Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚҚДБ) президенті қор компаниялары тобының сатып алу үдерістерін жоғары бағалап, несие беруші компаниялардың сатып алуларды қордың ережелері бойынша жүзеге асырып жатқанын атап өтті. Бұл қордың сатып алу үдерістеріне деген сенімді және олардың ашықтығын көрсетеді.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Шетелдік инвесторлар кеңесінің 36-пленарлық отырысына қатысу үшін Қазақстанға келген Еуропалық қайта құру және даму банкінің басшысы Одиль Рено-Бассо ханыммен кездесті. Кездесу барысында Рено-Бассо қор компаниялары тобының сатып алу жүйесі әлемдік стандарттар мен тәжірибелерге сай екенін атап өтті. Сонымен қатар халықаралық қаржы институттары қордың процедураларына сенім білдіретінін, бұл олардың ашықтығын көрсететінін айтты.
Астанада өткен Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысында ірі халықаралық компаниялар мен қаржы институттарының басшылары бас қосты.
«Халықаралық қаржы институттарының мойындауы жобаларды жүзеге асырудың тиімділігін арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашады», деді «Самұрық-Қазына» басшысы Нұрлан Жақыпов ЕҚҚДБ және Азия даму банкі (АДБ) басшыларымен кездесуде.
Еуропалық қайта құру және даму банкі қордың энергетика, тау-кен, мұнай-газ және көлік саласындағы жобаларына қатысады. Сондай-ақ ЕҚҚДБ Батыс Қазақстанның электр желісін елдің Бірыңғай энергетикалық жүйесіне қосу жобасында басты рөл атқарады. Азия даму банкі Самұрық-Энерго, KEGOC және ҚТЖ жобалары бойынша қормен бірлесе жұмыс істейді.
Қордың басқарма төрағасы сатып алу жүйесі ЕҚҚДБ және АДБ-мен жобаларды жүзеге асыру барысында халықаралық озық стандарттар мен тәжірибелерге сай деп танылғанын атап өтті. Қор жыл сайын сатып алу жүйесін жетілдіріп отырады, әрі отандық өндірушілерді қолдаудың жаңа жүйесі әзірленген. Қолдау шараларының ішінде – сатып алынатын тауарлар мен қызметтердің жергілікті үлесіне қатысты компания басшылары үшін KPI белгілеу, оффтейк келісімшарттар бар. Жергілікті құрамның сақталуы бойынша тауарлар мен қызметтердің жеткізушілеріне бақылау енгізілді. Жаңа өндірістерді құру бағдарламасына да өзгерістер енгізілген, ол жеткізушілермен 20 жылдық оффтейк келісімшарттар және инвестициялар тарту мақсатында келісімшарттар жасауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Нұрлан Жақыпов кеңес аясында ірі компаниялардың топ-менеджерлерімен екіжақты кездесулер өткізді. Атап айтқанда, Еуропалық қайта құру және даму банкі, Азия даму банкі, «TotalEnergies», «Solidcore Resources», т.б. Аталған ұйым өкілдерімен серіктестік жайы және ағымдағы бірлескен жобалар талқыланды.
Мысалы, «TotalEnergies» компаниясымен қуаты 1 ГВт болатын жел электр стансасын салу жобасы, «Wabtec»-пен локомотивтерді жеткізу және өндірісті Қазақстанда ашу мәселесі, «Solidcore Resources» компаниясымен тау-кен саласындағы жобалар талданды.
* * *
«Самұрық-Қазына» АҚ – жиынтық активі 81 миллиард АҚШ долларынан асатын әлемдегі 22-ші ірі компания. Соңғы бес жылда қордың арқасында ел экономикасына 24 миллиард доллар көлемінде шетел инвестициясы құйылды. Қордың инвестициялық портфелінде энергетика, логистика және көлік, мұнай және газ, коммуникациялар, т.б. салалар бойынша құны 100 миллиард доллардан асатын 130-дан астам жоба бар.
* * *
Шетелдік инвесторлар кеңесі – Қазақстан Президентінің жанындағы консультативтік-кеңестік орган. Кеңес «Самұрық-Қазына» қорының ұзақмерзімді серіктестері «Total», «Eni», «CNPC», «Wabtec», «Solidcore», «Citi», ЕҚҚДБ, АДБ сияқты 32 мүше және 7 бақылаушыдан тұрады. Негізгі міндеті – Қазақстанның инвестициялық саясатының басты бағыттарын айқындауға, инвестициялық климатты жақсартуға және елдік инвестициялар туралы нормативтік-құқықтық базасын жетілдіруге арналған ұсыныстар мен ұсынымдарды әзірлеу.
Тәңірберген АРҒЫН