• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Мәселе 01 Қараша, 2024

Монополиядан арылудың амалы қандай?

205 рет
көрсетілді

«The Diplomat» басылымы Қазақстан экономикасының ірі секторлары толығымен мемлекеттің, шетелдік компаниялар мен бизнес-элитаның бақылауында екенін, өзгелеріне артықшылығы аз секторларда ғана орын бар екенін, ішкі жалпы өнімнің 76%-ы солардың уысында шоғырланғанын жазады. Қазіргі уақытта өндіру және өңдеу саласының (мұнай, газ және металдарды қоса алғанда) 29%-ы, сауда саласының 16%-ы, банк ісі және жылжымайтын мүлік саласының 12%-ы, байланыс саласының 11%-ы, құрылыс саласының 6%-ы, энергия саласының 2%-ы монополистердің қолында.

Ұлттық буржуазияны қалыптастыру маңызды

Мәжіліс депутаты Ерлан Саировтың айтуынша, елде кә­сіпкерлікті дамытуға «бұрын­ғы жүйедегі» олигарх­тар ке­дергі жасап отыр.

«Елдегі бизнес монопо­лиясының сақталып қалуы бизнес ортадағы теңгерімді бұзды. «Бизнесімді тартып алады» деген қауіп әлі сейілген жоқ. Жекешелендірудің алғашқы науқаны кезінде құрылыс, автомобиль, теміржол, басқа да ірі жобалар алпауыт топтардың қанжығасында кетті. Олардың кейбірі ба­қылауына алған сегменттің инвестициялық климатын сауықтырған жоқ. Бұл үрдісті тоқтату керек. Ендігі жерде жеке қалтасына емес, халықтың мүд­десіне басымдық беретін ұлт­тық буржуазия платфор­масын қалыптастырып, ық­палынан бизнесмендердің жаңа, адал ұрпағының әле­уе­­тін арттыру керек», дейді Ер­лан Саиров.

Экономика ғылым­да­рының докторы Қуаныш Айта­хановтың айтуынша, стратегиялық нысандарды жауап­кершілігіне алатын ұлттық инвесторлар платформасы әлсіз.

«Бұл ретте инвесторлардың жауапкершілігі туралы ұстаным заңдастырылуы керек. Кейбір стратегиялық нысандарды жекелеген тұлғалардың басқаруына беру тә­жірибесінің нәтижесін ел көріп отыр. Алматыда әрқайсысы 170 кВт қуатты үш генераторы бар бірінші дизелдік электр стансасын 1996 жылдың тамыз айында «атышулы» «Трактебель C.A.» (Бельгия) компаниясы жекешелендірді. 2001 жылы энергокомпанияның 100% акциясы Алматы қаласының әкімдігіне өтті. 2009 жылдың 14 шілдесінде «КазТрансГаз» АҚ директорлар кеңесінің шешімімен «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ «Самұрық-Энерго» АҚ құрамына кірді. Жылу орталықтарының көбі алпауыт миллиардерлердің қолына өтіп кеткені ашық айтылып жүр. Жекешелендірудің алғашқы толқыны кезінде біздің энергетикалық нысандарымыздың көбі жекеменшікке өтіп кетті. Олардың сол сегменттегі тәжірибесін зерделеуге уақыт тапшы болды. Сол кезде Пар­ламентке келіп, есеп беретін құрылтайшыларының біразы тарифтен түскен қаржы са­ланың технологиясын жаң­ғыртуға жұмсалатынын айтып, ақталатын. Бірақ жа­ңартылған тариф бағасы саланы жаңғыртуға емес, құрылтайшылардың қалтасы ар­қылы офшорға кеткенін бәрі­міз көрдік. Қазір бұл сала жеке­шелендірудің кері әсерінен толық аяққа тұрған жоқ», дейді Қуаныш Айтаханов.

 

Жаңа толқын қағажу көріп жатыр

Мемлекеттің араласуын керек ететін кей­бір сегменттерде үлесті 40-60% немесе 49-51% формуласында сақтап, жағдайға қарап төмен­дету немесе жоғарылату қағидасын ұстан­ған дұрыс шығар. Мұндай жағдайда екі тарап бір-бірінің қалғып кетуіне мүмкіндік бер­мейді. Бірақ мұндай жағдайға жету үшін мем­лекет өзінің менеджерлік деңгейін көтеру керек.

Экономикалық сарапшы Расул Рысмам­бетовтің сөзінше, монополияның тырнағы батып кеткен кейбір салада олқылықтар тым тереңдеп кеткен. Ұялы байланыс нарығында олқылық көп. ҚТЖ-ға қатысты да осыны айтуға болады.

«Бірақ Үкімет оларға қатысты ұста­ны­­мын ашық жариялауға асықпай отыр. Жеке сектордың ақпараттық технология­­­мен қамтамасыз етілуі нарықта жаңа ойыншылардың пайда болуына жол ашады. 2014-2015 жылдары да осы тәсілді жаңғырту қолға алынғанымен, ол түпкілікті нәтиже бере алмады. Квазисектордағы хол­­д­ингтер жұмысының жүйе­лен­бегенін, мем­лекеттің эко­номикадағы үлесінің шамадан тыс көп екенін ескерт­кен пікірлерге назар ауда­рыл­мады. Монопо­лия­ға қарсы күрес жүргізіп, биз­нестің жаңа толқынының қалыптасуына жағдай жасау ішкі өсімге жол ашады. Кеше нарықты уысында ұстап келген монополия бүгін де ықпалынан айырылған жоқ. Бағытты өзгерт­песек, баяғы күйімізге қайта ораламыз. На­рық­тағы жаңа ойыншыларға тың мүмкіндіктердің терезесі ашылмаса, еркін бәсекелестік туралы сөз қозғаудың қажеті жоқ. Экономиканы шоғырландырып, уысында ұстап отырған топ пен өзге ойыншылар арасында саяси тежеу мен тепе-тең­дік болмаса экономикалық өсім болмайды», дейді сарапшы.

 

Алпауыттар преференциясын жою керек

Дүниежүзілік банк есебі­не сәйкес, елде мемлекеттік кәсіп­орындардың біразы әртүр­лі фактор, соның ішінде нашар менеджмент, төмен өнімділік және шектеулі бәсе­келестік салдарынан табыс­тан қа­ғылып отыр.

«Экономиканың жаңа технологиялармен трансформациялану деңгейі мәз емес. Сонымен қатар республикадағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі мардымсыз. Басқаша айтқанда, шағын бизнестің орта бизнеске, содан кейін ірі бизнеске айналуына тосқауыл көп. 2000 жылдардың бас кезінде Үкімет технологияны дамытуға ыңғай танытты, бірақ соңына дейін жеткізе алмады. Себебі технологияны дамыту тәуекелі көп бағыт деген пікірлер жиі айтылды. Бұл енді ғана дамуға бет бұрған бағытты қайтып тежеп тастады. Үкі­мет айтқан экономикалық модельдегі ойын ережелері инвестициялық кли­матқа әсер етті, нәтижесінде ІЖӨ-нің дамуы тағы да біраз жылға шегерілді. Ішкі нарық ойыншылары арасында тепе-теңдік ереже­лері сақталуын ұзақмерзімді бағыт ретінде қарастыру керек. Ұлттық инвесторларға ашық экономика және әділ сот үстемдігі ғана қауіпсіздік жас­тығы қызметін атқара алады», дейді Р.Рысмамбетов.

Сарапшы, кәсіпкер Ма­хам­бет Асабаевтың пікірінше, субси­дия­лық реттеу тетік­тері­нің сақталып қалуы мүмкін­дік­тердің көзін жауып тас­тады.

«Кәсіпкерлер үшін бірін­ші кезекте «нарықта адал бәсе­­ке­­лестік сақтала ма» де­ген сұ­рақ­тың жауабы ма­ңыз­ды. Мем­лекет субсидия арқылы саланың нарық заңымен даму мүм­кіндігін тежейді. Мұн­дай ортаға ұлттық инвесторлар бар­­майды, қаржы да салмайды. Себебі монополия бар жерде қысым көбейеді, баға өседі. Ішкі нарыққа қажетті шикізатты ең алдымен нарықтың қажеттілігіне бағыттауды міндеттейтін, сонымен бірге ішкі нарықты сырттан келетін балама импорттың экспансиясынан қорғайтын бапты заңдастыру керек. Мемлекет арнайы заң тетіктері арқылы бәсекелістікке жол ашып отырса, монополистердің ықпалы азая­ды. Мемлекет бизнеске бөлінетін субсидия көлемін азайтамыз деп жатыр. Бұл мәселені кейбір алпауыт компанияларға берілетін преференцияларды жою жұмысымен қатар жүргізу керек. Нарықты монополияның қысымынан тазартсақ, жаңа ойыншылар пайда болады. Ал жаңа ойыншылардың жаңа тобы ұлттық инвесторларды қалыптастырады. Экономиканы монополиядан арылтуға ба­ғытталған институционалдық шешімдердің өзегі осы болуы керек», дейді М.Асабаев.

 

АЛМАТЫ