Мектеп ішіндегі аядай ғана бөлме кітапқа құштар балалардан бір сәт те босамайды. Бірі ертегі оқығысы келсе, енді бірін түрлі-түсті суреті бар кітаптар қызықтырады. Оқушылардың қай-қайсысының да көңілін табуға тырысатын кітапханашылардың бір күндік жұмысы кітап үлестірумен бітпейді. Даталы күндер, конференциялар, кездесулер кестесінен бөлек, оқулықтар, әртүрлі мазмұндағы кітаптарды күтіп ұстауға қатысты шаруамен дамыл таппайды. Осындай қарбаласқа толы күндердің бірінде Алматы қаласындағы Б.Атыханұлы атындағы №36 мектеп кітапханасының меңгерушісі Ғайша Садыровамен әңгімелесіп қайтқан едік.
Еңбек жолын өткен ғасырдың 70-жылдары Алматы облысы, Райымбек ауданы Текес орта мектебінде мұғалімдіктен бастаған Ғайша Әкімқожақызы 40 жылдан бері білім саласында үздіксіз жұмыс істеп келеді. Оның отыз жылы кітапхана ісімен тығыз байланысты.
Ғайша Әкімқожақызы кітапхана қорымен, Президенттің мектеп кітапханаларының қорын жаңалау және толықтыру туралы тапсырмасына орай іске асып жатқан жұмыс барысымен таныстырды. Қазіргі кезде мектеп кітапханасының қорында 3 мыңнан астам көркем әдебиет, 29 мың оқулық бар. Дегенмен кітапхананың әдеби, танымдық, ғылыми-көпшілік бағыттағы қоры әлі де аздық етеді. Әсіресе қазақ тілді кітаптар қорын толықтыру уақыт күттірмейді.
«2022 оқу жылы қорымыз мемлекет тарапынан берілген 100 шақты кітаппен толықты. Бұл мектебіміздегі кітап оқуға құштар оқушылардың сұранысын қанағаттандыруға бағытталған қадамның бірі ғана. Қордағы кітаптар бірді-екілі данадан сақталатындықтан, қызығып сұраған кітаптарына балалар үнемі қол жеткізе бермейді. Әсіресе қазақ тіліндегі балалар әдебиеті, ертегілер мүлдем аз», дейді Ғайша Әкімқожақызы.
Мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлнар Төлекованың айтуынша, үнемі ізденісте жүретін оқушыларды пән бойынша да, сабақтан тыс материалдар көп қызықтырады. Ал олардың үдесінен шығу үшін мектеп кітапханасының жұмысында дамыл жоқ. «Меңгеруші Ғайша Әкімқожақызы мен кітапхана қызметкері Жазира Ақжолтаева күнделікті кітап қорын сақтау, оқулық тарату сияқты көзге көріне бермейтін жұмыстың бел ортасында жүріп, кішкентай оқырмандардың да көңілін таба біледі. Кітап қорының сақталуына жауап беру бар да, оқулықтармен жұмыс өз алдына бөлек мәселе. Оқулықты оқушылардан қабылдап алу, оның әр парағын түгендеп, жаңа оқу жылында келесі оқушыға табыстау – үлкен қажыр-қайратты талап етеді. Кітапхананың көпшілік біле бермейтін ішкі жұмысы мұнымен бітпейді. Меңгеруші Ғайша Әкімқожақызы зейнет жасына қарамастан, кітапхананың жұмысын жандандырып, үнемі түрлі мәдени іс-шаралардың бел ортасында жүреді. Осындай кәсіби маманнан жастардың үйренері көп. Бір әттеген-айы, жалақысы мардымсыз кітапханашы жұмысына жастарды тарту өте қиын», дейді Г.Төлекова.
«Кітапханаға бастауыш сынып оқушылары көп келеді. Олар заманауи безендірілген, жылдам оқылатын, мазмұны тартымды кітаптарға қызығатын болса, жоғары сынып оқушыларын ғылыми-көпшілік, тарихи кітаптар, көркем әдебиет көп қызықтырады. Алайда кітапханаға келіп түскен кітаптардың денін аударма әдебиеттер құрайды. Кітап оқығысы келетін балалардың төл әдебиетімізбен сусындап өскені маңызды. Биыл кітапхана қоры Б.Соқбақбаев, С.Мұратбеков, Б.Момышұлы, М.Мақатаев, тағы да басқа қаламгерлердің бірді-екілі шығармаларымен толықты. Дегенмен мұның өзі оқырмандар үшін аздық етеді. Мұнда әр кітап кем дегенде 10-15 данадан болғанда ғана оқырмандар сұранысын қанағаттандыра аламыз», дейді кітапхана меңгерушісі.
Кітапхана қорымен таныса жүріп, расымен де «Алдар көсе», «Қобыздың хикаясы», «Шежірелі жерлер», «Отырар кітапханасы», «Қорқыт ата», «Әжемнің ертегілері», «Жануарлар туралы ертегілер», «Қожанасырдың айды аспанға шығаруы», тағы басқа қазақ тіліндегі кітаптардың ескіріп кеткенін көрдік. Осы мазмұндағы тозған кітаптарға жаңаша реңк беріп, әр парағын түгендеп отыратын мамандар балалардың кітапқа қызығушылығын арттыра түсу мақсатында төл әдебиетіміздің бай қоры жасақталуға тиіс екенін алға тартады.
Оқырман қызығушылығын арттыру мақсатында мектепте bookcrossing бұрышын ұйымдастырып, балалардың үйден әкелген кітаптарымен толықтырып отыруды дәстүрлі шараға айналдырған. «Мұнда балалар кітап оқып қана қоймай, қызу пікірталасқа түсіп, кітап жайындағы әңгімелер айтуы – олардың бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік береді» дейді кітапхана меңгерушісі.
Айтса айтқандай, Ғайша Әкімқожақызы өзі жұмыс істейтін кітапхана ғана емес, басқа да білім ошақтарындағы әріптестерімен тәжірибе алмасып, семинарларға тұрақты қатысып келеді. Осы жылдардағы еңбегі еленіп, кітапхана саласының үздігі өз ісінің кәсіпқойы ретінде көптеген марапатқа ие болды. Десек те, мектеп кітапханашыларына ортақ мәселеде қордаланып, шешімін табатын жайттар жеткілікті. Қала мектептеріндегі кітапханаларда үлкен қормен жұмыс істеп жатқан кітапханашылардың қатарын көбейту мәселесі де әлі күнге шешімін таппай келеді. Қазіргі кезде кітапхана қызметкерлерін толғандырып отырған түйткілді мәселенің бірі – оқулықтармен жұмыс. Оқулықты тарату, күтуін қамтамасыз ету мен оқу жылы соңында жинап алудың машақаты көп. Сондықтан мектеп кітапханасының жұмысы оқулықпен емес, балаларды кітап оқуға, әдеби қорды дамытуға бағытталуға тиіс. Мектеп кітапханашыларының мәселесі Оқу-ағарту министрлігі назарынан тыс қалған. Бұл көптен бері кітапханашыларды толғандырып жүрген жайт. Егер де кітапханашылардың осы уәжіне мемлекет тиісті көңіл бөлетін болса, онда мектеп кітапханашыларының жалақысы да өсіп, әлеуметтік мәртебесі де артқан болар еді. Ал мектеп ұжымы мен жас оқырмандардың алғысын арқалап, қалайда оқуға құштар оқушылардың көңілінен шығуға тырысып жүрген мамандардың ісі қашанда зор құрметке лайық.
АЛМАТЫ