• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Президент 29 Қазан, 2024

Президент Моңғолияның Ұлы Мемлекеттік Хуралының Төрағасымен кездесті

116 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Моңғолияның Ұлы Мемлекеттік Хуралының Төрағасы Дашзэгвийн Амарбаясгаланмен кездесті, деп жазады Egemen.kz Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан Президенті Ұлан-Батырға мемлекеттік сапары барысында Моңғолияның Ұлы Мемлекеттік Хуралының Төрағасы Дашзэгвийн Амарбаясгаланмен кездесу өткізді.

Мемлекет басшысы Президент Ухнаагийн Хурэлсухпен өткен келіссөздерге жоғары баға беріп, соның нәтижесінде мемлекетаралық ынтымақтастық стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілгенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Спикерді және бүкіл моңғол халқын биыл маусым айында парламент сайлауының табысты өтуімен құттықтады. Президент Хуралдың жаңа құрамы елдегі демократиялық үдерістердің дамуына елеулі үлес қосып, Моңғолияның халықаралық аренадағы абырой-беделін арттыруға оң ықпал ететініне сенім білдірді.

Мемлекет басшысы заң шығарушы органдардың диалогы қазақ-моңғол қатынастарын ілгерілететін маңызды алаң деп санайды. Сондай-ақ депутаттардың достық тобы парламентаралық байланыстарды нығайту ісінде зор рөл атқаратынын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Хурал Төрағасына Қазақстандағы саяси және экономикалық жаңғырулар жөнінде айтты.

Елімізде қабылданып жатқан ауқымды саяси шаралар қоғамда әділдік пен заң үстемдігі қағидаттарын орнықтыруды көздейді.

Мемлекет басшысы екі ел қарым-қатынасында мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың орны айрықша екенін атап өтіп, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезіне қолдау білдіргені үшін моңғол тарапына ризашылық білдірді. Моңғолиядағы будда ғибадатханаларының көрнекті өкілдері аталған форум жұмысына тұрақты түрде қатысып келеді.

Мемлекет басшысы келесі жылы ұйымдастырылатын VIII Съезд «Діндер диалогы: болашақ жолындағы синергия» тақырыбына арналатынын жеткізді. Оның айтуынша, бейбітшілік пен тұрақтылықты жақтайтын Қазақстан мен Моңғолия адамзат алдындағы сын-қатерлерді шешу үшін күш біріктіре алады.

Моңғолия Ұлы Мемлекеттік Хуралының төрағасы заң шығарушы органдар арасындағы байланысты дамытуға жан-жақты қолдау көрсеткені үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтты. Дашзэгвийн Амарбаясгалан парламентаралық ықпалдастықты одан әрі нығайту және екіжақты қатынастардың құқықтық базасын кеңейту мақсатында бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін растады.