Бұл күндері еліміздің конькишілері алдағы маусымға қызу даярланып жатыр. Алда әлем кубогінің кезеңдік сайыстары, басқа да аса ірі халықаралық додалар бар. Ал басты жарыс – келесі жылдың ақпан айының алғашқы жартысында Қытайдың Харбин қаласында алауы тұтанатын ІХ Қысқы Азия ойындары.
«Биылғы маусымдағы даярлық жұмыстарын жаңа форматта өткізіп жатырмыз, – деді Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Александр Панфилов. – Алдымен бүкіл команда мүшелерінің басын қосып, оқу-жаттығу жиынына қатыстық. Сонымен қоса, шәкірттерімізді төрт топқа бөліп, барлығының жеке дайындық бағдарламасын жасадық. Мәселен, алдағы жауапты жарыстарда әйелдердің 500, 1000 метрлік спринтінде Алина Дауранова, Инесса Шумекова, Кристина Силаева, Маргарита Галиева, Дарья Гаврилова өнер көрсетеді. Олар – әлем кубоктары мен жастардың әлем біріншіліктерінде жеңіс тұғырына көтерілген танымал спортшылар. Қысқа қашықтарда сайысқа түсетін сұлуларға құраманың кеңесші-бапкері Сергей Клевченя жауапты».
Сергей Клевченя – 53 жастағы ресейлік маман, кезінде белді конькишілердің бірі болды. 1994 жылғы Лиллехаммер Олимпиадасының күміс, қола жүлдегері, әлем чемпионатының толық жүлде жиынтығының иегері, спринттік көпсайыстан екі дүркін әлем чемпионы. Сергей Олимпия ойындарына төрт рет қатысып, Ресей рекордын 12 мәрте жаңартты. Кейіннен өз елінің бас командасының аға бапкері болды. 2012 жылдан бері Қазақстан құрамасын жаттықтырады.
Ерлер арасындағы спринтшілер жарысында Евгений Кошкин, Алтай Жәрдембекұлы, Артур Галиев, Никита Важенин, Роман Биназаров, Андрей Семеновқа сенім артылып отыр. Олар да Ресей маманының бақылауында. 36 жастағы Алексей Есин 2010 жылы Ванкувер, 2014 жылы Сочи Олимпиадаларында бақ сынап, әлем чемпионаты мен Дүниежүзілік универсиадада қола медаль иеленді.
«Польшадан келген майталман Павел Абраткевич орта, алыс қашықтықта сынға түсетін спортшыларды даярлайды. Бұл команда сапында Надежда Морозова, Елизавета Голубева, Бақдәулет Сағатов, Виталий Щиголев, Ақжол Нұрәлі, Андрей Зуев, Асқар Әбдумәлік, Михаил Глущенко, Демьян Гаврилов бар. Ал жастар құрамасына жергілікті бапкер Александр Жигин жауапты», деді Александр Панфилов.
Жуырда Мәскеу облысындағы Коломна қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізіп қайтқан жерлестеріміз көп кешікпей Германияға сапар шекті. Неміс жеріндегі 20 күндік даярлық барысында олар екі бірдей әлем кубогінің кезеңдік сайыстарында бақ сынауды жоспарлап отыр. Одан кейін Жапонияның Хатинохе мен Нагано қалаларында, Қытай астанасы Бейжіңде халықаралық турнирлердің тұсауы кесіледі. Бұл бәсекелерге ел құрамасы да қатысады. Ал Азия ойындарында бақ сынайтын спортшылар 18–20 желтоқсан аралығында жалауы желбірейтін ел чемпионатында анықталады.