Республика күніне орай Нью-Йоркте Қазақстанның Мемлекеттік туы көкте желбіреді. Салтанатты іс-шара Нью-Йорктің танымал Уолл-Стрит көшесінде өткен.
Ту көтеру рәсіміне орай алаңға Нью-Йорк мэриясы, қазақ диаспорасы, дипломаттар, студенттер, Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Тұрақты өкілдігі мен Бас консулдығы өкілдері келген. Сондай-ақ Димаштың жанкүйерлері де осы жерге жиналған.
– Бұл маңызды іс-шараға бас консулдың өзі New York Film Academy-да оқып жатқандардың барлығын шақырды. Біріміз де қалмай бардық. Мегаполистің мэрі Эрик Адамс бастаған бір топ зиялы қауым өкілі жиналыпты. Онсыз да турист ағылған Bowling Green алаңында ине шаншар жер болған жоқ. Алдымен құттықтаулар айтылды. Одан соң Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін, Құрманғазының «Адай» күйін тыңдап, тегін таратылған көк шоколадтан ауыз тидік. Айналамызда – қазақтың шапаны мен камзолын киген жігіттер мен қыздар. Көзің қуанады екен. Ал көк байрақты аспанға көтеріп әнұран ойнағанда елде жүргендей бір марқайып әрі толқып, ерекше жасап қалдық, – деп «Болашақ» бағдарламасымен АҚШ-та білім алып жатқан отандасымыз Ғани Жәпішев өз әсерімен бөлісті.
Оның айтуынша, қала мэрі Эрик Адамс жиналғандарды Республика күнімен құттықтап, екі ел арасындағы ынтымақтастықты атап өткен.
– Дәл қазір көк туымыз Манхэттан көгінде желбіреп тұр. Әдемі көрініс. Бізді ұмытпай арнайы шақырған Нью-Йорктегі еліміздің Бас консулы Рауан Тілеулин мырзаға көп рахмет! Еліміздің мақтанышы Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлері де көптеп келді. Мен де Димаштың туған өңірі Ақтөбеденмін деп едім, бас салып суретке түсті, – дейді отандасымыз.