Кең байтақ жеріміздің әр өңірінің өзіндік әншілік мектебі қалыптасқан. Ән өнерін қатты құрметеген халқымыз небір тамаша әндерді тудырды, деп жазады Egemen.kz ақпарат агенттігі.
Бүгінде алыс-жақын шетелге танылған отандық музыка маманы, жұрттың сүйікті әншісі Динара Каиргожа өнер әлемін аса жоғары бағалайды. Өйткені ол ұлы өнер, музыка дейтін тылсым құдырет арқылы өзін-өзі дамытып келеді.
Шекарасы жоқ музыка әлеміне «Studio 54» LIFE BAND-і арқылы танылған Динара музыка, өнердің тазалығы туралы айтқанда тыңдай бергіңіз келеді.
Қазіргі уақытта айтары болмаса да, музыкалық кәсіби әлеуеті жетпесе де әнші болып жүргендер көп. Бірақ музыкалық білім болмағандықтан үлкен сахнадан көріну екінің біріне бұйырмайтын бақ.
«Бір жағынан шоу-бизнестің қолжетімділігі, ақпараттық-цифрлық технологиялардың дамып келе жатқаны әнді де, әншіні де көбейтіп жатыр. Енді оларды тыңдау, тыңдамау әркімнің өз талғамына, деңгейіне байланысты. Бұл тұрғыдан әншіге де, тыңдарманға да артық ешнәрсе айта алмаймын. Бірақ бүгін хит болып жатқан әндер түбінде көп ұзамай ұмытылады. Музыканың ұлылығы осында. Музыка жеңіл дүниелерді қабылдамайды. Сондықтан қазіргі буынға ізденуден қашпай, өзін-өзі үнемі дамытып, ізденуге кеңес берер едім, – дейді әнші Динара Каиргожа.
Әрине, Динараның айтқаны орынды. Өзі де үнемі ізденіс үстінде. Сахнада адалдық принципін ұстанады. Отандық шоу-бизнесте жүргендерді сахнаға жанашырлықпен қарауға шақырады. Көрерменді, тыңдарманды сыйлау керектігін ұғындырғысы келеді. Өйткені, вокалмен айналысу – бұл үлкен еңбекқорлықты талап ететін өте күрделі процесс.
Муызкант,тәжірибелі музыка және педагогика маманы Динара Каиргожа бүгінде алпауыт Америка құрама штаттарында тұрады. Сондағы өнерге жақын қазақ жастарына вокалдан тәлім беріп, ұлт өнерін кеңінен насихаттап жүр. Қазақ қауымдастығы ұйымдастыратын барлық іс-шараларға атсалысып, екі елдің мәдени достығын, бірлігін паш етіп жүр. Онлайн арқылы қазақстандық өнерпаздарға вокалдан сабақ беріп, бар тәжірибесімен бөлісуде.
Тағы бір жетістігі - жақында ғана Ұлыбритания астанасы – Лондонда өткен Golden TIME TALENT әлемдік байқауына қатысып, бірінші орынды жеңіп алды. Golden TIME TALENT дүниежүзілік байқау, өнерлі адамдардың жасына қарамастан өз талантын көрсетуге жаңа мүмкіндіктер беретін үлкен жоба. Динара Каиргожа аталмыш байқауда өзінің туындысын орындады.
«Бұл байқауда мен өзім әнін де, сөзін де жазған «Өкпе» шығармамды орындадым. Қазылар алқасының шешімімен бірінші жүлде маған бұйырды. Бұл менің шабытыма одан әрі серпін беріп, бұдан да биік белестерді бағындыруыма ықпал ететіні сөзсіз» деді Динара Бисенова.
Айта кетейік, Динараның жүлде алған шығармасы алдағы уақытта отандық телеарнада көрсетілетін «Шырағың сөнбесін» телехикаясының саундтрегіне таңдалып алынды.