Республика күні қарсаңында Мұғалжар ауданы Ақкемер ауылдық округіне қарасты Жарық ауылы магистральды газ құбырына қосылды. Екі жыл бұрын басталған газ тарту жұмыстарын «A.T.E-ЖОЛ» ЖШС-і аяқтады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қазіргі кезде елді мекендегі 104 үй мен 3 әлеуметтік нысан ауылішілік газ құбырымен жалғасты. Осы ауылдың байырғы тұрғыны Марат Мысқалиевтың айтуынша, осы кезге дейін қыс айларында әрбір үй 5-6 тонна көмір жағып келген. Сонда әр отбасы жылыту маусымында тамызық пен көмір сатып алуға 300 мың теңгеден астам қаржы жұмсайды екен. Енді көгілдір отынның төлемақысы одан бірнеше есе арзанға түседі.
Осы жылы Ақтөбе облысында тұрғындар саны 500-ден асатын елді мекендерге газ құбыры тартылып жатыр. Бүгінгі күні Мұғалжар ауданы тұрғындарының 96,4%-ы көгілдір отынға қол жеткізді.