Дүниежүзінің 132 елін аралап, олардың тарихи орындарын, ұлттық құндылықтарын, ұлы адамдарының өмірін, сәулет өнері ескерткіштерін, флорасы мен фаунасына дейін тәптіштеп жазу әркімнің қолынан келе бермейді. Жиһанкезден ерен төзімділікті, байқағыштықты, асқан білімділікті талап етеді.
Алматы облысы Жамбыл ауданы Қарғалы ауылының тумасы, бүгінде әлемге жиһанкездігімен аты мәшһүр Исламжан Әбдіқадіровтің бойынан осы қасиеттің барлығы байқалады. Әлемнің түкпір-түкпіріне жасаған түрлі жиһангерлік сапары қилы оқиғаларға толы. Барған елінде пілмен де, түйемен де, рихшамен де сейілдеп, улы жыландармен арбасып, ұзындығы 7-8 метрлік анакондалармен арпалысып, арыстан, жолбарыстың да «тілін табады». Тіпті маймылдардың мазағына ұшырап, мүйізтұмсықтардың қатерінен зорға аман қалып, қолтырауынның шамына тиіп, керіктің ұзын мойнын, саусақтарын жазса неше қарыс шығатынын өлшеген хикаясын айтқанда таң-тамаша боласың.
Исламжанның әкесі Әбдіқадір аумалы-төкпелі 1920 жылдары бірнеше елде сапарда болып, сонда көрген-баққанын ұлдары Иминжан, Исмайылжан, Исламжандарға айтып, зердесіне құйған екен. Өзі Бұхарада діни медреседе оқып, үздік тәмамдапты. Заманның тепкісін көріп, қудалауға ұшыраса да тайсалмай, өзінің кіндік қаны тамған Қарғалысына келіп, Сәт болыс салдырған мешітте имамдық қызмет атқарады. Жыр алыбы Жамбыл да осы мешітке жиі келеді екен. Өйткені Жамбыл ауданындағы жалғыз мешіт осы ғана. Жыраудың Әбдіқадірге деген көңілі өте жақсы болған. Өз ағайынындай көріп жақын тартқан. «Дін – апиын» заманында жоғары орындарға айтып жүріп имамды аман алып қалған Жәкең дүние саларының алдында: «Менің жаназамды Әбдіқадір шығарсын!» деп өсиет етіпті. Жамбыл ақынның жаназасын оқыған Әбдіқадір имамның соңынан «дін – апиын» деген шідері қалмайды. Басы тағы дауға ілігіп, мешіттен қуылады. Ауыр да азапты күндерді өткере жүріп, «Қарғалы шұға» комбинатына қатардағы жұмысшы болып орналасады.
Әкенің тағдыры, сан қыспақты көрген ғұмыры Исламжанға өмірді басқаша бағалауға үйретті. Мектептен кейін қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетіне оқуға түседі. Жас маман әке жолымен Қарғалыдағы шұға комбинатына заңгер болып еңбек жолын бастайды. Бұл жерде талай күрмеуі қиын күрделі мәселелердің заңдық тұрғыдан шешілуіне мұрындық болады. Айталық, 90-жылдары комбинат есебінен жұмысшыларға, қызметкерлерге жеке тұрғын үй салып беруге ықпал етеді. Бұл заң өзге облыстарда кең етек жайғанын құжаттар арқылы дәлелдейді. Сөйтіп, көптеген жұмысшылар мен қызметкерлер жеке үй салып алады. Үкімет тарапынан тексеруге келгендер ешқандай кілтипан таппайды.
Кеңес одағы тараған соң асфальт-бетон зауытына ауысып, Германиядан жаңа жабдықтар әкеп беруге мұрындық болып, ұжымның алғысына бөленеді. Бірнеше жыл Германияның компаниясында да қызмет етіп, қазақ-неміс байланысының ұйытқысы болады. Дүниежүзіне саяхаттаған жиһанкезді бүгінде туризм саласының елімізде кенжелеп тұрғаны қатты алаңдатады. Өйткені біраз елді көріп келді. Кейбір елдердің тек туризмнен түскен табыспен күн көретінін де ой таразысында саралады. «Бізде туристерге көрсететін көркем жерлер жетіп артылады. Бір анық нәрсе – туризм танабына нәр бармай тусырап жатыр. Мемлекет басшысы осы саланы сынға да алған еді.
– Экономиканың маңызды саласы саналатын туризм әзірге тиімді болмай тұр. Соңғы төрт жылда ел экономикасында туризм саласы 3,7 пайыздан 3,2 пайызға азайып кетті. Бұл әлемдегі орташа көрсеткіштен үш есе төмен. Курорттық аймақтағы орын саны төмендеп кеткен. Алакөл демалыс аймағы мен Алматы тау кластері көш соңында келеді. Алакөлдегі қонақүйлер мен туристік базалар саны 24-ке, ал Алматыда 16-ға қысқарған. Не істеу керек? Жиһанкез саяхатшы ретінде елімізде көзге ұрып тұрған кемшіліктерді жіпке тізіп берейін. Ең әуелі, осы саланы туризм жөніндегі халықаралық қағидаттарды жетік білетін маман басқаруы қажет. Екінші, көлік инфрақұрылымын жақсарту қажет: пойыздар іші жазда қапырық, қыста үскірік, кондиционер дұрыс істемейді, тазалық та көңіл көншітпейді, вагондары ескі, халықаралық стандартқа сай емес. Үшіншіден, автомобиль жолдары туристерді мезі етеді. Жолда дәретхана жоқ. Бар болғанның өзінде кіру қиын, іші лас, тазаланбайды. Мәселен, «Астана – Алматы» бағытындағы жол 2021 жылдан бері созылып, әлі бітер түрі жоқ. Төртіншіден, туристер көп баратын Бурабай, Түркістан, Алматы, Астанада қонақүйлер мен тамақ бағасы аспандап тұр. Мұны қатардағы қарапайым жандардың қалтасы көтермейді. Мен барған елімнің қымбат қонақүйіне түспей, қарапайым ғана, халқы көп орналасқан, базары көп, жай халықпен емен-жарқын сөйлесе алатын жерлерді таңдаймын. Олар саған көп қызықты жайлар мен деректерді бір-бірімен жарыса отырып айтып береді. Қалаған жеріңе апаруға дайын тұрады. Көп жұрт біле бермейтін ескі ескерткіштерді де еске салуды ұмытпайды», дейді Исламжан Әбдіқадірұлы.
Туризм жөнінде саяхатшының айтары таусылмайды. Өзі туып-өскен Қарғалыдағы бұрынғы шұға комбинатының орнына, «көп түкірсе – көл» деп ұйымдасып, туристік база салуды армандайды. Қарғалының сұлу табиғаты, асқақтаған таулардың текшесіндегі Кішісаз, Үлкенсаз жайлаулары атпен сейіл құруға өте қолайлы. Таудың арғы бетінде қырғыз ағайындардың тұмса табиғаты да көздің жауын алардай қызықтырады.
Исламжанның Алматыдағы үйінің барлық бөлмелері шетелден әкелген сыйлықтарға толы. Кіреберісінің өзін бір музей деуге болады. Әр елдің өнер туындылары жайлы жазылған еңбектері жетерлік. Олар жайында жазылған бейне кітаптарын жұрт интернеттен қызыға оқиды. Тілеулестік танытып, жылы пікірін айтып, демеп отырады.
Тұрсынбек ЕШЕНҚҰЛОВ,
журналист
Алматы облысы,
Жамбыл ауданы