Жақында «Мaker» машина жасау зауыты «АРІ Q1» халықаралық сапа сертификатын иеленді. Бұл сертификат кәсіпорынның мұнай-газ индустриясының заманауи әлемдік талаптарына сәйкес келетінін, өнімнің жоғары сапасын қамтамасыз ететінін растайды.
Осыдан үш жыл бұрын Қарағанды зауыты «API Q1» талаптарына сәйкес келетін сапа менеджменті жүйесін әзірлеуді бастаған еді. API – «American Petroleum Institute», америкалық мұнай институты дегенді білдіреді. Бұл – АҚШ-тағы мұнай-газ саласына қатысты мәселелерді зерттейтін, реттейтін ең ірі үкіметтік емес ұйым. Сертификат барлық сынақ пен тексерістен сәтті өткеннен кейін берілді.
«Мaker» ЖШС басқарма төрағасы Жәнібек Байғабелов сертификат алуға «NCOC» компаниясының көмегі көп болды дейді.
– Бір кездері мұндай сертификатты иелену мүмкін емес сияқты көрінетін. «NCOC» компаниясының арқасында қол жеткіздік. Қарағанды облысы – бірлескен өндіріске басқа да кәсіпорындарды тарта алатын үлкен өнеркәсіптік аймақ. Аймағымызда үлкен мүмкіндіктер ашылып жатыр. Еліміз сатып алатын мұнай-газ жабдығының көлемі 1,4 трлн теңгеге бағаланады. Бұл – материалдар мен қосалқы бөлшектер өндірісін оқшаулаудағы өте үлкен үлес, – деді Жәнібек Байғабелов.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өңірімізде мұндай әлемдік сертификатты иеленген екі іргелі өндіріс ошағы барын айтып, зауыт қызметкерлерін жаңа жетістікпен құттықтады.
– Бұл сертификат диплом іспетті. Мұнда зауыттың барлық қызметкерінің орасан зор еңбегі бар. Құжат халықаралық деңгейге шығуға зор мүмкіндік береді. 100-ден астам ел АРІ сертификатының тиімділігін мойындайды. Біздің облыста осындай сертификаты бар екінші кәсіпорын пайда болып отыр. Оны бірінші болып Теміртаудағы «КазАрматура» компаниясы алған еді, – деді аймақ басшысы Ермағанбет Қабдулаұлы.
Жаңа сертификат KLMZ-де мұнай-газ жабдықтарының номенклатурасын кеңейтуге серпін бермек. Қарағанды зауытының басты әлеуетті тапсырыс берушілерінің бірі – «NCOC» компаниясы. Осылайша, кәсіпорын Қашаған кен орнын игеріп, еліміздегі ең ірі мұнай компанияларының үштігіне кірді.
Зауыт негізінен тау-кен, металлургия саласына қажетті жабдықтарды өндіреді. Көмір таситын вагонеткалар, шахта түбіндегі суды соратын насос түрлерін, жүздеген тонна топырақты ұстап тұратын анкерлік бекітпе, кеніштердегі ауыр техниканың бөлшектері, заулаған пойыздардың тежегіштері сынды мыңдаған бұйым жасалады. Барлығы 12 мың түрлі өнім бар. Өнімі ішкі нарыққа да, шетелге де бағытталған.
Зауыт қарамағына Қарағандыдан тыс, Балқаш, Жезқазған қалаларында кәсіпорындар берілген. Үш қалада 2 мыңға жуық адам еңбек етеді. Металлургия мен тау-кен саласынан бөлек, зауыт жаңа бағыттарды да игеруге күш салып отыр. Кейінірек мұнай-газ саласына қызығушылығы артқан компания алғаш «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ-ның құны 1,2 млрд теңгені құрайтын тапсырысын жеңіп алғаны мәлім. Әрине, мұның бәрі жұмысты жүйелі ұйымдастырып, оларды ынталандырып отырған басшылықтың біліктілігі дер едік.
«Maker» кәсіпорнында еліміздегі СББ станоктардың ең ауқымды паркі бар. Кәсіпорын озық технологияларды, құралдарды, виртуалды ортада өңдеуді толық модельдей алатын деңгейде компьютерленген. Конструкторлық-технологиялық өнімдерді пайдаланып, механикалық өңдеудің кең ауқымын қамтитын әмбебап үлгідегі импорт алмастыратын ірі машина жасайды.
– Зауыт өңдеудің барлық кезеңдерінде «Renishaw» датчиктерін пайдаланып, станокта бөлшектерді өлшеп, импорттық кескіш құралды қолдана отырып, жоғары жылдамдықты, жоғары дәлдікті өңдеуді қолданады. «Siemens NX», «Teamcenter» бағдарламалық өнімдері базасында өндірісті конструкторлық және технологиялық дайындаудың бірыңғай жүйесін, құрал ұзындығын анықтау мақсатында «Zollerd» өлшеу машинасын пайдаланады. Кәсіпорында металдың барлық түрі өңделеді. Көпшілікке «ҚДБ-Лизинг» бағдарламасымен сатып алынған бірегей станоктар қызықты болды. Өңірдің басқа да машина жасаушыларымен бірге тиімділікті арттырып, сапалы өнім шығарамыз. Күні кеше қол жеткізген сертификат кәсіпорын келешегінің кемелдігін растайды, – дейді іргелі кәсіпорын басшысы.
Қарағанды облысы