Аутизмі және басқа да ой-сана кінәраттары бар балаларға арналған мекеме жыл сайын 125 ерекше баланы ақысыз қабылдайды. Ол Ақтөбе қаласы Сәңкібай батыр даңғылы №171Б мекенжайында орналасқан.Орталықты Республика күні қарсаңында облыс әкімдігі, «Самұрық-Қазына», «Қазақстан халқына» «Қамқорлық» қорларымен бірлесе іске қосты.
«Республика күні қарсаңында, менталды бұзушылықтары бар балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін мемлекеттік мекеме ашып отырмыз. Облыста 18 жасқа дейінгі менталды бұзушылықтары бар 635 мүгедек бала есепте тұр. Бүгін ашылатын орталықтың мамандары балалар мен олардың отбасыларына нәтижелі көмек алуға жағдайлар жасайды. Жыл сайын 50-ден 100 балаға дейін кешенді қызметтер көрсетіледі», деді өңір басшысы Асхат Шахаров.
Облыс әкімдігінің мәлім етуінше «Қамқорлық» жаңа орталығы аутизммен ауыратын балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға бір жерде шоғырланған мамандар арқылы әдістемелік кешенді көмек алуға мүмкіндік береді. Орталық 1,5-тен 18 жасқа дейінгі балаларды қабылдайды, білім беру сабақтары мен оңалту ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлаудың маңызды дағдыларын ұсынады. Мұнда оларға төсек жинау, дастархан жаю, киім үтіктеу, ыдыс жуу, тамақ әзірлеу секілді тұрмыстық дағдылар негіздері үйретіледі. Бұл балалардың жан-жақты дамуына септеседі. Болашақта жасөспірімдер өздерін қамтамасыз ету үшін ағаш ұстасы, қыш және тігін шеберханаларында сабақтар қарастырылған. Сондай-ақ, орталықта визуалды байланыс орнатуда қиындықтары бар балалар үшін робототерапия қолданылады, онда балалар роботтармен өзара қарым-қатынас жасауды үйренеді. Сонымен қатар, леготерапия, робототехника, арт-терапия және музыкалық терапия сабақтары балалардың дамуына ғана емес, әлеуметтенуіне, қоғамға енуіне және толыққанды өмір сүруіне септігін тигізеді. «Ерекше бала асырап отырған әр ата-ана үшін мұндай орталықтардың маңызы зор. Біздің мақсатымыз – елдің барлық өңірін қамти отырып, ерекше балаларды жақын жерден қолжетімді әрі тиімді оңалтумен қамтамасыз ету», деді «Самұрық-Қазына» АҚ корпоративтік басқару, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов. Айта кетсек, аталған орталықтан бөлек, «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялары тобының бірыңғай қайырымдылық операторы – «Samruk-Kazyna Trust» қорының қаржыландыруымен оңалту және ерте араласу орталықтары жұмыс істеп, әрқайсысы жылына 600 баланы қамтып отыр. Бүгінде 1994 бала қабылданып, 153-і тәй-тәйлап алғашқы қадамын басса, ал 331-і алғашқы сөзін айтқан.