• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Елорда 26 Қазан, 2024

Астанада «Sun study» балаларды дамыту орталығы ашылды

61 рет
көрсетілді

«Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып, күн болам!» деп жырлаған Сұлтанмахмұт Торайғыровтың жолын үлгі еткен «Sun study» балаларды дамыту орталығы Астана қаласында өз жұмысын бастады, деп жазады Egemen.kz.

26 қазан күні балаларды дамытуға бағытталған орталықтың ресми ашылу салтанаты өтті. Жиынға Ғылым және жоғары білім министрлігінің Комитет төрағасының орынбасары, Химия ғылымдарының докторы Ақерке Абылайхан, ҚР Ұлттық академиялық кітапхана директоры Ғазиза Құдайберген, Астана қаласындағы Музыкалық жас көрермен театрының директоры, театр режиссеры Асхат Маемиров сынды еліміздің бетке ұстар тұлғалары қатысып, лентасын қиып, ізгі тілектерімен бөлісті.

Ашылу салтанатына жиналғандарға ән мен жырдан шашу шашылып, Анвара Әрiпқызының жетекшілігімен «Гүлдер» ансамблiнiң әртicтерi Әнел Жұмадилдина және Алан Мұхтар Шолпан Қорғанбектiң күйiне қойылған «Тоқым қағар» биi ұсынылды. Бүлдіршіндерге аниматорлар ойын ойнатып, әртүрлі сыйлықтар берілді.

«Sun study» балаларды дамыту орталығының ерекшелігі әр бөлменің қабырғасында Алаш арыстарының суреттері мен ұлағатты сөздері жазылған. Бөлмелерге «Әлихан Бөкейхан бөлмесі», «Ахмет Байтұрсынұлы бөлмесі», «Міржақып Дулатұлы бөлмесі», «Мағжан Жұмабай бөлмесі» дегендей атаулар қойылған. Әрбір бөлмеге кіргенде балаларды ұлы тұлғалар қарсы алғандай әсер қалдырады.

«Әлихан мен Міржақыптың «Әр буын өз заманындағы мәселені шешіп кетуі керек. Әйтпегенде кейінгі ұрпаққа өте үлкен жүк қалдырады» деген мәселені қосарлана қайталауы олардың қаншалықты деңгейде келер ұрпақ алдындағы жауапкершілікті терең сезінетіндіктерін көрсеткендей. Ашылып жатқан орталық осы мүдделер үдесінен шығып жатса, біздің де Алаш аманатына деген абройлы қызметіміз сол болмақ», дейді «Sun study» балаларды дамыту орталығының жетекшісі Арман Әубәкір.