Қазақтың көрнекті жазушысы Ақселеу Сейдімбектің «Түлкі түгінен жазған» әңгімесін мектепте оқыдық әрі сол тіршілік иесінің еңбекқорлығы мен төліне деген ерекше жанашырлығына таңданумен келеміз. Бұрындары қазақ баласының қай-қайсы да түлкі аңы туралы естісе елең ете қалушы еді. Себебі ит айтақтап, кезекпен мал бағып жүріп, қыр-жоталарда үйме топырақ маңайындағы інге үңіліп, ішінде түлкі бар ма екен деп қызық қуу әрбір ауыл баласының ермегі еді деуге болады.
Қыс түсе әуесқой аңшыларға ілесіп, мектептегі сол күнгі сабақ аяқталмастан тұра жүгіретін күндер артта қалды. Кешке ымырт түсе үйге су болған аяқты әрең басып, қарын ашқаннан бұратыла кіретініміз қайда? Бір таба нанды үзіп соғып жіберіп далаға шығып мал жаюға қораға асығамыз. Шаршағаныңның өтеуі – күні бойғы аңды алыстан болса да көріп, ізіне түсіп, тазы иттердің әрбір әрекетіне қызығып, табиғат сұлулығын тамашалап, бірнеше шақырымды жаяу жүріп, кейде жүгіріп, ін торуылдап оның ішіндегі аңға түрлі аңшылық әдістерді қолданып, әуесқой аңшы ағалардың әзіл-шыны аралас әңгімелерін тыңдап жүріп кеш батқанын байқамай қалушы едік. Тіпті осы аңды алға тосып, ұрпақтан-ұрпаққа айтылып келе жатқан сол ауыл адамдарының қонысында «Түлкіқазған» (Жамбыл облысы Жуалы ауданы Т.Дүйсебайұлы ауылы) деген бейресми сай атауы да бар. Айтқандай-ақ шеңгел өскен төбе бірнеше ауызды іннен тұрады. Ғасырға жуық уақытта, әсемдігімен көз арбайтын жыртқыш аңның әлі күнге дейінгі мекені. Балалық шақтағы ауылдан қазіргі Алматыдай ірі қала іргесіндегі табиғат сыйының тіршілігіне назар салайық.
Елімізде мекендейтін түлкілердің түстері әртүрлі. Олардың ішінен терісінің жүні қып-қызыл, құм түстес реңсіз сұрғылт, бірен-саран қара түсті жыртқыштарды да кездестіруге болады. Бәріне ортақ белгі – құлақ қалқандарының сырты қара, ұзын әрі үлпілдек жүнінің ұшы ақ. Қазақстанда түлкінің 4 түршесі кездеседі: Қазақстан түлкісі (V.v kazakhstanica); қараған (V.v karagan; дала немесе құм түстес түлкі (V.v diluta), Тяньшань түлкісі (V.v ochroxantha). Елімізде бұл жыртқыш барлық жерде өзі ін қазып немесе басқа бір аңның (әсіресе борсық пен суырдың) ескі баспаналарын пайдаланып мекендейді. Тіршілігіне қолайлы жағдайлар іздеп, бір орыннан екінші орынға көшіп-қонып отырады. Жаппай қоныс аударуы салқын түсе күзде анық байқалады.
Жылына бір рет түлейді. Ол ақпан-сәуір айларында басталып, жүндері уыс-уыс болып түсіп, жазда тек қылшықтары ғана өседі. Күзге қарай түбіттері шыға бастап, қазан айының ортасында, қарашада толық жетіледі. Қар жауып, оған аунаған сайын жүні құлпыра түседі. Көпшілік жағдайда жемін аулауға ымырт жабыла шығады, қыс пен ерте көктемде күндіз де індерінен шығып, қорегін іздеп, сенделіп жүре береді. Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағы далалы белдеуден биік құз-жартасты, мұздықтар, шыңдар орналасқан таулы аймақ. Бірыңғай қылқанды орман, аралас тоғайлар мен бұталықтар көмкерген беткейлерден тұрады. Сонымен қатар альпі, субальпі зоналары да орналасқан. Жан-жануарлардың мекендеуіне қолайлы орындар өте көп. Түлкілер тау етегінен бастап альпі зонасына дейін мекенін өзгертіп отырады. Шиебөрі мен қасқыр басым шатқалдарда түлкіні байқау қиын. Әрбір сай мемлекеттік инспектордың күзетінсіз қалмайды. Олар кездесетін аң-құсты күнделік кітапшасына жазып отырады. Соңғы кездерде түлкі атаулы таудың биік аймағынан тіркелуде. Себебі төменгі белдеуде шиебөрі шоғыры көп. Олар бұлаң құйрықтыны біртіндеп ығыстыруда.
Ұлттық парктің аңтанушы-биологтері мен айналым инспекторларымен бірлесіп таудың жоғарғы белдемі, яғни теңіз деңгейінен 2000 м жоғары орындарға қойылған фотоқақпандардан алынған мәліметтер негізінде түлкі тіршілігі бақыланды. Жылдың маусым айынан қыстың қаңтарына дейін бір нүктеден бақыланған жоғары белдемде (теңіз деңгейінен 3000 м биіктікте) түлкі күнделікті кейде күнара фотоқақпан камерасына түсті. Әрбір өткендегі сырттай мінез-құлқы мен тұрпаты, басқа аң-құстардың тіркелуі, табиғат құбылыстары бейнетаспаланып құнды ғылыми материалдар алынды. Бақыланған мониторингтік орындардан түлкінің жыл бойы сол аймақты қызғыштай қорып, жиілеп өз мекен ету аумағын белгілеп (нәжіс тастап, зәр шашып, арқасымен аунап түгін қалдырып, тұмсығын сүйкеп сілекейін жағып дегендей) кетіп отырды. Бақылау барысында түгінің өзгеруіне фенологиялық қадағалау жасалынды. Жалпы, түлкі жыртқыш аң болса да, орман шаруашылығы мен ауыл шаруашылығына айтарлықтай пайда келтіреді. Себебі олар кеміргіштердің саналуан түрлерін жояды және жас жаутаңдары (күшігі) өсімдік зинкес түрлі қоңыздар мен шегірткелерді қорек етеді. «Көп жорытқан түлкі – терісінен айырылар» деген мақал ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға қатысы жоқ. Ұлттық паркте барлық табиғат тіршілік иелері мен нысандары қатаң қорғалады.
Тұңғыш ЖАПАРҚҰЛОВ,
Іле-Алатау МҰТП ғылыми қызметкері