Кеше Ұлттық музейде Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың қатысуымен «Ұлттық мүдде» диалог алаңының кезекті отырысы өтті. Онда зиялы қауым өкілдері мен сарапшылар рухани-адамгершілік құндылықтар мен дәстүрлер сабақтастығын сақтай отырып, жас буынды патриоттық рухта тәрбиелеудің басым бағыттарын талқылады.
Сенат спикері өз сөзінде қазіргідей жаңа сын-қатерлер мен үрдістер кезеңінде ұлттық құндылықтарды дәріптеу мен патриотизмді нығайту маңызды міндет екенін атап өтті. Сондай-ақ ол отаншылдық ұлттық бірегейлікті сақтаудың басты шарты саналатын ауқымды ұғым екенін тілге тиек етіп, осы бағыттағы идеологиялық жұмысқа басымдық берілетінін айтты.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында ұлттың жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылықтар кешенін жариялады. Солардың ең алғашқысы – тәуелсіздік және отаншылдық құндылықтары. Мемлекет басшысы атап өткендей, әр азамат Отанға деген сүйіспеншілігін сөзбен ғана емес, нақты іспен көрсетуі қажет. Бұл ретте өзгеге қолұшын созу, белсенді азаматтық ұстаным, өз ортаңды жақсартуға ұмтылу сияқты игі істердің бәрі отаншылдықтың көрінісі екені белгілі. Патриотизмнің тағы бір шарты – тарихқа құрмет және болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікті сезіну. Осы орайда аталған құндылықты дұрыс мазмұнмен байытудың маңызы зор. Отаншылдық жасампаздық пен жарасымның кепілі болуға тиіс, – деді М.Әшімбаев.
Сонымен қатар Сенат төрағасы бұл міндетті сапалы әрі кешенді іске асыру жолында негізінен зиялы қауым өкілдеріне, сала мамандарына және креативті жастарға үлкен жауапкершілік жүктелетінін айтты. Патриотизмнің қалыптасуына және оның санада берік орнығуына білім беру, ағарту, медиа салаларының да ықпалы зор. М.Әшімбаев осы бағыттағы тың бастамаларға және мәдениет пен өнерді дамытуға арналған істерге қолдау көрсетудің маңызды екеніне назар аударды.
– Тәуелсіздігімізді сақтау және жетістіктерімізді еселеу – мемлекет пен жауапты, патриот азаматтардың бірлескен күш-жігерінің арқасында іске асырылатын маңызды міндет. Шын мәнінде, бұл бағытта бірлесіп атқаратын ауқымды жұмыс аз емес. Сондықтан бүгін айтылған барлық ұсыныс палатаның жұмысында назарға алынады және тиісті мемлекеттік органдарға жолданады, – деді ол.
«Ұлттық мүдде» диалог алаңында сенаторлармен бірге бірқатар сарапшы пікірін ортаға салды. Солардың бірі – жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Роза Мұқанова. Ол ұлт мүддесіне зиялы қауымның ықпалын күшейтудің жаңа тәсілдерін қарастыруды алға тартты.
– Бүгінде әлеуметтік желілерде жастар арасындағы қарым-қатынастың, тұлғаларға деген көзқарастың басқаша белең алып бара жатқаны байқалады. Мұнымен күресу үшін зиялы қауым бас көтеруі керек деп ойлаймын. Шоқпыттың ұлы Сұлтанмахмұтқа «Мен өмірге кедейдің көзімен қараймын, сен жастықтың көзімен қарайсың» деп айтатын сөзі бар. Сол сияқты кеңес дәуірінде жасаған үлкен толқынның жандүниесінде үлкен қатерден үрейленуден қалған мінез бар. Ал тәуелсіздік жылдарында өскен жас буында еркіндік бар екені сөзсіз. Осы тұрғыдан алғанда көп нәрсені екшеп алуымыз керек. Меніңше, біз отаншыл рухты көтеруді мектеп қабырғасынан бастауымыз керек. Бұл үшін зиялы қауым өкілдерінің, әсіресе ғылымда жүрген тұлғалардың мектеппен қарым-қатынасын жолға қою керек. Тіпті, әр мектепке бір тұлғаны бекітіп қоюға да болар еді. Мысалы, осы елордадағы мектепте ұйымдастырылған жазушылардың оқушылармен кездесуі оларға ерекше әсер етті: суретке түсті, қолтаңба алды, дидарласты, пікірлесті. Енді осындай кездесулерді ауыл-аймақтарда, елді мекендерде өткізу керек. Отаншылдық балалық шақтан басталады. Бұл ретте балалар тақырыбын жазатын ақын-жазушыларымыздың азайып кеткені – өзекті мәселе. Мектептің психологиясын білмейтін жазушы не жаза алады? Сондықтан қалам ұстаған азаматтар балалармен жақын болуы керек, – деді Р.Мұқанова.
Одан соң белгілі қоғам қайраткері, Ұлттық музейдің басшысы Берік Әбдіғалиұлы да сөз алып, бүгінгі таңдағы отаншылдықтың үлкен тұғыры тарихи сана екенін айтты.
– Тарихи сананы қалыптастыру өте маңызды. Осы орайда біздің тарихымызға тұтастық жетіспейді. Тарихи сананың әлі қалыптаса қоймағаны көптеген мәселеден байқалып жатады. Бұған мысал ретін бір-бірімен байланыспайтын кезеңдерді, ру-тайпалар арасындағы тарихи бәсекелестікті, көршілермен қатысты тарихи деректің үйлеспеуі сияқты жайттарды айтуға болады. Қазір әлеуметтік желілер әркімнің өзіне ыңғайлы бұрмаланған тарихты насихаттауына тиімді құрал болып отыр. Сондықтан тарихты қалыптастыруда жаңа әдістер керек. Тарих – ұлттың өзін сақтайтын иммунитеті. Тоғызыншы территорияны қалай сақтап қалдық, міне, осыны шынайы зерделеу жас буынның бойына отаншылдық дәнін егеді. Тарихи сананы қалыптастыруда музейдің де орны ерекше. Ұлттық, орталық музейлерде көптеген жәдігер баршылық. Бірақ біз шалғайдағы музейлердің ахуалына мән беруіміз керек, онда мамандар, экспонаттар жетіспейді. Өңірлердегі музейлерде кеңес заманының сарқыншағы әлі де байқалады. Кейбір музейлер тіптен жабылып та қалып жатыр. Сонымен қатар бүгінгі таңда хандарымыз дұрыс дәріптелмей келеді. Қазақ хандығының құрылуынан әрі қарай барып, Жошы ханның тарихи бейнесін ашудағы еңбектердің маңызы зор. Сол сияқты Тәуекел хан, Есім хан, Хақназар хан, Жәңгір хан, Кенесары хан сияқты елді біріктіруге күш салған қаншама мықты хандарымыз бар. Осыларды да дұрыс насихаттай білуіміз керек. Бұл да – отаншылдыққа бастайтын қадам, – деді Ұлттық музей басшысы.
Ал отаншылдық ұғымы жөнінде ой тарқатқан академик, «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры Дихан Қамзабекұлы бірқатар ұсынысын атап өтті.
– Отаншылдық деген ұғым бізге қашан келді? Алаш зиялылары кезінде бұл ұғымға қандай мағына берді? Осыған тоқталып өткеніміз жөн. Өйткені Алаш зиялыларында отаншылдық деген ұғым болмады. Ол заманда араб ұғымдары мен өзіміздің ұлттық ұғымдардың арасы ажыратылып, нақтыланып жатқан кезең еді. Бұл шақта ең негізгі қолданыста елшіл ұғымы болды. Елшіл деген бүгінгі кезеңге де сәйкес келеді. Бірақ біз отаншыл деген ұғымды да терістемейміз. Әр кезеңде мағынасына қарай терминология байытылып отырады. Бірақ сол заманда Отанға қатысты ой айтқан азаматтар да бар. Мысалы, Алаштың қазиы Ғұмар Қараш отаншыл болу, отан туралы ойлау қызмет басындағы адамдардың немесе белгілі тұлғалардың ғана міндеті емес екенін, жай адам да отаншыл бола алатынын айтқан. Еуропада патриотизм деген ұғым қозғалыстар, өзгерістер кезеңінде бой көтереді де, консервативтік көзқарасқа айналады. Бізде отаншыл, елшіл ұғымдары жаугершілік заманға тән. «Бабалар сөзін» қарасаңыздар, қаһармандық жырлардың бәрі елді қорғау, халықтың рухын көтеру идеясына топтасқан. Қазір ғылым патриотизмді соқыр патриотизм мен сындарлы патриотизм деп екіге бөліп қарастырады. Соқыр патриотизмді жиі көріп жүрміз. Құр кеуде қаққаннан ештеңе шықпайды. Ал бізге білім-ғылыммен, парасатпен, өнермен байланысты сындарлы отаншылдық керек. Әрбір нәрсенің қалай шешімін табудан да отаншылдық көрінеді. Мысалы, қазақ тілінің аясын кеңейтуге қатысты бірнеше тетік бар. Біріншісі, кейбір ата-аналар әлі күнге дейін балаларын орысша мектепке беруге мүдделі. Мұның бір себебі – өзі қазақша білмейтін ата-ана баласының сабағына қараса алмайды. Бұл ретте финдер сияқты оқушыға үй тапсырмасын бермей, барлығын мектепте орындайтындай жасауға болады. Екіншісі, ЖОО-ларды мемлекеттік тілдегі оқулықпен қамтудың үлесі – 10 пайыз ғана. Ғалымдар профессор атағын алатын кезде мемлекеттік тілде оқулық жазуы керек деген талап қойылса, қаншама оқулық дайындалатын еді. Сонда ондаған жылдар ішінде 10 пайыз көрсеткішті 30-40 пайызға көтеріп алу мүмкіндігі бар. Отаншылдық осындай мәселелерді шешуден көрінеді, – деді Д.Қамзабекұлы.
Сонымен қатар алқалы басқосуда Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» республикалық ұлттық-ғылыми практикалық орталығының бас директоры Мақпал Жұмабай, «Оскар» байқауында International Feature Film аталымы бойынша Қазақстанның атынан ұсынылатын «Бауырына салу» фильмінің режиссері Асхат Кучинчереков, тағы басқа сарапшылар сөз сөйлеп, өз пікірін білдірді.