• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Энергетика 23 Қазан, 2024

Қанаты қырқылған қырандар

55 рет
көрсетілді

Жел энергетикасы – электр қуатын түрлендірудің жаңартылған бір саласы. Алайда «Жел, жел есер, жел есер, жел астынан қарасам...» дегендей, жасыл энергетикаға жататын қуат көзі биоалуантүрлілікке қалай әсер ететінін білеміз бе?

Арзан әрі залалсыз энергия көздерін ашу мақсатындағы «Қа­­­зақстанда 2030 жылға дейін электр энергиясын өндіруді дамыту туралы» мемлекеттік бағ­дарламасына сәйкес, жел күшімен өндірілетін электр энергиясын тиімді қолданудың жолдары қа­растырылып келеді. Соған сай ресурстар да жоқ емес. Өйткені жел энергиясының басқа энергия көздерінен экологиялық, эко­номикалық артықшылықтары мол дейтін пайым бар.

Мәселен, Алматы облысының Қы­таймен шекаралас ендікте Еуразия мегабассейніндегі орасан зор ауа массасының көлемі ауысатын, Орталық Азиядағы «жел полюсі» деп аталатын Жетісу қақ­пасындағы желдің қуаты мол екені дәлелденген. Екі қыраттың ең қысаңындағы алаң (ені 10-12 км, ұзындығы 80 км) табиғи «аэродинамикалық құбыр» саналады. Қақпа еліміздің Балқаш – Алакөл ойпатын Қытайдың Ебінұр ойпатымен жалғастырады. Осы жердегі жел ерекшеліктерін зерттеу нәтижесінде оның электр энергиясын өндіруге өте тиімді екені анықталған. Ондағы желдің жалпы қуаты 5 мың МВт-тан астам деп болжаныпты. Бұл өте зор энергия көзі әрі көмір мен мұнайды, газды үнемдеуге, қор­шаған ортаны ластанудан сақтауға ықпал етеді. Айтып отырғанымыз ресурсқа қатысты бір ғана мысал. Қауіпсіз энергия көзі екені екі бас­тан. Бірақ жан-жануарға емес...

Ал экологиялық қауіпсіздігіне келсек, су, жел энергиясынан бас­қа, жаңа энергия көздерінің дамуы тұрғысында литий-иондық аккумуляторлар, заманауи эко­логиялық таза генераторлар пайда болғаны белгілі. Дегенмен бәріне ортақ бір талап электр энергетикасы саласындағы жа­һандық трендтердің ішінде жаңартылатын энергия көздерінің ең әуелі ға­ламдық климаттың өзгеруіне, СО2 қалдықтарын азай­­туға байланысты болып отыр.

Бүгінде әлемнің біраз елінде энерге­тикалық қуаттың тап­шылығы айтарлықтай байқалады дейді зерттеулер. Энергетика министрлігінің мәліметіне сүйен­сек, елімізде өндірілетін электр қуатының 69 пайызы көмірмен жұмыс істейтін стансаларға тие­сілі. Сол себепті де сарапшы мамандар елімізде атом электр стансасын салу қажет деп санайды.

«Бұл генерациялау желі­лік нысан­дардың негізгі жаб­дық­тарының тозуын, электр энергиясын тұтынудың ұлғаюымен қатар отандық меншікті отынның (уранның) болуын, оған қолайлы бағаның қалыптасуын қамтиды. Өкінішке қарай, елі­мізде әзірге басқа технологиялар жоқ. ЖЭК-ге келетін болсақ, энергияның бұл түрі бейбіт атом­ның орнына емес, онымен қатар дамуы керек», дейді энергетик Жақып Хайрушев.

Алайда жел энергетикасының биоалуантүрлілікке тигізетін әсе­рін де ескерген жөн. Біздің негізі айтайық деген ойымыз да осы. Мәселен, 2023 жылғы қа­заны айы мен 2024 жылғы нау­рыз айы аралығында онлайн фор­матта жел энергетикасының био­алуантүрлілікке тигізетін әсері туралы жеті дәріс өтті. Дәрістерді АҚШ Геологиялық қызметінің сарапшылары Джил Шаффер мен Тодд Катцнер жел электр стансалары инфра­құрылымы мен жабайы табиғат арасындағы өзара қатынасты жеңілдету әдістері арқылы жинаған тәжірибесіне, біліміне сүйене отырып, әрі осы сала қолданысындағы саясатты ескеріп дайындаған екен. Дәрісте «жел электр стансаларын салуды жоспарлау кезеңінде құстарды зерттеу», «жел электр стансаларын биоалуантүрлілікке зерттеу», «биоалуантүрлілікке тигізетін әсерді азайту шаралары» сынды тақырыптар қамтылған.

Осы саланың тәжірибелі маманы Игорь Карякин жел энергиясы экологиялық таза энергия өндіру көзі саналғанымен, биоалуантүрлілікке, әсіресе ұша­тын жануарларға (құстар мен жарқанаттар) кері әсер ете­тінін айтады. Сонымен қатар жел электр стансалары көшіп-қо­на­тын құстардың жолына кедергі жасайды. Зерттеу барысында Accipitriformes түрлері (осы отрядқа жататын құстардың 57%-ы) жел электр стансаларына жиі соқтығысатыны байқалған. Елі­мізде жыртқыш құстар, оның ішінде қырандар саны көп. Мәселен, қарақұс бүркіт (Aquila heliaca), дала қыраны (Aquila nipalensis) сияқты ірі түрлер ұя салады, олар дүниежүзілік популяциясының 50%-дан астамын құрайды. Сібірде ұя салатын шаңқылдақ қыранның (Aquila clanga) дүниежүзілік попу­ляциясының 50%-дан астамы да еліміз арқылы қоныс аударады. Бұл түрлердің барлығы ЖЭС-ке соқтығысып қалады екен.

Рас, қазір елімізде бұл мә­селе аса күрделі, шиеленіскен жағ­дайда емес. Өйткені жел энер­гиясы елдің энергетикалық балансының тек 2%-ын құрайды. Алайда мамандар бұл жағдай тез өзгеруі мүмкін дейді. Себебі соңғы 8 жылда елімізде жел энергиясын өндіру жылдам өскен. 2014 жылғы 0,01 ТВт сағаттан 2022 жылы 2,28 ТВт сағатқа дейін жетіпті. Жел энергиясын өндіруді еш қиындықсыз тағы 10 жыл ішін­де ауқымды түрде ұлғайту мүм­кіндігі бар дейді энергетиктер.

Ал бұл қырандар популяция­сын апатты жағдайға әкелуі мүм­кін. Өйткені жоғарыда айтыл­ғандай, желден энергия алатын аймақтар – қыран құстардың ең тығыз ұя салатын аумағы немесе көші-қон дәліздерімен сәйкес келеді. Осыған байланысты елі­міздің заңнамасында «Қызыл кітапқа» енгізілген құстардың ұя салатын жері мен қоныс аударатын дәлізіне қауіпті нысандарды салуға тыйы­м салатын ережелер, кедергілерден қорғайтын талаптар жоқ. Осылайша, елімізде жел энергетикасы қарқынды да­мыған сайын қырандар мен жыртқыш құстардың басқа да көп­теген түрі жойылуы мүмкін. Қазірдің өзінде (күзгі) жылы жаққа қай­татын кезінде миллионға жу­ық жыртқыш құс пен 32,3 мың­нан 40,6 мыңға дейін үш түрлі қырандарға (дала қыраны, қа­рақұс, шаңқылдақ қыран) ұшатын Қа­ратау жотасындағы Жаңатас ЖЭС-і қатерлі асудың бірі болып отыр. Қаратау ЖЭС-мен қатар, Шығыс Қазақстан облысында Жаңғызтөбе маңындағы ЖЭС бар. Ол Сібір қырандарына қауіп төндіретін нысан саналады. Бұл біз тілге тиек еткен екі-ақ нысан. Басқа алдағы уақытта салынатын, қазір жұмыс істеп тұрған ЖЭС-тің биоалуантүрлілікке әсері толық зерттелген жоқ. Мысалы, Еу­ропа елдерінде құстардың көші-қон дәліздеріне ЖЭС салу­ға шектеу қойылады екен. Ел­дегі биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының мамандары, бұл мәселе біздің елде де зерттелуі қажет дейді.

Қорыта айтқанда, газ, көмір, су, жел, күн, жанартау қатарлы әртүрлі энергия көзін пайда­ланатын елдер ең алдымен қауіп­сіздікті көздейді. Оның ішінде жан-жануарлар әлемін ұмыт қалдыруға болмайды. Жануарлар әлемі – тір­шіліктің ажырамас бөлігі. Бұл тұрғыда жел энергети­касы қон­дырғыларының техно­логия­сын жетілдіру арқылы оның тиімділігін арттыруға болады.