• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Технология 25 Қазан, 2024

Мобильдік қосымшаға арналған онлайн курс әзірленді

326 рет
көрсетілді

Бүгінде Цифрлық технологиялардың көмегімен жетілдірілген онлайн курстар педагогикалық қуатты құралға айналды. Уақыт пен орын таңдамастан, кәсіби құзіреттілікті үнемі жетілдіріп отыруға мүмкіндік беретін курстарға кез келген құрылғыдан кіріп оқи беруге болады, деп жазады Egemen.kz.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің ғалымдары Қазақстанда тұңғыш рет EdApp платформасында мобильдік қосымшаға арналған «Өңір – Орта Азия: көші-қон мәселелері бойынша журналистік білім беру» атты Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан елдерінің тәжірибесіне негізделген бес тілдегі мультилингвалдық онлайн-курс әзірлеп, іске қосты. Жобаны ЮНЕСКО-ның Коммуникацияны дамыту халықаралық бағдарламасы қолдады. Мультимедиялық технология мүмкіндіктерін пайдалана отырып жасалған курс Орта Азиядағы Журналистік білім беру платформасын дамытуға елеулі үлес қосады.     

ЮНЕСКО-ның журналистік білім беру сериясының «Мигранттар мен босқындар туралы репортаждар» оқу құралына негізделген практикалық курстың құрамы БАҚ-та көші-қон мәселелерін жазудың барлық модульдері мен элементтерін қамтиды. Курс көші-қонды сауатты жазу машығын қалыптастырады, сондықтан, студенттермен бірге, осы салада қалам тербеп жүрген журналистерге де арналған. Тыңдаушылар курсты кез келген мобильдік құрылғыдан кіріп, виртуалды аниме кейіпкерлермен бірге оқып, шеберліктерін шыңдай алады. Онлайн курс ойынға, қызықты оқиғаларға негізделген тапсырмаларға, көші-қон саласындағы мысалдарға, кеңестерге толы танымдық бай материалдармен, фото, видео, график, дереккөздерге сілтемелермен толықтырылған.    

Осыдан бір жыл бұрын, курстың старттық кездесуіне Орта Азияның 42 университеті, БҰҰ, ЮНЕСКО халықаралық ұйымдарының өкілдері мен 25 медиаиндустрия өкілдері қатысып, журналистік білім беру бағдарламаларының сапасы мен қашықтан оқыту ресурстарын арттыру, журналистика оқытушыларының әлеуетін көтеру, Орта Азиядағы көші-қон мәселелерінің жазылуы мен журналистік білім беру платформасының болашағын талқылаған еді. Жобаның жұмыс тобы (филол.ғ.д. Н. Шыңғысова, филол.ғ.кандитаттары Е. Дудинова, А. Рожков, М. Негізбаева, PhD А.Скрипникова) бір жыл бойы халықаралық және ортаазиялық кейстер мен ресурстарды зерттеп, көші-қонның БАҚ-та жазылуын халықаралық стандарттамен салыстырмалы түрде сараптап, ашық білім беру ресурстарының қағидалары мен нұсқаулықтарын зерделеді. Курстар сарапшылар сынағынан сәтті өтті.

Онлайн курс іске қосылған кездесуде курсты оқып, тестен өткізген Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінің ЖОО өкілдері, журналистер мен студенттер инновациялық, инклюзивті курс туралы жағымды пікірлерін ортаға салды.  

Мультимедиа мен анимацияның көмегімен жасалған ақысыз онлайн курсты тиімді аяқтаған тыңдаушыларға сертификат беріледі.

Қазіргі таңда open.kaznu.kz платформасында журналистика саласы бойынша сегіз ЖАОК бар, соның төртеуін «МедиаТДМ» жобасының жұмыс тобы әзірлеген, бұл курстар да ЮНЕСКО-ның ресурстарына негізделген, платформаға сегіз тілге аударылған мультилингвистикалық оқу құралы да орналастырылды. Бүгінде бұл курстарды тек студенттер ғана емес, журналистер, блогерлер, баспасөз қызметінің мамандары да оқып, сертификат иемденді. АҚШ, Норвегия, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінен де тыңдаушылар  бар.

Аталған онлайн курстар Қазақстандағы ашық білім беру ұлттық платформасын дамытуға елеулі үлес қосады.

 

Назгүл Шыңғысова

Өңір – Орта Азия: көші-қон мәселелері

бойынша журналистік білім беру»

Жобасының жетекшісі

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ