• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қаржы 23 Қазан, 2024

Бес картасы бар адамдар бақыланады

186 рет
көрсетілді

Бұдан былай меншігінде екінші деңгейлі банктердің 5 картасы бар азаматтар бақылауға алынады. «Астана» халықаралық қаржы орталығында (АХҚО) тіркелмеген биржаларға төлем жасайтын болса, осы карталар арқылы жүргізілген операциялар тексеріледі. Бұл туралы «Ашық НҚА» порталы талқылауға шығарылған құжатта жазылған.

Шарт қатаңдап, шектеу күшейеді

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктерді (ҚНРДА) АХҚО-да тіркелмеген цифр­лық биржаларға төлем жасау­дан, ақша аударудан автомат­ты түрде бас тартуға міндет­теп отыр. Осы талаптың нәтиже­сін­де есірткі мен цифрлық актив­тер­дің заңсыз айналымына, банк өнімдерін пайдалану тәуеке­ліне тосқауыл қойылмақ. Сөйтіп, банктер есірткінің заңсыз өн­дірілуі, айналымы мен транзиті, АХҚО қатысушысы емес қол­дану­шылар, электронды казино мен интернет-казино пайдасына төлем жүргізуден бас тартады. Сондай-ақ 21 жасқа толмаған жеке тұлғалардың ойын бизнесін ұйымдастырушыларға пайда әкелетін ақша аударымдарын жүргізуден аулақ болады.

Цифрлық активтер биржа­лары­ның пайдасына төлем жүр­гізудің де жолы кесіледі. Сонымен қатар екінші деңгейлі банктер бір клиентке 5 картадан артық картамен төлем операция­­ларын жүргізуге тыйым салмақ. Ли­мит айына 100 мың теңгеге дейін 3 тө­лем­нен аспауы керек.

– Банк еліміздің бейрезидент­тері – аталған банк шығарған төлем карточкаларын ұстаушы­лар, есірткілердің заңсыз өн­дірілуі, айналымы, транзиті негізінде кірісті жылыс­тату, тер­роризмді қаржылан­дыру тәуе­келі жоғары елдердің рези­дент­теріне кіретін клиенттердің, елде болу негізділігін растайтын құ­жат­тарды (еңбек шартын, оқу шартын, елде шетел азаматының тұру ықтиярхаты мен басқа да құжаттарды) тексереді, – деп жазылған құжатта.

Демек тексеріс барысында бестен көп төлем картасы бар клиенттен қандай да бір күдікті операциялар анықталса, банк қаражаттың шығу көзіне тексеріс жүргізуге міндетті. Оған қоса, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға, терро­ризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнаманың талаптарында белгіленген шараларды ұстануы қажет. Мұндайда күдікті операциялар туралы қаржылық мониторинг жөніндегі уәкілетті органға ақпарат жіберіледі.

 

Алаяқтар алған несие кешіріледі

Биыл елімізде фишинг ша­б­уыл­дарының саны 7,5 есе арт­қан. Қанша адамды өздері рә­сім­деген онлайн несие орға жығып, несібесінен айырды. Енді олай болмайды. Азаматтар­дың атына алаяқтық жолмен рәсім­делген несие есептен шыға­рылады. ҚНРДА басшысы Мадина Әбілқасымованың айтуынша, есептен шығару тек сот шешімімен жүзеге асырылады.

– Қазір біз алаяқтық жолмен рәсімделген несиелерді есептен шығару мәселесін қарастырып жатырмыз. Азаматтар онлайн несие рәсімдеуге «eGov» порталы арқылы тыйым сала алады. Бүгінде 700 мыңға жуық азамат ерікті түрде онлайн несие рәсімдеуге тыйым салды. Осы тыйымға қара­мастан, азаматтардың атына несие рәсімделген болса, сот ше­шімімен мұндай несиелер мін­детті түрде есептен шыға­ры­лады. Алаяқтар рәсімдеген онлайн-несие­лерді есептен шығаруға қа­тысты крите­рий­лерді кеңейтіп, азаматтары­мыздың құқын қорғау мәселесін пысықтап жатырмыз, – деді агенттік төрағасы.

Биыл маусымнан бастап, биометриялық деректер ұсынуға қатысты талаптар да күшейтілген. Сонымен қатар онлайн несие беруге қатысты екі факторлы ауден­тификация жүргізіліп жүр. Алаяқтардың несие рәсімдеуі сонда да тоқтар емес. Сол себепті агенттік алаяқтар рәсімдейтін онлайн несиелерге қатысты критерийлерді бекітіп жатыр.