Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов ҚХР-ның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжан Сяомен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Тараптар трансшекаралық өзендерде су бөлу мәселесін талқылады. Ол үшін құрамына қос тараптың сарапшылары кіретін арнайы жұмыс тобы жасақталған. Басты мақсат – Іле-Балқаш бассейнін сумен тұрақты қамтамасыз ету, балық шаруашылығын және туризмді дамыту.
Ведомство алдағы уақытта ҚХР Су шаруашылығы министрлігімен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қоюға ниетті.
Министрліктің баспасөз қызметінің мәлім етуінше сонымен қатар, тараптар Қазақстанның су инфрақұрылымын бірлесіп жаңғырту және автоматтандыру, су үнемдеу технологияларын әзірлеу мен енгізу, сондай-ақ Қытайда Қазақстан мамандарының біліктілігін арттыру мәселелерін талқылады.
«Қазақстан мамандарын Қытайда біліктілік арттыру курстарынан өткізу туралы Power China компаниясымен келісімге келдік. Бүгінгі бастамалар екіжақты қарым–қатынасқа жаңа серпін береді деп ойлаймын», деді министр Нұржан Нұржігітов.
Өз кезегінде Чжан Сяо Қытай тарапы Қазақстанмен су ынтымақтастығына үлкен мән беретінін және тәжірибе мен технология алмасуды жалғастыруға ниетті екенін атап өтті.