• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Сатира 31 Қазан, 2024

Бәтуәлі бәлду бизнес

38 рет
көрсетілді

Ақалақ ақылға келіп, бизнесті безбендеп көрмек болып, дүкен ашу үшін бірден-бір мұрсат беретін дөйдің бөлмесіне кіріп, алдына жайғасты.

Жылы жүзбен жайдары қабылдаған ше­неунікке жұмысының жай-жапсарын жайып салып, «сіз-бізден шыж-быж артық» екенін білетін басы үстел үстіне белі буылған бума теңгені қойған болды.

Шенеунік бұның бұл қылығына:

– Пара беріп сатып алмақшысың-ә! Бәр-бәрін ақша шешеді деп ойлайсыңдар! Жем­қорлық, коррупция жайлаған заман! – деп көзі шатынап зілдене сөйлегенде, Ақалақ  әй біткен жерім осы екен деп, бүгіліп, бүгежектеп қалған бұған шенеунік тақап келгенде тізесі дірілдей орнынан тұра алмай қалды... Жо-жоқ, жыпылықтай шенеунікке мойын бұрып еді, көкесі күлімдеп бұның ар­қасынан қағып, мейірлі жүзбен қолын қысты...

Ұсынылған жұмсақ алақан мен күлімкөз жанардан Ақалақтың тізе дірілі сап тыйы­лып еді, шенеунік түрегелген қалпы:

– Тү­бімізге осы жетеді! – деп, параның кесір-кесапаты жөнінде жөңки жөнеліп, бұ­ған қарата ауызынан ақ ит кіргізіп, көк ит шы­ғарып бұлқан-талқан бусансын кеп... Сөйтті де, бүгежектей бүрісіп қалған бұ­ның еңсесін тіктеп құшағына қысты...

Кең де керім кұшақтан босанып көрім болып тұр еді, есік ашылып, еңгезердей екі жігіт кіріп, босағаға талтайып тұра қалсын...

Ақалақ алақтап орнына барып жайғасқан көкесіне қарап еді, қаһарлы қалпы:

– Пара алушыдан бұрын пара берушіні тұншықтырған жөн! – деп осы төңіректе «төре» сөзін түйдек-түйдек төгілтіп барып есік­тегі екеуге ымдап еді, естияр өз адамдары екен. Бірден ләм-мимсіз шенеунік нұсқаған, мана Ақалақ ұсынған бума пакетті лып еткізіп алып шыға жөнелді.

Бұл сәтте Ақалақ «біраз жерге» барып та келді... Көз алды бұлдырлап, алдына темір тор елес­теп, біткен жерім осы деп опырылып қалған Ақалақты көкесі қолтықтап тұрғызып, қолына іс-қағаздарын беріп есікке дейін шығарып салды.

Бір сәт Ақалақ өз-өзіне келіп ес жия қо­лындағы қағаздарына көз жүгіртіп еді... Қол да қойылған, мөр де басылған екен...

 

Берік САДЫР