• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Тұлға 22 Қазан, 2024

Нұртас ауылы

1145 рет
көрсетілді

Жыл жылжытып, ай аралатып туған жерге айналып соққан сайын алдымыздан асқақтап шы­ға­тын осы атаудың жөні бөлек. Ес біл­гелі естіп өскен есім болға­нымен, бұл атты арқалап өт­кен тұлға туралы танымымыз есейе келе кеңейе түсті. «Жүрген соң жақыныңды күнде көріп, таулардың биіктігі байқалмайды» дегендей, расында, ер жетіп, елден жырақ кеткенше аты бала кезімізден құлаққа әбден сіңісті болған кісінің кім болғанына тереңірек бойлай қоймаппыз.

Ел мен ер – егіз ұғым

Айналамыз туралы ұғым енді қалыптаса бастаған бала кезімізде «Ауыл неге Нұртас деп аталады?», «Ол кім болған?» деген сұрақтар туатын. Сонда ата-әжелеріміз оның осы ауылда туғанын, «совнарком» болға­нын айтатын. Мектепте оқып жүргенде Нұртас Оңдасыновтың елге сіңірген ересен еңбегіне көбірек қаныға бастадық. Бұл ретте зер­демізді ашқан алғашқы ұстазымыз Керімбек Сейітов еді. Ол бір мезет оқушыларын ертіп, мектептегі Оңдасынов музейін аралататын. Жұмыс кабинеті сияқты жа­сақ­­­талған музейден мемлекет қай­­­рат­керінің қолданған заттары – қалам-қағазы, кітаптары, көз­әйнегі, қолшатыры, тіпті кос­тюм, шляпа, плащ сияқты киген киім­дері аса ұқыптылықпен тізі­­ліп тұратын. Дегдарлықтың ны­ша­ны байқалатын кабинет бізге ерек­ше бір әсер сыйлайтыны күні кешегідей есімізде. Мұның бәрі – бала күнімізден санамызда қалған сәулелі естелік. Кейін көрнекті мемлекет қайраткері Н.Оңдасыновтың кеңес кезеңінде Қазақ КСР Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы – Министрлер кеңесінің төрағасы қызметін атқарғаны, яғни 13 жыл ел үкіметін басқарғаны, сол жылдары тындырған елеулі еңбегі жөнінде мол мағлұмат алдық.

Мемлекет қайраткері біздің ауыл­да, кезінде Түркістан ауда­нындағы Амангелді ұжымшары делінген жерде 1904 жылдың 26 қа­занында дүниеге келген. Жас­тайынан жетімдіктің кермек дәмін татып, еңбекке ерте араласып, егін егіп, мал бағып, Ташкент ауып жалданып жұмыс істеген оның балалық шағы әбден қиыншылықпен өткен. Сол Ташкентте жүріп Ғани Мұратбаевтың жетім балаларға арнап ашқан мектеп-интернатында оқуына мүмкіндік туады. Әрі қа­райғы өмір жолы оны бүкіл ел бі­летін Оңдасынов деңгейіне көтерді.

Оңдасынов қанша биікке көтерілсе де, туған жері үнемі ойын­­да жүргенін өз естеліктерінде айт­­қан. Ол ең жоғары лауазым­да жүр­ген жылдарында ел жақ­тың адам­дарынан ауылының аман­дығын сұрап, хабар алып, елеңдеп жүріпті. Кейін зейнетке шығып, өмірінің соңында Мәскеуде тұрған шағында бұл сағынышы тіптен үдей түскен екен. Оның туған жерге әрбір сапары – өлкеміздің өшпес тарихы. Аға буынға айналған ауыл үлкендері Нұртас Оңдасыновтың туған-туыс ортасына қайырылған сәттері ерекше есте қалғанын айтып отырады. Сондай әңгіменің бірін жасы тоқсанға келген, көкірегі сайрап тұрған Қандәулет Нәлтаев қарияның аузынан естідік.

«Нұрекеңді алғаш рет шамамен он жасымда көрдім. Ол кісінің ауылға келгенінен хабардар болған ағайын жапа-тармағай дарияның жағасына қарай ағылды. Сонда үлкен жиналыс болды. Нұрекеңнің қасында кілең ығай мен сығайлар, министрлер жүр екен. Бұл Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталып, Оңдасыновтың «совнарком» болып дүрілдеп тұрған кезі еді. Қа­те­леспесем, сол кезде оңтүстік өңір­дегі елді мекендерге канал тарту мәселесі қарастырылып жатқан болуы керек. Министрлер кеңесінің төрағасы – ат үстінде жүрген азамат, жұмыс сапарымен жүргендіктен, ауылға көп аял­дамастан әрі қарай кетті. Ал зей­нет демалысына шыққаннан кейін Нұрекеңнің ауылға бірнеше мәрте жолы түсті. Менің есімдегі Нұрекеңмен дидарғайып болған ең күшті сәтім 60-жылдардың айналасында астанамыз Алматыға барған кезде болып еді. Ауылдан үш адам болып, ұжымшар басшысы Жақан (Жарылқасын Әзірет­бергенов) мен Нұрекеңнің немере інісі Әбділдаға еріп барған едім. Олар­дың ниеті – Алматыдағы ауру­ханада төсек тартып жатқан Нұре­кеңнің көңілін сұрау. Ал мен, шынын айтқанда, ҚазГУ-де оқи­тын інімнің жағдайын білуге жол­ға шыққанмын. Содан сол кісі­лер­мен ілесіп мен де Нұрекеңе кіріп шықтым. Бір өзіне барлық жағ­дайын жасап, даңғарадай палатаны берген екен. Жүзі сәл солғын тар­тып, даусы бәсең шыққанымен, әр­қай­сымызға жеке назар салып, әңгі­мелесіп, ауылдың жаңалығын сұрап, бір жасап қалды», деп ақсақал Оңдасыновпен жүздесуін есі­не алды.

Сонымен қатар бұрын Мәскеу­ге барып, зейнеткер Нұртас Оңда­сыновтың үйіне кіріп, амандасып қайтқан ауылдықтар да көп болыпты. Ондай кісілердің бірі жоғарыда атап өткен ұстазымыз Керімбек Сейітов екен.

«1980 жылы 26 тамызда Мәс­кеуге жолымыз түсті. Бұл олимпиада аяқтал­ғаннан кейінгі уақыт еді. Негізгі баратын жеріміз – Белград қаласы. Әйелім сол қалада тәжірибеден өтпек. Содан Мәскеу арқылы өтетін болғандықтан, Нұр­тас Оңдасыновтың үйіне соғайық деп ұйғардық. Ауылдан төрт-бес дана сап-сары сопақ қауыннан алып алдық. Аңқыған тәтті иісі мұрын жарады. Мәскеуге түскеннен соң жолшыбай талай орыс тоқтатып, бұрын мұндай қауын көрмегенін айтып, қолқа салғаны бар. Сөйтіп Нұртас атаның үйіне түс кезінде, сағат үштің шамасында кірдік. Бізді жылы ұшырай, балаша қуана қарсы алды. Бұрыннан танитындай әрқай­сымызды құшағына қысып, маң­дайымыздан, бетіміз­ден сүйіп шықты. Апарған қауы­нымызды қайта-қайта сипа­лап, иіскеп отырды. Ауылды қат­­ты са­ғынғаны көрініп тұр. «Кім­нің бала­сысыңдар?» деп жөн сұра­ды. Біз өзімізді таныстырып шық­тық. Сосын орыс жеңгеміз әзір­ле­ген дәмнен ауыз тиіп, біраз сұх­бат­тастық. Ақсақал ауылдың жаңалықтарын сұрады: ауылда қанша мал бар, жылқы көп пе, жердің оты қалай, биыл қанша гек­тар мақта егілді? Осындай сұрақ­тар­ды жаудырды. Мен мектеп пен үйдің екі ортасында жүрген мұғалім болғандықтан, бұлардың бәрінен жете хабарым жоқ еді. Толымды жауап бере алмай тосылып, біраз қысылдым. Әйтеуір, Нұртас атаның ауылға деген көңілі алабөтен екені, ел жаққа елеңдеп отыратыны айқын аңғарылып тұрды. Шаңырағына небәрі үш-төрт сағат қана аялдадық. Бірақ қария маған бір аптадай үйінде қалуды ұсынды. Бір кітап жазып жатқанын, соған деректер жинауға көмектесуімді өтінді. Ауылдан көп ұзап көрмеген, жасым жиырмадан енді асқан мен бұл ұсыныстан бірден бас тарттым. Мұным ақымақтық болғанын кейін түсініп, әлі күнге дейін өкініп жүремін», деді ағай.

Бұл әңгімелердің бәрінен Оңдасы­новтың туған жеріне деген ерекше пейілі, ыстық сезімі есіп тұр. Ауылының жағдайына алаңдаған тұлға өзі қызметте жүр­ген кезінде септігім тие қойма­ды деп қынжылатыны да бар. Алай­да құтқа баланатын дария жа­ғасындағы тоғайымызды құжатпен бекітіп, ауылдың меншігі етіп тір­кеп бергені ағайынның ырысын еселей түскен. Осы жөнінде Нұртас атаның немере інісі Нұрділда естелік қалдырған. Оның айтуынша, тоғайды меншіктеуге бір оқиға түрткі болыпты.

Бұрын Түркістан аудандық ор­ман шаруашылығы басқарма­сының адамдары келіп, біздің ауыл­дан бес-алты шақырым жер­де­гі тоғайдың шабындығын көк­темде шөп жақсы шықсын деген мақсатпен өртепті. Сол кезде өрт шарпып үйтіліп қалған алты шошқаны босқа қалғанша пұлдап алмақ болып, ауылдағылар теміржол дәмханасына апарып өткізеді. Сөйтсе, мұны қабылдап алып қалғандар артынша «охот­союзға» шағым түсіреді. Содан іс насырға шауып, арты сотқа баратын болыпты. Тоғайға қатысты ауылдағылардың көрген құқайы бұл ғана емес екен. Ауылдың дәл іргесіндегі тоғайдың бір ағашын бұтаса, мал түсіп кетсе, «лесхоз» бен ұжым­шар арасында талай дау-жанжал туыпты. Осының бә­рін тізіп, ауыл адамдары бірігіп Оң­дасыновтың атына хат жазады. Ол хатты поштамен жолдаса, жет­пей қалар деген қауіп­пен ауыл­дағы туысы Нұрділдаға қолқа салады. Сөйтіп Нұрділда ауыл­дың амана­ты жазылған хатты Н.Оңда­сыновтың қолына апарып тапсырыпты. Көп кешікпей, Қазақ КСР Министрлер кеңесінің қаулысымен 10 мың гектарды алып жатқан тоғай мен шабындық аудандық орман шаруашылығынан алынып, Амангелді ұжымшарына беріледі.

Н.Оңдасынов өзі жазған «Мен – Түркістанның түлегімін» атты естелігінде осы тоғайды былай суреттейді: «Тоғайда жиде ағашы сыңсып өсетін. Ол гүлдегенде әтір шашқандай дала жұпар аңқитын, әсем хош иістен ләззат алып, бір жасап қалатынсың. Жиденің сырты жылтыр, қызыл-қоңыр түсті, балдыры жұқа, дәмді жемісі болады. Және жиде ағашының бір қасиеті – жемісті көп салады. Ол – құстарға, әсіресе, қырғауылға таптырмайтын қорек. Сондықтан болар, ол кезде Сыр бойы тоғайдың төресі әрі көркі қырғауылға толып кетеді. Оны атып та алады, тұзақ құрып та, құс салып та ұстай­тын. Бірақ одан саны азайған емес. Кедейлер көктемде, қатты тарық­қан кезде Ресейден арнайы келетін агенттермен қырғауыл басына 10-15 тиыннан баға қойып, шарт жасасатын. Ал олар қыс бойы дайындалған қырғауылды Мәскеу, Петерградқа апарып, ресторанда баптап, жеңсік тағам дайындап, әрбір мүшесін бір сомнан сатады екен. Мінекей, әрекетте берекет бар деген!»

Осы тоғай – әлі күнге дейін ауылы­мыздың бір бөлшегі. Дария­сы мен жасыл желегі туған жердің несібесін еселеп тұр. Мұның өзі ел мен ер егіз ұғымға айналып кеткенін айшықтайды.

 

Тәуелсіз елдің тұңғыш ауылы

Ауыл өміріне өзгеріс енгіз­ген ерекше жайт зейнеткер Оң­дасыновтың туған жеріне жаса­ған 1978 жылғы сапарынан бастал­ған. Нұртас атамыз ауылға келіп, мауқын басып, алқалаған ағайынмен емен-жарқын әңгіме­лесіп отырғанда Дәулет атты ақсақал көпшіліктің базынасын жеткізіп, іс басында жүргенде кішкентай ауылына көңіл бөлме­генін, тұрғындардың сусыз отыр­ғанын, шәрге қатынайтын жол жоқ екенін айтып, біраз мәселені жайып салады. Осы әңгімеден кейін Нұртас атаның көңілі пәсейіп қалыпты. Сосын ұжымшар төр­ағасымен жеке сөйлесіп, ауылда қандай зәрулік барын тегіс сұрап­ты. Бұл қатарда жаңа мектеп те аталған.

Осыны көкейіне түйген Нұр­тас ата Алматыға барғанында Қа­зақ КСР Министрлер кеңесі төр­ағасының орынбасары Сағи­долла Құбашевке кіріп, бұйым­тайын айтыпты. Сонда оған қызмет істеп жүргенінде жершіл деп кі­нә таға ма деп туған ауылына, ағайын-тумаға қарайласа алмағанын, жа­қында ауылға бар­ға­нында ақ­сақалдар өкпесін білдіргенін, мой­нындағы осы борышын өзіне тап­сырғысы келетінін жеткізіпті. Оң­дасыновтың бұл өтінішін Құбашев өзінің парызындай қабылдапты. Осы жөнінде оның мақаласы да бар.

«Мен ақылдасуға респуб­ли­каның керекті ми­нистр­­лерін ша­қырдым. Олар – С.Чақа­баев, Л.Гончаров, А.Тыны­баев, С.Әб­ділдин. Барлығы да – Нұ­рекеңді білетін, қатты сыйлайтын басшы қыз­меткерлер. Ақылдаса келе тиянақ­ты шешім алдық. Жоспар – колхоздың орталығынан 1 700-2 000 метрлік 2 ұң­ғыма қа­зып, жабдықтап, су құбырын салу, 646 орындық жаңа типті мек­теп, 12 км асфальтты жол, 2 кө­­шені қоса және 1 000 гектар ин­женерлік жүйе­дегі егістік жерді дайындап, магистральды суландыру каналына қосу», деп жазыпты С.Құбашев.

Міне, осыдан соң көп ұзамай қаржы бөлініп, ауылдың төрт жағынан төрт құдық қазылып, мөп-мөлдір, ып-ыстық су атқылап шығады. Түркістан мен ауыл арасына жаңа жол түседі. Үш қабатты жаңа мектеп тұрғызылады. Мақта егуге мың гектар жер дайындалады. Сөйтіп, айналасы төрт-бес жылдың төңірегінде ауылымызға жаңа леп еніп, көркейіп шыға келеді. Осының игілігін әлі күнге дейін сезініп отырған ауыл тұрғын­дары Нұртас Оңдасыновқа, оның өтінішін жерде қалдырмаған Сағидолла Құбашевке алғысын жаудырып отырады.

Бұл өзгерісті көзімен көрген ауыл­дағылар аңыз ғып аузынан тастамайды. Қарияларымыздан «Құбашев Бакуге апара жатқан мұнай қазатын техниканы ауылы­мызға бұрып әкеліп, осы төрт құдықты қаздырған» деп айтып жүретінін талай естідік.

Осылайша ауыл халқын төрт құдық тіршіліктің нәрімен, зәулім мектеп білім нәрімен сусындатып келеді. Ауыл арасында «жылы су» деп аталып кеткен құдықтардың суын шипалы судай көретін басқа жақтың адамдары арнайы келіп түсіп кетеді. Бұл ыстық судың рақаты қыстыгүні қатты білінеді, халық су жылытып әуре болмайды. Жақсыдан шарапат деген – осы.

Ал Н.Оңдасыновтың соңғы аманаты – туған топыра­ғында мәңгілік дамыл табу. Осы аманатын орындауды да С.Құ­башев өзіне парыз санаған екен. Нұртас атамыз 1989 жылдың 4 қа­­раша­сында Мәскеуде бақиға оз­ды. Ол кісінің мүрдесін туған жеріне жеткізуге мемлекет қай­раткері С.Құбашев, сол кездегі Қазақстанның Мәскеудегі тұрақ­ты өкілі С.Әбділдин, академик З.Молдахметов, Шымкент обко­­мының бірінші хатшысы В.Те­мірбаев, журналист Г.Ора­залиева көп еңбек сіңірді.

Туған жердің аяулы перзентін ақтық сапарға шығарып салу рәсімі – ауыл жұртының есіндегі айтулы іс-шара. Сол сәтте ауыл­ға жиналған халықта қисап болмапты. Алматыдан бастап еліміздің тұс-тұсынан келген қалың ел аза тұтып, ардақты азаматын төбесіне көтеріп, ел шетіндегі қорымға жаяу апарыпты.

Осыдан соң елге тұтқа, халқына адал болған қайраткердің екінші өмірі басталды. Туған жерінен топырақ бұйырып, заты да, аты да ауылымен астасып кетті. Бұлай деуге себеп – Нұртас Оңдасынов өмірден өткеннен кейін араға бірер жыл салып, ауылдың аты ресми түрде Нұртас деп атала бастады әрі кеңес заманының сар­қыншағы ұжымшар деген атау­дан біржола арылды. Осы­нау сауапты іске Амангелді ұжым­шарының бұрынғы бастығы Жа­рыл­қасын Әзіретбергеновтің қосқан үлесі көп. Осы жазда ол кісі­мен жолыққанымда ауылға Нұртас аты қалай берілгенін айтып берді.

«1990 жылдың желтоқсан айын­да республика бойынша партия коми­теті хатшыларының қоғамдық ұйымы құрылды. Мен бастамашыл топты бас­қардым. Сол кезде Орталық комиттеттің хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков еді. Осы кісіге Нұртас Оңдасыновтың туған жері Амангелді ұжымшары деп аталатынын айта келе, соны Нұртас ауылы деп атасақ деген пікірімді білдірдім. Мұнымды дұрыс қабылдаған Өзекең бұл ұсынысты ауыл жұртшылығының атынан хатқа түсіріп беруімді сұрады. Сосын мен жалма-жан сол жерде-ақ отыра қалып, ақ па­рақ­қа Н.Оңдасыновтың қысқаша өмірбаянын жазып, астына бір топ колхозшы деп қол қойып бердім. Мөрі де, нөмірі де жоқ. Содан арада жарты жыл уақыт өтіп, 1991 жылдың маусым айында Ө.Жәнібеков маған телефон соқты. Ол: «Сіздің ұсыныңызбен Амангелді ұжымшары Нұртас ауылы болып өзгерді. Бұрын Қа­зақ­станда пәленшенің ауылы, түгеншенің ауылы деп ауызша аталып келген. Бірақ кеңес өкіметінің тұсында мұның бәрі жойылып еді. Ауылдар «совхоз», «колхоз», «село», «поселок» болып кетіп еді. Енді тұңғыш рет ауыл деп аталып тұрған осы – Нұртас ауылы. Енді баяғы заман қайтіп келеді, бүкіл елде ауылдар пайда болады», деді Өзекең. Содан мен қаладағы авто­бус паркіне барып, біздің ауыл­ға қатынайтын автобустың жүр­гізушісіне «Амангелді ұжымшары дегенді өшіріп, Нұртас ауылы деп жаз», дедім. Сөйтіп ауылымыз ресми түрде Нұртас ауылы деп аталып кетті. Қарап отырсам, осынау үлкен іс әншейін ақ параққа жазылған хаттан басталып кетті», деді Ж.Әзіретбергенов.

Міне, ауылдың Нұртас аталуы тарихы – осындай. Бұрын ел аузында бейресми «совнаркомның ауылы» аталып келген елді мекен егемен еліміздің жылнамасында ресми түрде ауыл мәртебесіне ие болған алғашқы жер екен.

Бүгінде Түркістан облысының Сауран ауданына қарасты Нұртас ауылы – ын­тымағы ұйыған, ырысы құйылған құтты мекен. Биыл Нұртас Оңда­сыновтың 120 жылдығын атап өтуге ауыл халқы жаппай атсалысып, тік тұрып қызмет қылып жатыр. Мемлекет қайраткерінің туған күні қарсаңында ауылға жан-жақтан қонақтар жиналып, тұлғаның кесенесіне зиярат ете­ді, үлкен ас беріледі, көкпар ұйым­дастырылады, мерекелік концерт қойылады. «Жеріңнің аты – еліңнің хаты» дегендей, туған жердің төлқұжаты іспеттес төл перзенттің аты ел жадынан өшпек емес.