Жер – ана болса, Аспан – әке іспетті, бірін-бірі айналған егіз кеңістік арасы ендік пен бойлықтармен ұштасып жатса да, жер бетінің жұмбағы мен заңдылығы сонау зеңгір көктен басқарылатындай, адам баласы аспанды құдіретті санаған әдетінен әлі жаңылысқан жоқ. Күн сайын арайлап ататын таң мен кешке мұнартып бататын күннің мекені де көк аспан. Жиегі көрінбейтін шетсіз-шексіз аспанды періштелер көктеп жүреді деген сеніммен бала біткен көзі талғанша көкке қадалып, арманын аспанға қарап айтады. Аспан – еркін әлем, арман мен қиялды тоғыстырып, төңкеріліп түскен көк теңіз.
Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде ашылған Қазақстанның белгілі мүсіншісі Шоқан Төлештің «Аспан» деп атаған жеке көрмесі жаһандық деңгейде ойлаудың мысалы. Суретшінің әлемі аспан секілді шексіз, өлшеусіз. Оның туындылары көрерменін түсіністікке бастайды, махаббат пен сүйіпеншілікке баурайды. Кейде осы ғасырдағы әлемдік ауыр сынақтардың зардабын тудыратын барлық өмірлік қақтығыстарға асқан сезімталдықпен жауап береді. «Бұл бізге ортақ әлем, біздің өміріміз, бізге түскен сынақ» деген идеяны алға тартады.
Шығармашылық жолын көркем мүсін туындыларымен бастаған Ш.Төлештің бұл көрмесінде графика мен кескіндемедегі жаңа идеялары мен тың көзқарасы көрініс тапқан. Шығармаларда мақсатты түрде кейбір оқиғалар драмалық шиеленісте суреттеледі. Автор сыни көзқарасты ұстанып, өзінің жарығы мол дүниетанымымен өмір құбылыстарының жағымды жақтарын көрсетуге ұмтылады. Модернистік сарыны басым көрмеде мүсіншінің 90-нан аса мүсін, графикалық және кескіндемелік туындылары ұсынылған.
Көрме кураторы, «Қазақстанның бейнелеу өнері» бөлімінің жетекшісі Гүлнұр Жұбанова «Аспандағы» аңсардың сырын көпшілікке баяндайды:
– Оның қоладан, мәрмәрдан, ағаш пен шыныдан жасаған композицияларының мазмұнына түбегейлi өзгерiстер жасалған. Шығармалар жарқын метафора, гротеск, көпқырлылық пен бейненің символдық тереңдігіне ие. Шоқан Төлештің мүсіндік туындылары күрделі пластикалық форманы білдіреді. Олар өздерінің дәлелсіздігімен, лирикалық өткірлігімен және пластикалық өрнегінің мәнерімен қызықтырады. Мүсіншіні адам мен ол өмір сүрген ортадағы философиялық ішкі жай-күй, өткен мен болашақ әлем арасындағы әртүрлі қақтығыстар, қарама-қайшылық тақырыбы толғандырады. Автор өзінің шымыр ойын шебер қолдарымен суретке айналдырады. Суретші Төлештің шығармашылығындағы басты дүние – идея. Идеядан ол «ойластырылған» тұжырымдар жасайды: өз жұмысында қола мен қалайыны дәнекерлеусіз әдіспен біріктіріп, ерекше мүсін тудырады. Ал «Манон», «Ана мен бала», «Айлы түн», «Жалғыздық» туындыларына назар аударсақ, Шоқан Төлештің интерпретациясындағы ең қарапайым және таныс нәрсенің өзі символға дейін көтеріліп, күнделікті қарапайым мәнінен ажырап, таза өнерде жалғасады. Экспозицияда көшпелілердің ежелгі тарихына арналған, эпикалық және мәнерлі бейнелерімен ерекшеленетін «Сақ жауынгері», «Ғұн Атилла», «Томирис» сияқты туындылары бар.
Куратордың айтуынша, Ш.Төлеш қондырғылы пластикадан бөлек, монументалды саябақ мүсіні саласында да сәтті жұмыс істейді. Ол – Қазақстанның әр аймағында орнатылған бірқатар ескерткіштер мен композициялардың авторы. Шығармашылығының жаңа асуында мүсінші өз күшін көрермендермен қарым-қатынас жасаудың жаңа тәсілдерін іздеп, игеруге бағыттайды. Отбасы мен әйел тақырыбында орындалған графика мен кескіндеме тіліндегі туындылары көрерменді жан тыныштығына бөлемей қоймайды. Оның бейнелеуінде, әйел – табиғатынан отбасының қамқоршысы, ер азаматтың музасы. Жалпы, үйдегі ғана емес, қоғамдағы атмосфера да әйел қауымының хал-ахуалына тікелей байланысты. Әйел – өзінің отбасы үшін де, қоғам үшін де сүйіспеншілік пен ынталандарудың қайнар бұлағы, әрқашан қолдаушы.
Шоқан Төлештің шығармашылығы әлемнің көптеген елдерінде танымал. Швейцария, Лихтенштейн княздығында, Лондонда, Египетте, Мәскеуде өткен көрмелерге қатысқан. Шоқан Төлеш Мәскеудің «Арт-Центр» ұйымымен қоян-қолтық жұмыс істеп, танымал мәдениет қайраткері З.Церетели жетекшілік ететін Ресейдің Көркемсурет академиясының жобаларына да із салған.