• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Білім 24 Қазан, 2024

Академик атындағы аудитория

94 рет
көрсетілді

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде отандық педагогика ғылымының дамуына сүбелі үлес қосқан көрнекті ғалым Күләш Құнантайқызы атындағы дәрісхана ашылды.

Ол – еліміздегі әйелдер арасынан шыққан алғашқы педагогика ғылымдарының докторы, академик. Мазмұнды іс-шара аясында «Қазақстандағы білім саласында әйелдердің рөлі» атты тақырыпта конференция өтіп, онда ғалымның ғибратты өмірі мен ғылыми қызметі жайында баяндама оқылды.

– Бұл кісі менің ғылыми жетекшім болды. Ұзақ уақыт жанында жүріп, көп тәлім-тәрбие алдым. Біліммен сусындадым. Ғылымның қыр-сырын меңгердім. Аяулы ұста­зымның адами болмысына үне­мі тәнтімін. Бізді тек маман ретінде ғана емес, тұлға ретінде қалыптасуымызға ықпалын ти­гізді. Қазір біз сол кісі салған ізбен шәкірт тәрбиелеп жүрміз. Күләш Құнантайқызы – менің ғылымдағы анам. Бүгінге дейін қол жеткізген жетістігіме оның қосқан үлесі мол. Ардақты ғалымның ең­бегін елеп, есімін ұлықтаған университет басшылығына риза­шы­лығымды білдіремін, – деді Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универ­ситетінің про­фессоры, педагогика ғылымдарының докторы Перизат Сейітқазы.

Қа­зақ ұлттық қыздар пе­даго­ги­калық университетінің ректоры Гүлмира Қанай ғалым­­ның қазақ қыздарының жоғары білім алуына сіңірген еңбегіне тоқталды.

«Күләш Құнантайқызы Қыздар педагогикалық институ­ты­н 16 жыл басқарды. Қазақ қыз­да­ры­ның жан-жақты білім алуына, ғылыммен айналысуына ұйытқы болды. Ғалым­ның көзі тірісінде 400-ден аса оқу құралы мен оқулықтар және монографиялары жарық көрді. Күләш Құнантайқызының жетек­ші­лігімен бірнеше ғылым кандидаты мен докторлар да­йын­далды. Бүгінгі күнде де «Құнантай­қызының ғылыми мек­тебі» жас мамандар даярлау ісінде жал­ғасын тауып келеді», деді ол.

Іс-шара соңында жекеменшік медициналық орталық атынан 4 студентке 3 миллион теңге көле­мін­де Күләш Құнантайқызы атындағы грант беріліп, ұстаз еңбектері қойылған көрме ұйым­дастырылды.

 

АЛМАТЫ