Еліміздегі мәслихаттардың құрылғанына 30 жыл толды. Мемлекет дамуындағы өкілетті биліктің маңызы зор. Дейтұрғанмен мәслихат десе, көбіміздің көз алдымызға етжеңді, елулерді алқымдап қалған аға буын депутаттар елестейтіні белгілі. Кейінгі жылдары депутаттар корпусының қатарын толықтырып жатқан жастар бұл стереотипті бұза алды ма? Мәслихаттардан жаңашылдық лебі есе ме?
Бұрын мәслихаттағы жас азаматтардың үлесі 2 пайызға да жетпейтін. 2022 жылы заңнамаға енгізілген өзгерістер нәтижесінде бұл көрсеткіш еселеп артты. Мұны жуықта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та атап өтті. Байқағанымыздай, еліміздегі жас депутаттардың көбі қалалық мәслихаттарға сайланған. Олардың арасында белсенді әрекетімен көзге түсіп жүргендері де, жұрттан бұрын қолын көтермейтін селқостары да бар. Жастар әлеуметтік желілерде белсенді әрі желіні жұртшылықпен байланыс құралы ретінде құп көреді.
Өзі сайланған мәслихатта таудай талаппен еңбек етіп, қоғаммен етене араласатын жастың бірі – Нарқозы Қартжан. Ол – №3 бір мандатты округі бойынша Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты.
– Жасым – 28-де, соңғы шақырылымда Ақтөбе қалалық мәслихатына сайландым. Қазір мәслихаттарда жастардың жиі шоғырланғанын көруге болады. Жалпы, бұл үрдіс мәслихаттардың жаңаша бір серпінде дамып, тың көзқарас қалыптастыруға бағытталған деп түсіндім. Жастар мәслихатта шынымен өзгеріс әкеліп жатыр. Қазір сессияларда, тұрақты комиссияларда пікірталас пайда болды. Аға буынмен кейбір мәселелер бойынша пікіртала жиі туындайды. Ойымызды ашық жеткізіп, көзқарасымызды білдіреміз. Әрине, әр мәселе бойынша әрбір депутаттың өзіндік көзқарасы, ұстанымы болуы заңды. Кейде жұртшылықпен байланыста жастардың әрекеті асып түсіп жатады. Жастар әлеуметтік желіде жиі отырады ғой, сол артықшылық болып отыр. Тұрғындар жиі көтеретін мәселелер – аулаларды абаттандыру, асфальт төсеу, балалар алаңын салу, лифтілерді жаңарту т.б. Біздің қаладағы үйлердің көбі сонау өткен ғасырдың орта шенінде салынған. Төбелері, жертөлелері, инфрақұрылымы әбден тозып тұр. Соларды жаңарту бойынша халықпен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, атқарушы органдарды жұмылдырумен келеміз. Теміржол вокзалы маңайын ретке келтіру, жалға берілетін пәтерлерді бақылауға алу сияқты өзге де шаруалар баршылық. Кейде қолымыздан келмей қалатын жайттар болады, ол көбіне заң тұрғысына қатысты. Ондайда құзырлы органдарға жүгінуге тура келеді. Мәслихаттардағы жастар арасында меритократия жүйесі де байқалады. Көбі бозбала шағынан волонтерлік қозғалысқа қатысқан. Ал облыстық мәслихат деңгейіне жетуге материалдық жағынан жақсы қамтылған болу керек деп ойлаймын. Себебі депутаттардан ақша, материалдық қолдау сұрап келетін адамдар көп, – дейді Н.Қартжан.
Ел өңірлеріндегі ең жас депутаттар қатарында павлодарлық Русана Сулаймонова да бар. Русананың жасы – небәрі 24-те. Студент шағында қатардағы экологиялық белсендіден «Жасыл ел» облыстық штабының директоры деңгейіне дейін өсіп шықты. Павлодар қаласының қоғамдық өміріне белсене араласып, көріктендіру, абаттандыру мәселелерімен шұғылданады. Соңғы сайлауда ол «Amanat» партиясының атынан Павлодар қалалық мәслихатына сайланды. Бүгінде шаһардың экологиялық тұрғыдан жақсаруына көптеген жобаға бастамашы болып жүр.
– Еліміздегі саяси реформадан кейін қалалар мен аудандардың мәслихаттарына сайлауда жастардың көбірек болуы талап етілді. Бұл белсенді құрдастарымызды өздерін халық мәселесімен айналысу ісінде көрсетуге жол ашты деп ойлаймын. Осы лекте мен де мәслихатқа өттім. Ең әуелі бұл үлкен тәжірибе алаңы болып отыр. Тұрғындармен сөйлесу, олардың мәселесін шешу дегеннің өзі үлкен мектеп екен. Қоғамда түрлі коммуникациялар бар, соларды пайдаланамыз. Жалпы, мәслихаттағы депутаттар арасында бүгінгі ұрпақтың барлық буынынан өкілдер болғаны өте тиімді. Ал аға буын бізге жөн сілтеп, қиын сәттерде қолтығымыздан демеп жібереді. Өзім «Жасыл елде» қызмет еткендіктен, жаныма көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары жақын. Әйтсе де, кез келген әлеуметтік мәселеге араласуға тырысамын. Әр мәселе – мен үшін мол тәжірибе, – деп ойымен бөлісті ол.
Ал Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Аят Сүгірбай – сонау 2007 жылдан бері мәслихатқа сайланып келе жатқан депутаттың бірі. Қылшылдап тұрған 25 жасында жергілікті мәслихаттан бастаған Аят Исатайұлы бүгінгі жастардың қарасы мәслихатта көбейіп жатқанымен, көбінің кәсіби деңгейі біз ойлағандай емес деген пікірде.
– Жастар заман талабына, көшке тез бейімделеді. Бірақ олардың келуі мәслихаттардың жұмысын өзгертті, жаңашылдық әкелді деп айта алмаймын. Бүгінде жасым 42-ге келді, 17 жыл бойы бірнеше шақырылымның депутаты болдым, елдің ісіне араласып таудай тәжірибе жинадым. 8-шақырылымнан бастап мәслихаттардағы жастар мен әйелдердің үлесі 30 пайызды құрауы керек деген норма қабылданғаны мәлім. Мынау соңғы лекпен сайланған жастардың басым бөлігі – әлі де шикілеу. Мәслихат болған соң мұнда тартыс болады, пікірталас болады, сондай сәтте білімі мен тәжірибесі жетіспейтін жастар үнемі жеңіліс тауып жатады. Халықпен, қоғаммен тығыз жұмысты талап ететін өкілетті органда өмірлік тәжірибе болмаса, істің алға жылжуы екіталай, – деп ой қорытады тәжірибелі депутат.
А.Сүгірбай осы орайда мәслихаттардың дамуына, жастардың көптеп келуіне қатысты бірнеше ұсынысын жария етті.
– Ең әуелі жастарды депутаттық сайлау алдында іріктеуден өткізіп, кәдімгідей оқыту керек. Рас, жастар арасында білімді әрі сауатты азаматтар аз емес, бірақ өте сирек. Олардың ұсынысы бойынша, мәселен, біз аудандарда көшпелі жиындар өткізе бастадық. Мәслихаттар ішінде қозғалыс, жаңашылдыққа ұмтылыс бар. Биыл мен мәслихат аппаратында екі студентті тәжірибеден өтуге шақырдым. Ондағы ойым халықпен жұмыс істейтін өкілетті орган өкілдерінің жұмысымен таныстыру. Екіншіден, өкілетті органда бүгінде меритократия жүйесі деген жоқ. Президентіміз айтқандай, лайықтылар қызметке келуі керек. Алайда депутаттық корпустан ол байқалмай тұр. Аудандық, қалалық мәслихаттарда 20 жыл шыңдалған азаматтар сол ортада қала береді. Ауылдағы халықтың жағдайын олардан артық білетін адам жоқ. Соларды өсіріп, өңірлік мәслихатқа, Парламентке жеткізсек, елдегі мәселелердің оңтайлы шешімін табу, халықтың мұң-мұқтажын билікке айту да жеңілдей түседі. Себебі олар – сол мәселемен тұрақты айналысатын кәсіби мамандар. Үшіншіден, «кәсіби депутат» деген ұғымды қалыптастыру керек. Бізде кәсіби шенеунік, кәсіби кенші, кәсіби мұғалім, кәсіби металлург, тағысын тағы ұғымдар бар да, кәсіби депутат деген жоқ. 30 депутаттың кемі үшеуін сондай деңгейге жеткізсек, ол көрсеткіш болар еді. Төртіншіден, кез келген депутат мәслихаттағы өкілдігін аудандық жерден бастасын. Мұны айтып отырғаным, осы шақырылымда облыстық мәслихатқа келген жас депутаттардың көбі өте әлсіз, ауыл халқының жағдайынан, аудандарға бөлінетін трансферт, бюджеттік төлемдер жайынан мүлде бейхабар. Кейбірі тіпті халықпен жұмыс істей алмай отыр. Мәслихат – елдің, қоғамның тағдырына қатысты шешім қабылданатын орган. Оған дайындықпен келу керек. Сондықтан жастар көкжиегін кеңейтіп келгені абзал, – дейді депутат.
Өкілетті органдардағы стаитистикалық деректерді зерделей келе, облыстық мәслихаттарда жастардың, соның ішінде жас ер-азаматтардың үлесі әлі де өте төмен екенін байқадық. Жоғарыда 30 пайыз норма туралы сөз еткенбіз. Бұл тарапта жастардың үлесі тапшы да, ал әйел адамдардың қатары баршылық екені көзге түседі. Бұған Павлодар қалалық мәслихатының құрамы дәлел, 24 депутаттың тең жартысы – әйелдер. Ал жас депутат дегендерден бір ғана ер адам бар. Павлодар облыстық мәслихатындағы 32 депутаттың алтауы – әйел. Мұнда жасы 35-ке дейінгі небәрі екі депутат бар. Соған қарағанда бүгінде жергілікті және өңірлік мәслихаттарға жас ер-азаматтар көп сайлана қоймайтын үрдіс сақталып отыр.
Павлодар облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Еркеғали Жанғазы да жастардың мәслихаттардағы белсенділігі көзге түспейтінін айтады.
– Қазіргі мәслихат депутаттары, соның ішінде жастар буыны алдын ала әзірленген жоспар бойынша жүреді. Себебі көбі партиялардың атынан тіркеліп сайланған, олардың да белгілі бір бағдарламалары бар. Ертең елден ерек белсеніп, дау-дамайға қалатын болса, партияның атына кір келеді деп қорқады аға буын. Оларды тырп еткізбей ұстап отырғандары содан. Павлодар қалалық мәслихаттағы Болат Сүлейменов, Гүлжайна Даримова деген жас депутаттар сайлау алдында тым белсенді болды, қоғамдық істердің бел ортасынан жиі байқалатын. Өкінішке қарай, қазір екпіні басылып қалғандай. Ал облыстық мәслихаттағы Айдар Құрымбаев деген азамат керісінше белсенуге тырысады. Бірақ барлығын мәслихат аппараты болсын, өздері түскен партиялары болсын тежеп отырғанға ұқсайды. Меніңше, жас депутаттарға еркіндік жетіспейді, – дейді ол.
Үміт пен сенімді ақтау – жастардың парызы. Олар қазіргі қоғамның жетекші күші ретінде еліміздің дамуы үшін жауапты екені тағы мәлім. Еліміздің тарихы мен мәдениетінің тағдыры, дамуы мен модернизациялануы, жалпы бүгіні мен ертеңі де жастарға байланысты. Мемлекет басшысы айтқандай, жастар, соның ішінде елдің мүддесін арқалаған жас депутаттар ең жақсы қасиеттерді бойына сіңіруі қажет. Сондықтан мәслихаттардағы жас буын отаншыл, білімпаз, еңбекқор, әділ әрі халыққа жанашыр болуға тиіс.
Павлодар облысы