Қазақстандық орындаушы Sangina АҚШ-та қазақ және ағылшын тілдерінде «My Motherland» («Атамекенім») қос синглін шығарды. Елімізге арналған әсерлі композиция бүкіл әлем тыңдаушыларының жүрегінен орын алды. Музыкалық трек АҚШ пен Еуропадағы радиостансаларда шырқалып, ондаған шетелдік плейлист әнді өз таңдауларына енгізді.
Әрбір нота туған жердің жылуын сыйлайды. «My Motherland» музыкалық туындысын танымал орындаушы Sangina Қазақстанға арнады. Ән туған жерге деген сүйіспеншілікке толы және еліміздің бай мәдениетін қалың көпшілікке көрсетуге бағытталған.
«My Motherland» әнінің идеясы АҚШ-қа бір жарым жыл бұрын көшкен кезде пайда болды. Қазақстаннан алыста жүргенде мен ерекше сағынышты сезіндім және туған жеріммен байланысым қаншалықты мықты екенін түсіндім. Біз арман қуып, басқа елге көшіп, айналамызды өзгерте аламыз, жаңа тілдерді үйренеміз. Бірақ қай жерде болсақ та, бізбен әрдайым бірге болатын нәрселер бар – бұл біздің тамырымыз, мәдениетіміз, Отанымыз. Ән бастапқыда қазақ тілінде жазылған. Алайда Батыс музыка индустриясында белсенді еңбек етіп, мен бұл әнді ағылшын тілді аудиторияға жеткізу маңызды екенін түсіндім», деп атап өтті әнші.
«My Motherland» барлық негізгі стримдік платформаларда қолжетімді. Композицияда Sangina қазақтың ұлттық ырғағын заманауи поп-музыкамен және блюзбен үйлестіреді. Орындаушы қазір өз жұмысын осы бағытта жалғастыруда және ұлттық мәдениетті насихаттауға ниетті.
«Менің ойымша, мәдени әртүрлілік жеке музыкама ерекше сипат береді және кең аудиторияның жүрегіне жетуге мүмкіндік тудырады. Мен әртүрлі мәдениеттегі адамдарға жақын ән жазуға және музыка шынымен біріктіре алатынын көрсетуге тырысамын», дейді Sangina.
Әнші Тараз қаласында дүниеге келген. Нәзік жан туған жердің әр өңірін аралап, туристік орындарға жиі барады. Жас орындаушының пікірінше, Қазақстанның бай мәдениеті, көркем табиғаты және бірегей тарихи мұрасы бар.
«Қазақстан – бірегей табиғи ғажайыптар тоғысқан таңғажайып ел. Оның ішінде Қайыңды көлі, Көлсай көлдері, Шарын шатқалы және Каспий теңізінің жағалауы айналасында Бекет ата сияқты жерасты мешіттері бар. Еліміздің оңтүстік бөлігі тарих пен рухани орындарға бай. Елдің әр бұрышы өзінің тарихы мен ерекше сұлулығын сақтаған. Мен әрдайым өзім үшін жаңа нәрсені қуана ашамын. Бірнеше жылда бір рет міндетті түрде қасиетті жерлерге экскурсия жасаймын. Бұл сапарлар маған әрқашан тазалық, тыныштық және жаңа жобаларға шабыт береді», деп ол сөзін түйіндеді.
Қараша айында Sangina қазақстандық орындаушы Danna Max-пен бірлесе шетелдік аудиторияға жаңа сингл таныстыруды жоспарлап отыр.