Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен бір топ азаматтар мемлекеттік наградалармен марапатталды. Түрлі сала өкілдері арасында құқық қорғау органдарының қызметкерлері және әскери қызметшілер де бар, деп жазады Egemen.kz.
Ақорданың баспасөз қызметінен мәлім етілгендей, әскери және қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде, елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін нығайту кезінде көрсеткен ерлігі үшін әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдары өкілдерінің бір тобы І және ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, ІІ және ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, «Ерлігі үшін» және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды.
Атап айтқанда, суға батып бара жатқан адамды құтқарғаны үшін Р.Қошқарбаев атындағы ІІІ дәрежелі «Айбын» орденін Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының аға жауынгері Ж.Пермабек алды.
«Ерлігі үшін» медалімен Павлодар облысы полициясының учаскелік аға инспекторы Е.Қойкен, Ақтөбе қаласының полиция инспекторы Ф.Нұрманов, Талдықорған қаласының полиция инспекторы С.Серікқалиұлы, жасөспірімді өрттен құтқарғаны үшін Атырау қаласы полициясының учаскелік инспекторы Д.Қорғанбаев наградталды.