Рухани келісім күні қарсаңында Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияның симфониялық оркестрі «Астана Опера» сахнасында «Рухани келісім туралы сөз» атты концерттік бағдарлама ұсынды.
Еске салсақ, Рухани келісім күні елімізде отыз жылдан астам уақыттан бері атап өтіледі. Мәдени кеш басында осы бірлік пен толеранттық мерекесінің идея авторы, композитор, «Мәдениет арқылы бейбітшілік» халықаралық қауымдастығының президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Төлеген Мұхамеджанов құттықтау сөзін арнады.
Аталған кеш елорданың көне ұжымына айналған оркестрдің құрылғанына 25 жыл толуына орай өтті. Концерттің дирижері – филармония оркестрінің көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдин.
Концерт шымылдығын атақты италиялық композитор Джулио Каччинидің «Ave Maria» атты шығармасы ашты. Вокалдық партияны «Астана Опера» солисі Лейла Аламанова орындады.
Ал ұлттық музыканы Төлеген Мұхамеджановтың шығармалары таныстырды. «Туған жер» аспаптық композициясын Мәдениет саласының үздігі Айымгүл Бекбаева (домбыра) мен Ботагөз Тәшімова (қобыз) шебер орындады. Ал «Адажио» шығармасында симфониялық оркестр мен скрипка солисті Салтанат Орынбаева автордың терең бейнесін және орындау шеберлігін жоғары деңгейде көрсетті.
Кеш барысында филармония оркестрі романтикалық дәуірдің белгілі француз композиторы Жорж Бизенің №1 До мажор симфониясын орындады. Бизенің оркестрлік музыкадағы шеберлігін дәлелдейтін айтулы шығарманы «Жасөспірім симфониясы» деп те атайды. Тарихтан сыр шертсек, симфония 1855 жылы болашақ әйгілі композитор Жорж Бизе Париж консерваториясында Шарль Гуно курсында оқып жүргенде, яғни 17 жасында жазылған. Кейін «Жасөспірім симфониясы» белгілі бір себептермен жоғалып, тіпті композитордың өмірбаяншылары да автордың мұндай шығармасының барын білмеген. Партитураны 1933 жылы музыка зерттеушісі Жан Шантавуан консерваторияның архивінен тапқан. Сөйтіп 1935 жылы – арада 80 жыл өткен соң, симфония алғаш рет Базельде Феликс Вайнгартнердің басқаруымен оркестрде алғаш рет орындалды. Әлқисса.
Сондай-ақ кеш барысында оркестрдің Николай Римский-Корсаковтың «Шехеразада» симфониялық сюитасы көрерменнің ерекше ықыласына бөленді. Айта кетейік, сюита төрт бөліктен тұрады: олар ортақ көркемдік ойды, ертегілік сипат пен музыкалық бейнелерді біріктіреді. Мәселен, алғашқы бөлігі – «Теңіз. Синдбад кемесі». Мұнда екі қарама-қайшы тақырып қозғалады. Біріншісі – жезді және ішекті аспаптарда ойнайтын сұлтан Шахриярдың салтанатты әрі қаһарлы тақырыбы. Екіншісі – Шехеразаданың тақырыбы – арфаның сүйемелдеуімен скрипка солистінің орындауындағы жұмсақ әуен шығыс өрнегіне ұқсайды.
Сюитаның екінші бөлігі – «Календар-ханзада туралы хикая» Шехеразада тақырыбынан басталады. Кейін ол әңгімелеуді жаңа әңгімешіге беріп, ертегі ішіндегі ертегі басталады. Ал үшінші бөлігі «Ханзада мен ханшайым» – шығарманың лирикалық орталығы. Мұнда біз ханзаданың тақырыбын естиміз – бұл скрипкалардағы бірқалыпты әуен, ал ханшайымның би әуеніндегі жеңіл әрі қозғалысты тақырыбы кларнеттің орындауында беріледі. Төртінші бөлігі – «Бағдаттағы мереке» – сюитаның барлық тақырыптарын біріктіретін ауқымды финалы, барлық кейіпкерлерді мерекеге жинағандай әсер қалдырады.
Абзал Мұхитдиннің шебер басшылығымен симфониялық оркестр Римский-Корсаковтың эмоциялар палитрасын толық жеткізіп, көрермендердің көңілінен шыққаны ду-ду соғылған қошеметтен-ақ аңғарылды.
Музыкалық кеш Рухани келісім күні идеясының толық мәнін көрсете алды. Бағдарламада да түрлі шығармалар таңдалып, шебер орындалды. Еліміз әрдайым өркениеттер тоғысында, Шығыс пен Батыстың діндері мен мәдениеттерінің диалог алаңы болған. Осы дәстүрлердің мұрасы ретінде рухани, адамгершілік, төзімділік және өзара түсіністік қалыптасты, олар бүгінде еліміздің тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі болып қалары сөзсіз.