• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Оқиға 29 Қазан, 2024

Қаржы пирамидасы: Ақтөбеліктерді сан соқтырғандар сотталды

93 рет
көрсетілді

Ақтөбе облысында Қаржылық мониторинг агенттігі «World Business Consulting» қаржы (инвестициялық) пирамидасын құру және оның құрылымдық бөлімшесін басқару фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ведомство мәліметінше, олар өздерін Қазақстанда ресми тіркелген халықаралық инвестициялық компания өкілдері ретінде таныстырып, Ақтөбеде презентациялар өткізген.

«Жиындарда күдіктілер қаржылық инвестициялар, тиімді пайызбен несие рәсімдеу, әлемнің кез-келген жерінен пәтер және жаңа көлік сатып алу жайлы ақпараттармен азаматтарды қызықтырған. Осы арқылы жаңа салымшыларды тартып, оларға ай сайын ақша салып одан сыйақы алатынына сендірген», делінген хабарламада.

Нәтижесінде, күдіктілердің заңсыз әрекетінен 60 млн теңгеге жуық шығын келтірілген. Сот үкімімен екі азамат кінәлі деп танылып, бес жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Ал, жәбірленушілерге келтірілген залал толық көлемде өтелген.

«Жыл басынан бері ҚМА қаржы пирамидаларын құру және басқару фактілері бойынша 62 қылмыстық іс аяқталды, олардың ұйымдастырушылары 20 млрд теңгеге жуық шығын келтірді.Бүгінгі таңда 13 млрд теңгеден астам қаражат өтелді.Қаржы пирамидаларының қызметін ұйымдастырғаны және жарнамалағаны үшін, 53 адамға қатысты 35 сот үкімі шықты. Олар 2 жылдан 9 жылға дейінгі мерзімге сотталды», деп хабарлады ведомство өкілдері.

Айта кетейік, қаржы пирамидаларының белгілері бар 10,7 мың сайт пен сілтеме бұғаттауға жолданған. «WhatsApp», «Telegram» және «Instagram» - да 300-ге жуық чат бұғатталған. Бұл әрекеттер 2 млн-нан астам әлеуетті салымшылардың қаржылық шығындарының алдын алды.