• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
ANTIKOR 29 Қазан, 2024

Жол сапасына 20 мың адам шағымданған

97 рет
көрсетілді

23 қазан күні Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы А.Жұмағалидің басшылығымен жол саласындағы жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша ведомствоаралық кеңес өтті, деп жазады Egemen.kz.

Жиынға көлік министрі М. Қарабаев, жоғары аудиторлық Палатаның, Стратегиялық жоспарлау, бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттіктерінің, қаржы, өнеркәсіп және цифрландыру министрліктерінің, «Атамекен» ҰКП, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.

Кеңесте жол саласына қатысты жемқорлық жағдайларына сыртқы талдау жүргізілді. 

Кейінгі 5 жылда жол саласына 6 трлн теңгеден астам қаражат жұмсалған.  Десе де, жиналғандар жол желісінің жай-күйіне қатысты халық тарапынан шағым жиі түсетінін атап өтті.

«Мәселен, 2023-2024 жылдары мемлекеттік органдарға автомобиль жолдарының сапасыздығына қатысты 20 мыңнан астам шағым түскен. Жұртшылық мұны жемқорлықпен байланыстырады. Осы жылдың басынан бері ғана Агенттік осы салада 24 қылмыстық істі тіркеді. Сыртқы талдау жоспарлаудан бастап бақылау мен күтіп ұстауға дейінгі жол құрылысы мен жөндеудің барлық кезеңдерінде жүйелі жемқорлық тәуекелдерінің бар екенін көрсетті», делінген Агенттік хабарламасында.

Сондай-ақ елдегі жолдардың сапасыз болуына қатысты себептер талданды. Саланы дамыту үшін Қазақстандағы жол ғылыми-зерттеу институтының әлеуеті толық көлемде пайдаланылмайтыны айтылды. Қолданбалы ғылыми зерттеулер мен инновацияларды енгізудің орнына институт нормативтік құжаттаманы әзірлеумен айналысып отырғанына назар аударылды.

Жол салу ісінде жаңа технологияларды енгізу кезінде бақылаудың болмауы, білікті кадрлардың жетіспеушілігі және күрделі нормативтік-құқықтық база да автожолдардың сапасына кері әсер етіп отыр. 

«Цифрландырудың жеткіліксіздігі проблеманы ушықтырады. Кейінгі 10 жылда ақпараттық жүйелерді дамытуға 16 млрд бюджет қаражаты жұмсалды. Дегенмен, жолдардың цифрлық картасы әлі әзірленбеген. Талдау қорытындысы бойынша Агенттік осы саладағы жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша 90-нан астам ұсыныс дайындады», делінген Агенттік хабарламасында.