Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұжымының «Астана сазы» қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблі Қазақстан мен Испания арасындағы стратегиялық әріптестіктің 15 жылдығы, еліміздің Республика күнін мерекелеу аясында Мадрид қаласының үздік концерттік залында өнер көрсетті.
«Астана сазы» Қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблі – еліміздің жетекші шығармашылық ұжымдарының бірі. Фольклорлық ансамбль музыканттары тыңдаушыларды домбыра, қобыз, шертер, шаңқобыз, сазсырнай, сыбызғы, асатаяқ, дауылпаз, тұяқтас, қоңырау, т.б. халық музыкалық аспаптарының үнімен таныстырып келеді. Ансамбльдің көркемдік жетекшісі – Нұркен Яқияев.
Ансамбль отандық музыка саласында өзіндік орны бар, көрермен тарапынан зор сұранысқа ие үздік ұжым ретінде «Қазақконцерттің» брендіне айналды. «Астана сазы» тыңдаушыларға халық шығармашылығының ұлттық бояуын сақтай отырып, заманауи өңдеулерін ұсынып жүр.
«Астана сазы» ансамблінің репертуары түрлі халықтың дәстүрлі аспаптық музыкасына және заманауи авторлық шығармаларға бай. Ұжым әртістері Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Таяу Шығыс елдерінде өнер көрсетіп, көптеген іс-шараға белсенді қатысып келеді.
Қазақ халық шығармашылығының дамуына, дәріптелуіне зор үлес қосып жүрген ансамбль жиналған қауым назарына ұлттық өнеріміздің жауһарлары мен өз репертуарындағы танымал шығармаларын ұсынды. Бұл рухани кеш – Мадрид қаласындағы ерекше мәдени оқиға ғана емес, сонымен қатар Қазақстан мен Испания арасындағы шығармашылық байланыстарды нығайтуға бағытталған маңызды қадам болғаны сөзсіз.