АҚШ-тың Калифорния штатына қарасты Лонг-Бич қаласында грэпплингтен AIGA Чемпиондар лигасының үшінші кезеңі өтті. Еліміздің үздік спортшыларынан жасақталған алты мықты команда финалдық сайыстың кезекті жолдамаларын сарапқа салды.
AIGA Чемпиондар лигасы – біздің елде негізі қаланып, әлемде кеңінен танымал болған бірегей халықаралық турнир. Үшінші маусымның жүлде қоры спорттың бұл түрінде бұрын-соңды болмаған 1 000 000 АҚШ долларын құрап отыр. Оның форматы көрермендерге барынша қызықты әрі әсерлі болатынына еш күмәніміз жоқ. Командалар жеті салмақ дәрежесінде «жекелей қарсыласпен иық тіресіп сайысу» қағидасына сай айқасады. Алғашқы екі жарыс Түркия мен Бразилияда ұйымдастырылды. Ол кезде финалдық кезеңге Англияның «Euro Trash», Бразилияның «Kasai» командалары өтті.
АҚШ-тағы турнирде алты команда екі топқа бөлініп, бір-бірімен күш сынасты. Қызықты әрі тартысты белдесулердің нәтижесінде «CheckMat», «10th Planet» командалары финалға шықты. Қос мықтының өзара тартысы «CheckMat» клубының пайдасына шешілді. Дегенмен «10th Planet» ұжымы да федерациядан «wild card» алып, келесі кезеңге өтті. Сөз орайы келгенде, AIGA Чемпиондар лигасы грэпплинг әлеміндегі мәртебесі аса жоғары әрі ең беделді жарыс екенін атап өткен жөн. Бұл бәсекелердің тікелей репортажы әлемдегі жетекші стримингтік-сервис – «Flograpplingте» көрсетіледі.
Енді AIGA Чемпиондар лигасының төртінші іріктеу кезеңі келесі айда Астанада ұйымдастырылады. Сол кезде жер-жаһанның басқа да азулы командалары финалдық кезеңнің соңғы жолдамаларын сарапқа салады.