• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сұхбат 01 Қараша, 2024

«Шығыс өңірінің мүмкіндігі мол» - Әлішер Сүлейменов

223 рет
көрсетілді

Шығыс Қазақстан облысында Бұқтырма су қоймасын басып өтетін ең ұзын көпірдің ашылуы ел өміріндегі айтулы оқиға болды. Жалпы, соңғы уақытта Шығыс өңірі жүзеге асырылып жатқан жарқын жобаларымен, қомақты көрсеткіштерімен қуантып келеді. Осы орайда облыс әкімінің кеңесшісі Әлішер СҮЛЕЙМЕНОВТІ әңгімеге тартқан едік.

– Әлішер Асқарұлы, 2019 жылы газетімізде «Елу жыл бұ­рын­ғы ескі паром елді қа­шан­ғы әуреге түсіреді?» деген мақала жарық көріп, оны назарға алған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көпір салу жөнінде тап­сырма берген еді. Күрделі құ­ры­лыстың жұмыс барысы, нысан­ның мән-маңызы жөнін­де тарқатып айтып берсеңіз.

– Бұл көпір – Шығыс жұрты емес, тұтас елімізге орны бөлек жоба. Жағалауларды ғана емес, аудандар арасын, тіпті екі ел арасын жақындата түсер стра­тегиялық нысан. Ол Бұқ­тыр­ма су қоймасының маңында ор­наласқан 7 ауданды – Зайсан, Марқакөл, Күршім, Самар, Алтай, Үлкен Нарын, Катонқарағайды жал­ғайды, өңірдің 3 шағын қала, 191 елді мекенінде тұратын 152 мыңнан астам тұрғынын қам­ти­ды. Орталық Азиядағы ең ірі, екі жүру жолағы бар көпірдің ұзындығы – 1 316 м, ені – 12,2 м. Жоба құны – 61,4 млрд теңге (көпірдің құрылысына – 50,9 млрд теңге, көпірге апарар жол салуға – 9 млрд теңге, басқа да шы­ғын­дар­ға – 1,5 млрд теңге). Құ­ры­лыс аумағында 2 ауысымдық жұ­мысқа 500 адам, оның ішінде 30 инженерлік-техникалық қыз­мет­кер жұмылдырылды. Жергі­лікті құрылысшылардың тарихи жобаға қатысуы алғашқы батыл, мықты тәжірибе болды.

– Жаңа нысанның өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, көлік-логистикасының жақсаруына, ішкі жалпы өнімді өсіруге әсері қандай?

– Сөз жоқ, енді азық-түлік пен тауар бағасы төмендеп, жүк тасы­малы артады. Сондай-ақ 500 шақырым жолдың үнемделуі туризмге тың серпін береді деп топшылап отырмыз. 1 316 метр­лік көпірмен қазір 3-4 минутта қар­сы жағаға өте шығасыз. Ал осыған дейін күніне жүздеген көлік паромның рейсіне сыймай сарсаңға түсіп, жағада сағаттап иіріліп тұратын. Көпірдің жаһан­дық тұрғыда да маңызы зор. Жаңа көлік магистралі Ресей мен Қы­тайды байланыстыратын ең қысқа жол.

– Құрылыстың сапасы, қауіп­сіздігі, күту-бақылау мәсе­лесі туралы не айтасыз?

– 50 жыл ішінде жазда пароммен, қыста қауіп кешіп, мұз үстімен жүруге мәжбүр болғандардың қатарынан 300-ге жуық адам көз жұмған. Сол себепті мемлекетке нысандағы қауіпсіздік өте маңызды. Жолау­шы­лар қауіпсіздігін, нысанның терроризмге қарсы қорғанысын қамтамасыз ету мақсатында кө­пір­де аппараттық-техникалық күзет кешені, 102 бейнебақылау камерасы (көпірдің үстінде 62, астында 40 камера) орнатыл­ған. Нысан барлық тиісті тек­серіс­тен өтті. Сапасында мін жоқ, тың технологиялар қол­да­ны­ла отырып салынды. Былтыр аймаққа 370 мыңға жуық, биыл 400 мың турист келді (10% өсім). Ал 2025 жылы 480 мыңға дейін турист келеді деген болжам бар. Көпірдің ашылуы өңірге келуші туристердің қатарын 30%-ға арт­тыруға тиіс. Туризмнен келе­тін кіріс те жыл сайын 15-20% өседі. Көлік-коммуникациялық қа­ты­­нас жақсарған соң туристік нау­қан­дар да ұзара түспек.

– Жол салынып, көпір қол­данысқа беріліп, жаңа көк­жиек­ ашылғаны өңірдің ғана емес, тұтас елдің дамуына үлес қосары сөзсіз. Осы ретте аймақта инвестиция тарту жағы қалай?

– Шығыс Қазақстан – индус­триалды өңір, табиғи ресурс­­­қа бай – елдегі түсті металлур­гия­ның басым бөлігіне ие. Өнер­кә­сіптік әлеуеттің шамамен 63 пайызын осы түсті металлургия құрайды. Инвесторлармен тиімді өзара іс-қимыл жасау барысында ауқымды әрі нақты істер атқарылып жатыр. Мәселен, «Өңірлік инвестициялық штаб» шеңберінде инвесторлардың түйт­кілді мәселелері қарасты­ры­лып, шешіледі. Оның құра­мын­да мемлекеттік органдар, про­куратура, кәсіпкерлер палатасы басшылары бар. Ал «Өңір­дің инвестициялық жобалары портфелі» – инвесторларды тарту жөніндегі жұмысты үйлестіру мақсатында сан тараптан шоғырландырылған ин­вес­тициялық ұсыныстарды қамтиды. «ШҚО инвестициялық бағдарламасы» – облыстың даму келешегі мол инвестициялық жобаларды іске асыруға инвесторларды тартуда қадам-қадаммен тиімді жұмыс істеудің іргетасы.

– Халықтың тұрмысына тіке­лей ықпал ететін өзекті ба­ғыт­­­тар – сапалы жол, таза ауызсу, қол­­жетімді білім, ме­ди­цина. Осы ба­ғытта атқа­ры­лып жат­­қан жұ­мыс­­­тар­ға тоқталсаңыз.

– Биыл – «Жол жылы» болып жарияланған. Осыған сәйкес, облыстық, аудандық маңызы бар жолдарды қаржыландыру 7-ден 15 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Елді мекендердің көшелері мен жол құрылыстарын жөндеуді ескере отырып, 31,5 млрд теңге (республикалық маңызы бар жолдарды есептемегенде) салу жоспарланған, бұл жалпы 600 км жол мен жергілікті маңызы бар көшелерді (218 км облыстық, 382 км аудандық маңызы бар жолдар мен елді мекендердің көшелерін) ретке келтіруге мүмкіндік береді, оның ішінде 121 км туризм нысандары бағытындағы жолдар. Осинов асуын айналып өтетін «Қалбатау – Майқапшағай», «Өскемен – Рахман қайнарлары» жол­­дарын қайта жаңарту жал­ға­сып жатыр, бұл да болса өңірдің транзиттік әлеуетін едәуір арттырады. Ерекше айта кетерлік жайт, жұмысты жүйелі әрі тиімді жасау мақсатында көшелерінде ешқашан асфальт төселмеген 79 шағын ауыл таңдалды. Біз кезең-кезеңімен, 3 жыл ішінде 120 км орталық көшелерді (6,3 млрд теңге) асфальттауды, сол жерлерде көше жарығын (570 млн теңге) орнатуды жоспарлап отыр­мыз. Биыл 11 шағын ауыл­дағы ұзындығы 24,2 км болатын көшелерді жөндеуге 1 млрд теңге бөлініп, игеріліп жатыр.

– Өңірдегі ауызсу мәселесіне жеке тоқтала кетсеңіз.

– Президент 2025 жылға дейін қала мен ауыл тұрғындарын 100% таза ауызсумен қамтамасыз етуді тапсырды. Облыста 2024 жылғы 1 қыркүйектегі жағдайға сай, 356 елді мекеннің 345-і, яғни 91,3 па­­йызы ауызсумен қамтылды. Оның 99,9 пайызы қалалықтар, 97,2 па­­­йызы ауыл тұрғындары. 2024 жылы өңірдегі сумен қамта­ма­сыз етуге байланысты 31 нысанның құрылысына бюджеттен 14,1 млрд теңге бөлінді. Биыл 14 нысан аяқталады, ал қалған 17-сі 2025 жылы бітеді. Осылайша, биыл облыс халқын сумен қамту қолжетімділігін 99,4 пайызға жет­кізуді жоспарланып отырмыз.

– Білім саласында қан­дай жаңалықтар бар? Рид­дер­­дегі Шаңырақ мектебінің мәсе­лесі қашан шешіледі?

– Риддердегі Шаңырақ мек­тебінің мәселесіне келесі жылы нүкте қойылады. Халық саны өсіп, өңір көркейіп келеді. Тиісінше білім алушылар та­ра­пынан сұраныс та артып отыр. Шығыста «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 7 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр, оның ішінде 3 нысан биылғы жылы аяқталмақ, қалған 4 нысанның құрылысы 2025 жылға жоспарланған. Сон­дай-ақ облыстық бюджет есе­­бінен 3 мектеп құрылысы қарастырылған, оның ішінде Өскемен қаласындағы «Нұрлы жол» шағын ауданындағы 600 орындық мектеп пайдалануға бе­­рілді. Жыл аяғына дейін Жаңа Бұқтырма кентінде 200 орындық, Зайсан қаласында 300 орындық мектеп құрылысы аяқталуға тиіс.

– Өңірде қариялардың қа­жет­тілігі, мұқтаждығы бар аза­­мат­­тарға көмек көрсету жағы қалай ұйымдастырылады?

– Аға буын қашанда айрықша назарда. Бүгінде өңірдің барлық ауданында қарт тұрғын­дар­ға «Ғұмырлылық клубтары» ашыл­ды, онда зейнеткерлер бос уақытын пайдалы өткізеді. Олармен мамандар, жат­тық­тыру­шылар, медицина қыз­мет­­­керлері жұмыс жасайды. Бұған қоса қазір облыста 28 мың мүмкіндігі шектеулі азамат бар, оның ішінде – 2,9 мың бала. Аймақта қолжетімді орта құру, ерекше қажеттілігі бар адам­дардың өмір сүру сапасын жақсарту жөнінде бірқатар іс-шара жасалып жатыр. Маңызды бағыттардың бірі – иппотерапия. Облыста иппотерапияны дамыту 2013 жылы Өскемен қаласында сол кездегі облыс әкімі, марқұм Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасымен басталған еді. Бұл жұмыс әлі де жалғасып жатыр, он шақты жылдың ішінде біраз іс атқарылды.

– Шығыстағы шұрайлы та­биғат пен шырайлы демалыс орындары туристерді қызық­­ты­ратыны белгілі. Туризм ба­ғы­тындағы жұмыстардың аяқ алысы қалай?

– Иә, Шығыс Қазақстан облысы туризмді дамытудағы еліміздің ең тартымды аймағының бірі екенін сенімді түрде айта аламыз. Туристерді тарту өңірде түрлі бағытта дамып келеді. Оларды медициналық, оқиғалық, ауылдық, экотуризм, жазғы жа­ғажай, қысқы курорттық, мә­дени туризм деп сараласақ болады. Шығыстың туристік бренді саналатын, жергілікті белсенділер арқасында халықаралық деңгейге көтерілген «Altai Fest», «Шығыс салбурыны» сияқты фестивальдар дәстүрге айналды. Оның аясында шыңға шығып, тау бағындыру, атпен қыдыру, құс­бе­гілікті дамыту, аңшылықты дәріптеу сияқты бұқаралық форматта өткізіліп келеді. Сондай-ақ туристік инфрақұрылымды жақсарту жөнінде де тұрақты әрі жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр.

– «Шығыс салбурыны» аз ғана уақытта сәтті жобаның бі­рі­не айналды. Бұл іс-шара­ның соншалықты жылдам да­муы­ның сыры неде?

– Расында «Шығыс салбурыны» көшпелілер ойын­да­рының жалғасы сынды, ұлттық болмысымызды айғақтай түскен ауқымды іс-шараға айналды. Биыл Ұлан ауданы Бозанбай ауы­лы маңындағы сайын далада өткі­­зіл­ген бүркітшілердің ха­лық­ара­лық фестиваліне 21 ител­гі, 70 бүркіт, 13 қаршыға мен 30 тазы ит қатысып, Ресей, Мажарстан, Қытай, Моңғолия елде­рінен келген құсбегілер бақ сынасты. Сондай-ақ құсбегіліктің амбассадоры Айшолпан Нұрғайып­қы­зының өнерін тамашалауға Шотландия мен Бельгиядан туристер арнайы келді. Дүбірлі дода барысында 30 киіз үй тігілді. Фестиваль осымен төртінші рет ұйымдастырылып отыр. Шығыс Қазақстан әр тараптан құсбегілерді шоғырландыра білді, салбұрын саяқ іс-шара емес, дәстүрлі әрі ауқымды оқиға екенін мойындатты. Осын­дай жоғары деңгейде ұйымдас­ты­ры­латын іс-шаралар арқа­сын­да ішкі туризм мәдениеті де қалыптасып келеді. Жыл сайын өтетін түрлі фестивальдарға қа­ты­суды жергілікті тұрғындар әдетке айналдырып, отбасымен баратын, жыл бойы күтетін, арнайы дайындалатын оқиға деп қабылдайтын болды.

– Еліміздің барлық жерүсті су қорларының 20 пайыздан астамы Шығыс Қазақстан облысында шоғырланған. Сонымен бірге елімізде қар жамылғысы ең ұзақ сақталатын өңір де – Шығыс. Осы тұрғыда, жағажай туризмі мен қысқы курорттық демалыс қаншалықты дамып келеді?

– Елдегі ең ірі су қоймасы Бұқтырма мен қаз-қатар тізілген Сібе көлдері тұрғанда жағажай туризмін дамытпау ағаттық болады. Бұл бағыт бүлк-бүлк қайнай бастады, барлық жағалауды қоса алғанда, бір маусымда 400 мың турист­ке дейін қабылдауға әлеуеті жетеді. Су қоймасының Самар, Алтай, Ұлан аудандары аумағына қарасты жағалауларында 142 демалыс базасы жұмыс істеп тұр. Ал қысқы курорттарға келсек, облыс­та қысқы туристік маусым 6 айға жуық созылады. Тау шаңғысы туризмі Глубокое, Алтай аудандарына, Риддер қала­сына тән. Өңірде 4 тау шаңғы базасы бар, олардың жалпы ұзындығы 30-40 км, биіктігі 1500 м дейін, құламалары (еңістігі) 5 км дейін.

Аймағымызда елдің орманды алқабының 40 пайыздан астамы шоғырланған, сондай-ақ жалпыұлттық маңызы бар 24 табиғат қорғау аймағы жұ­мыс істейді, олардың ауданы 1 723 072 гектардан асады. Осынау әсем табиғат пен табиғи қорық­тар­ды көргісі келетіндердің қарасы қалың. Экологиялық туризм­нің бір түрі – аң, балық аулау. Облыста жануарлардың 489 түрі, балықтардың 37 түрі мекен­дей­ді, олардың 25-ін аулау­ға рұқсат етілген. Катонқарағай Ұлттық табиғи паркі аумағында 14 экскурсиялық бағыт әзір­лен­ді. Марқакөл табиғи қоры­ғын­да жануарлардың 55 түрі, құстардың 250 түрі бар. Бүгінде қорық аумағында 10 жаңа турис­тік соқпақ салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар турис­тер­дің келуіне, көруіне Қиын-Керіш шатқалы да тартымды. Шатқал жынысы эрозиямен ашыл­ған түрлі түсті, көбінесе қызыл балшық шөгінділерінен түзіл­ген. Жалпы, Шығыстың бай туристік әлеуетін түгел қамту бір сұхбаттың аясына сыймайды.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Бақытбек ҚАДЫР,

«Egemen Qazaqstan»