Бүгін Үкімет отырысында отандық машина жасау саласын дамыту мәселелері талқыланды, деп жазады Egemen.kz.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың айтуынша, Қазақстанда осы жылдың 9 айында 82 мыңнан астам жеңіл автокөлік шығарылған.
Сондай-ақ шағын торапты құрастыру техника өндірісін ұлғайтуға баса назар аударып отыр.
Елімізде машина жасау өндірісін дамыту мақсатында бірлескен кәсіпорындар құрылмақ. Бұл межені жүзеге асыру үшін Қазақстанда жаңа зауыттар салу үшін қаржы құюға дайын инвесторлар келіп жатыр.
«Мәселен, CHANGAN, HAVAL, CHERY автомобильдерін шығаратын зауыттың құрылысы аяқталуға жақын, оның өндірісі толығымен шағын торапты құрастыруға негізделген. Қуаты – 90 мың бірлік. KIA автомобиль өндіретін зауыттың құрылысы жүріп жатыр. Инвестиция сомасы - $200 млн. $150 млн сомасына Geely, Exceed, KAIYI жеңіл автомобильдерін өндіру бойынша жоба іске қосылды», деді Қанат Шарлапаев.
Министр баяндамасында секторды одан әрі дамыту локализацияны тереңдету және компоненттік база өндірісін игеру есебінен жоспарланғанын атап өтті. Биыл Алматы қаласында мультимедиялық жүйелер мен автокреслолардың сериялық өндірісі іске қосылады.