күбірлеп.
Сол-ақ екен, көріпкел кемпір иығын қиқаң еткізіп, иегін аспан жаққа бір рет көтеріп алды да:
«Аққұба бала жаңа Майкл Джексонға айналады» (Белый мальчик станет новый Майкл Джексоном) деді.
Димаштың әнін іздеп отырып, Ванганың «аққұба баланың Майкл Джексонға айналатыны» туралы болжамына тап келгенім кездейсоқтық па?
Бұл өмірде өздігінен ештеңе болмайды. Егер Ванганың болжамын кездейсоқтық дейтін болсақ, «I,m а singer» байқауына көп үміткердің ішінен Димаштың таңдалуы, соған жағдаяттың бәрі икемделе кетуі, алдымен Қытай, сосын бүкіл әлемді Димаштың магиясы баурап алуы да кездейсоқтық болмақ.
Майкл Джексонның қолтаңбасы
Сол күні Димаштың орындауындағы Витастың «Опера-2» әнін тыңдадым. Ванганың болжамы әсер етті ме, аузына тәтті кәмпит салып алған баладай тамсанып тұрған Димаш Құдайбергеннің бейнесі менің көз алдыма Майкл Джексонның кескінін әкеле берді.
Мұның астарында не сыр бар? Енді осы сұрақ мазалай бастады. Содан бері еліміздегі һәм әлемдік ақпарат құралдарындағы Димашқа қатысты мәліметтердің бәрін қадағалап, оқып отыратын болдым. Тіпті өзімнен жасы кіші талантты інімнің тілеуқорына, жанкүйеріне айналдым десем де болады.
Шын жанкүйер іздегенін табады. Америкада Сильвия Сандовал атты кейуана тұрады. Ол ұзақ жылдар бойы Жедел жәрдем қызметінің дәрігері болған. Бірде Майкл Джексонның қан қысымы көтеріліп, Сильвия Сандовал «Neverland»-қа (Джексонның балдырғандарға арнап «жер бетіндегі жұмаққа теңеп» салғызған үйі) барады.
Сильвия Сандовал алғашқы жәрдемін көрсетіп, музыка патшасына дәрі беріп, бетін бері қаратады. Майкл толық есін жиып, қан қысымы қалпына келген соң Сильвияға:
– Атыңыз кім, әпкетай? – дейді.
– Сильвия, Сильвия Сандовал десеңіз де болады.
– Сильвия, Сильвия, – деп күбірлейді Майкл. – Есіміңіз әдемі екен. Өзіңіз де сұлусыз. Мен ертең, жоқ бүрсігүні үйленем.
– Құттықтаймын, – дейді Сильвия.
– Мен сіз секілді дәрігерге, мені тері ауруынан емдеген Дебора Роуға үйленем…
– Қуаныштымын, – дейді Сильвия Сандовал шаттанған түр көрсетіп.
– Сильвия, Сильвия әпкетай! Анау керегедегі суретті әкеп бересіз бе?
Қабырғада жиегі әдемі ағашпен әрленген үлкен суреті тұр екен.
Сильвия әншінің айтқанын әп-сәтте орындады.
Майкл оның ағаш жиегін шешіп жатып, суреттің шетін жыртып алады.
– Қап, ай, ә! Әкеліңіз, маған беріңіз. Ағаш жиекті мен шешейін, – дейді Сильвия өкініп.
– Жоқ, бұл суреттің жыртылғаны дұрыс болды, – деді Майкл езу тарта күліп. Сөйтті де, суреттің жиегіне қолтаңбасын қояды.
– Бүгін қай күн? – деп сұрайды сосын медбике Сильвияға сынай қарап.
Сильвия Сандовал:
– 24 мамыр, 1994 жыл, – дейді
Майкл тағы да күлді. Сөйтті де, күнтізбедегі күнді сүйкеп жаза салды.
– Бәсе, біліп едім, – деді сосын әнші.
– Нені біліп едіңіз? – деді медбике.
– Күндердің күнінде бұл сыйлықты біреуге бергіңіз келсе, мені қатты жақсы көретін адамға ғана тарту етерсіз…
Ән әлемінің патшасы Майкл Джексон осыны айтты да, енді іс бітті дегендей теріс айналып, бүк түсіп жата кеткен. Сильвия Сандовал әншінің бұл қылығын түсіне алмай дал болды. Бұл әншіден қолтаңба сұрады ма? Сыйлық дәметті ме? Жоқ! Ендеше, мына суретті неге Сильвияға береді? Медбике құрал-жабдығын жинап жатып та, жұмысында жүріп те осы сұраққа жауап іздеді. Кейін Майклдың осы бір сыйлығын көрген сайын баяғы сұрақ бас көтеріп, қисынды жауап таппай қиналатын болды.
Сильвия Сандовал Қытайда өткен «I,m а singer» байқауында әлемді аузына қаратқан Димаш Құдайбергеннің әнін тыңдаған. Сол-ақ екен, Димаш пен Майкл Джексонның бір-біріне қатты ұқсайтынын байқады. Сосын, Димаштың сұхбаттарын көріп шықты. Құдай-ау, тіпті сөйлеу мәнерінде де ұқсастық бар екен. Димаш та Майкл Джексон секілді адамға биязы үнмен тіл қатып, асықпай сөйлейтін көрінеді. Ол аз ба, әнші бала Майкл Джексонның шығармашылығын да аса қатты құрметтейді екен.
Сильвия Сандовал Майкл Джексонның сыйлығын кімге аманаттаймын деп, баяғы сұраққа жауап таппай ойға шоматын. Ол достарымен ақылдасып, бұл сыйлықты Димашқа сыйласам деген ойын айтты. Олар да бірауыздан қолдай кетті. Осылай шешім қабылдаған күні Димаш көктен түсті ме, жер астынан шықты ма, кім білсін, дәл ертегідегідей Сильвия Сандовалмен Колифорния штатындағы Голливуд саяжолында ұшырасып қалды.
Бұл кезде Сильвияның жасы жетпіс төрттен асып, ақ шашты кейуанаға айналып еді. Аяғы ауыратындықтан, қатты жүруге де шамасы жоқ-ты. Голливуд саяжолындағы көп дәмхананың бірінде отырып, өтіп бара жатқан Димашты көріп, құрбысына:
– Әне, Димаш кетіп барады. Бол тез, жүгір, қалайда қуып жет, менің сәлемімді жеткіз, – дейді. Құрбысы әншіні қуып жетті.
Қуып жетіп, Сильвия Сандовалдың жайын айтты.
– Ана жерде сіздің бір жанкүйеріңіз отыр. Аяғы ауырады. Сондықтан өзі келе алмады. Сізге берер сыйлығы бар, – дей жүріп, оған мән-жайды түсіндіреді.
Димаш Сильвия Сандовалға келіп, біраз сөйлесті.
Сильвия Сандовал:
– Димаш, мен саған Майкл Джексонның өз қолымен берілген сыйын сыйға тартайын деп едім. Әуежайға апарып берсем, қабыл аласың ба? – деді.
– Жоқ-жоқ, тап қазір алуға бола ма? – деді Димаш тек осыны ғана күткендей.
– Ол сыйлық сурет. Сол суретті Майкл маған қалдырғанда шетін жыртып алып еді. Соны желімдеп, дайындап қояйын.
– Жоқ, Майкл Джексонның өз қолымен жыртылса, оны желімдеудің қажеті жоқ, – деді ол жұлып алғандай. Сосын: – Бұл сыйлықты бұған дейін неге басқа адамға сыйламадыңыз? – деді.
– Сен қаласаң, сатып-ақ жіберейін, – деді Сильвия әжей әзілдеп.
Димаш ертесі күні сыйлықты алмаққа Сильвияның үйіне келді. Сильвия суретті беріп жатқанда екеуінің де көзі Майклдың өз қолымен жазылған датаға түсті. 24 мамыр, 1994 жыл. Сенесіздер ме, бұл дата Димаштың туған күні еді.
Сонда бұл не? Димаш дүние есігін ашып жатқан кезде Майклдың қан қысымының көтерілгені ме? Әйгілі әнші өзінің ізбасарының дүние есігін ашып жатқанын сезгені ме? Кездейсоқтық дей салуға аузыңыз бара ма?
24 мамыр хикаясы
Қазір әлем Димаштың орындауындағы «Самалтау» әнін сүйіп тыңдайды. Димашқа қосыла осы әнді айтқан кезде «халық әні» делініп келген туындының авторы туралы ойланасың. Бірінші дүниежүзілік соғыстың қара жұмысына аттанып бара жатқан боздақтың зары жан дүниеңнің астан-кестенін шығарады.
Қазақтың белгілі музыка зерттеушісі Берік Жүсіп «Самалтау» әнінің авторы Сапалай Исатайұлы екенін айтады.
Сапалай Исатайұлының «Самалтаудан» өзге исі қазаққа белгілі «Мұхида Шәйбән», «Екі айна» секілді әндері бар. Созақ өңірінде Сапалай сері атанған өнер иесі.
Ол тек сері ғана емес, 1930 жылы ақпан айында болған Созақ көтерілісін ұйымдастырушылардың бірі, батыр. Сол көтерілісте Сапалай Исатай баласы Тұтынушылар одағының қоймасын өртеп жіберген.
Осы «қылмысы» үшін ату жазасына кесіліп, үкімді орындау үшін Сапалайды Қызылордаға пойызбен жөнелтеді. Жолда өлім жазасына кесілген Мәндібек Кеншіұлы, Жантөре Иманұлы үшеуі жазадан қашпақ болып, пойыз терезесінен секіреді.
Қызылдар қашқын үшеуін де тауып алып, жол бойында атып кеткен.
Архив құжаттарында барлық тұтқындар 25 мамыр күні ату жазасына кесілгені жазылған. Сапалай бастаған үштіктің бір күн бұрын пойыз терезесінен секіріп, мерт кеткенін есепке алсақ, тағы да 24 мамырдың, Димаштың туған күнінің төбесі көрінеді.
Арада алпыс төрт жыл өткен соң, дәл сол күні Сапалайдың зарын бүкіл әлемге жеткізер ұлдың дүниеге келуі де кездейсоқтық па?
Ажалдан арашалап қалды
Енді жылыстап, қайтадан өзге құрлыққа өтейік. Канадалық Линда Дассильва атты Димаштың жанкүйері бар.
Оның бүкіл отбасы көлік апатынан көз жұмып, жалғыз қалады. Жалғыздықтың қайғысы Дассильваны депрессияның тұңғиығына батырып әкетеді.
Сүйген жар, туған туыс, жалғыз ұлынан айрылған келіншек өз-өзіне қол жұмсамақ болады.
– Құдайым, бұл өмірде мен үшін жылт еткен бір қызық қалса, кереметіңді көрсетші, көзіме… Түймедей ғана белгі берші, – деп зар жылайды.…
Жүзін тарам-тарам көз жасы жуып кеткен. Әсілінде, адамның өз-өзіне қол жұмсауы әсте оңай нәрсе болмаса керек. Бір уыс уды қолына алғанымен, оны қылғыта салуға дәті барар емес. Уысындағы уды қанша рет аузына апарды. Қолы дір-дір етіп, дәрі шашылып қала берді. Шашылған дәріні жинап алып, қайтадан аузына салмақ еді, қолы тағы да қалтырап ырқына бағына қоймады.
Әкесі мен шешесі де, інісі мен сіңлісі де, тіпті өмірінің шырағы болған жалғыз баласы да дүниеден озды. Құдай бірін қоймай, бәрін де алды. Жер бетінде жаны ашитын жақыны да, тіпті мұңдасар досы да жоқ еді. Жапан түзде жалғыз қалған.
Сөйтіп, өзіне-өзі қол жұмсамақ болып жатқанда өшіп тұрған компьютеріне жан бітіп, кенет құлағына Мишель Бергердің «Қайғырған жанның қарманысы» («Sos d’un terrien en detresse») атты әні талып естілгендей болды. Өшіп тұрған компьютерінің қосылып кетуі шындығында таңғажайып оқиға емес пе?
Неге мен өмір сүріп,
неге мен көз жұмамын?
Не жайға көңілденіп,
не жайға көп жыладым?
Міне, бұл адамзаттың,
айтқаны көмек сұрап.
Жол таппай оған нақты,
Тайғанап келем бірақ.
Құс болып кеткім келед,
мекен қып жұлдыздарды.
Адамзат келбетіңнен,
жиіркеніп жүрмін қазір.
Өмірдің басқа жағын,
көрсем ғой сол алаңда.
Дүние ғажап шығар,
Биіктен қарағанда!
Ғажап үн бөлме ішінде қалықтап ұшып жүр. Сол үннен жарық сәуле шашып, күңгірттенген бөлмеге нұр құйылғандай болып көрінді. Ажалға асыққан жаны бір сәтке болсын тынши қалғандай.
Бұл Димаштың үні болатын. Сол үн Линданы ажалдан арашалап қалды. Бұл да кездейсоқтық па?
Түйін
Көріпкел Ванганың «Аққұба бала жаңа Майкл Джексонға айналады» деген болжамынан басталған тылсым оқиғалар легі Майкл Джексонның құпияға толы қолтаңбасы, «Самалтау» әні авторының бұқараға беймәлім қазасы, өшіп тұрған компьютерінің қосылып кетіп, Линданы ажалдан арашалап алуы секілді хикаялармен жалғасуы жүректі бір бүлк еткізері анық. Бұл жайттар Димаш Құдайбергеннің өнері мен өмірі туралы әлі талай аңызға бергісіз шындықтың куәсі боларымызға жол сілтейтіндей.
Әлемді баураған дауыс иесі туралы айтылып жатқан мистикалық әңгімелерді жазу арқылы қаршадай ғана оғланымызды ерекше қасиетке ие тұлғаға айналдыру ойымызда жоқ. Тек бұл мақала Димаштың өнері мен өмірін тануға деген құлшынысты арттыруға септессе екен дейміз...