• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Құқық 02 Қараша, 2024

Халықаралық алаяқтарға қашанғы алданамыз?

1033 рет
көрсетілді

Қазақстан қоғамын қатерлі дерт кезіп жүр. Қазіргі кеулеген зарардан қорғанып жатқан ешкім жоқ. Зарар – цифрлы технологияның «сиқыры». Мұны елімізге жасалған кибернетикалық шабуыл, «жарияланбаған майдан» десе де қисынды шығар.

Бүкіл әлеуметтік желіде, ғаламторда оп-оңай олжаға кенелуге болатынын, ол үшін «Kaspi Profit» платформасы арқы­лы аз сомамен (50 мың) инвестиция жаса­саңыз, келесі айда 300-350 мың дивиденд алатыныңыз жарнамаланады. Бө­тен біреу емес, Kaspi банктің басқар­ма төрағасы, миллиардер Михаил Ломтадзе жұртты ұйытып сөйлеп тұр. Сөйлегенде де жай мінберден емес, «Хабар» арнасынан. Тіпті Kaspi банктің негізгі құрушысы, акционері, директорлар кеңесінің төрағасы Вячеслав Ким екеуі­нің елдің жауапты тұлғаларының алдында әлеуметтік жобаларды ұсынып отырған суретін жариялаған. Оның артынша дәл сондай жолмен қаржының астында қалып, көлік, баспана алып, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ болып жүргендер жұртты иландыра түседі. Ал енді бір роликтерде «брокерің алдап кетті ме, қаржыңды қайтарып беруге көмектесеміз» деген сипатта әңгіме қозғалады.

Бейресми ақпарат мәліметі бойынша былтыр Қазақстан халқы халықаралық алаяқтарға 263 млрд теңге шамасында жем болған екен. Бұл – қарапайым жұрттың қалтасын қағу ғана емес, ел экономикасын да шығынға ұшырататын көрініс... Тіпті мемлекет егемендігіне төнген қатер. Ал биылғы алданумен текке шашылған қаржының көлемі қанша екені бір Аллаға ғана аян.

Сонымен бәрін рет-ретімен баян­дайық...

Алаяқтықтың жұртты қалай алдап, та­­қырға отырғызатынын өз көзім­мен көр­гім келді. Сосын «Kaspi Profit» плат­­формасын насихаттайтын ролик­тің соңындағы «толығырақ» мән-жай­ды бі­луге шақырған батырмасын бас­тым. «Аты-жөніңіз бен байланыс теле­фоныңызды қалдырыңыз» деген нұсқау­лық бойынша дерек-дәйегімді жаздым. Ертеңінде бір әйел «Kaspi Profit»-ке өтініш қалдырған екенсіз деп хабарласты. Теле­фон нөмірін жазып алдым 8-700-150-14-99. Ол маған халықаралық биржаға қатысу үшін шот ашып, платформаға тіркелуге көмектесетінін айтты. Кеңірек мәлімет білгім келіп, мекемелерінің қайда орналасқанын, мекенжайын сұрадым. Ол маған Алматыда, Әл-Фараби даңғылы, 7-үй, «Нұрлытау» бизнес орталығының 3-корпусы, 17-қабатта отыратындарын айтты. Сондай-ақ «Kaspi Profit» 80/20 схемасымен жұмыс істейтінін ұғындырды. Яғни табыстың 80 пайызы сіздікі, 20-сы – біздікі. Шотыңызға ақша жүз пайыз жолданады, соны банкомат карточкаңызға түсіргеннен кейін көрсетілген телефонға тиісті сомасын аударасыз деді.

Соның айтуымен тиісті анкетаны толтырып, ақыры «жеке кабинет» ашатын, ақша аударатын шешуші тұсқа келдік. Шарты бойынша кемі жүз доллар салуың керек екен. Маған QR-код көрсетіп, осында жіберіңіз деді.

– Білмейтін беймәлім жаққа қалай жіберем?

– Ол – беймәлім емес, сіздің есеп­шотыңыз. Біздің оған ешқандай қатысы­мыз жоқ. Ол сома болмаса, трейдер-аналитик сізбен жұмыс істей алмайды. Менің міндетім – сіздің шаруаңызды үйлестіріп беру.

– Мен сенбеймін.

Көңілімді күмән жеңіп, екеуміздің одан әрі сөзіміз үйлеспеді.

Жарты күннен кейін енді ер адам байланысқа шықты. Нөмірі 8-747-046-92-63. Өзін «атым – Евгений, «Kaspi Profit» платформасының менеджерімін, – деп таныстырды. Әлгінде үзілген әңгіме әрмен жалғасты. – Сіз шотыңызға ақша салып, инвестор боласыз. Бәрін өзіңіз көріп отырасыз. Халықаралық биржадағы валюталар ағымы мен бағамын бақылайтын кестені, «жеке кабинетіңізді» толық ашып, жабдықтап беретін маман хабарласады», деді. Көп ұзамай Алматы қаласынан (8-727-346-62-45) мамандары қоңырау шалды. «Жеке кабинетті» соның айтуы бойынша смартфоннан аштық.

Техникалық-бағдарламалық қолдау аяқталғаннан кейін, ізін суытпай қайта менеджер хабарласты. Ватсаптың бейнеқұрылғысы арқылы тілдесу керек екенін түсіндірді. Себебі валюталар ағымын бақылайтын кестемен жұмыс істеудің амал-тәсілін көрсетуі қажет екен.

Ол маған диаграммалық кестенің мәнін ұғындырып, қалай басқаруды үйретті. Соңында шотқа ақша салу мәселесі қалды. Мен тағы да іркілдім. Ақыры ол «егер күмәндансаңыз, әуелгіде 10 доллар көлемінде жіберіңіз» деді. Сонымен QR-кодқа валюта бағамы бо­йынша 4 815 теңге жібердім. Арада бірер минут өтпей жаңағы «жеке кабинеттегі» аты-жөнім жазылған анкетада 10 доллар деген көрсеткіш шықты. «Енді мені аналитикпен қосыңыз, сөйлесейін» десем, «жоқ, мұндай сомаға аналитик жұ­­мыс істемейді, кемі 100 доллар бо­луға тиіс» дегенге басып, брокермен бай­ла­ныстырмады. Мәміле нәтижесіз аяқталды.

Келесі күні Евгений қайта байланысқа шықты. Орта жолда қалған шаруаны аяқтауды ұсынды. Сөз арасында ме­нің несиелік тарихыма қатысты сауал­дар қойды. Оның не қажетінің ба­рын сұрағанымда, «Сіз мынаны ұғыңыз, – деп мені сабырға шақырды. – Біз сіз­ге табысты жолдаймыз, ал банк кар­точ­каңыздан қарыз несиеңізді ұстап қалады. Нәтижесінде, біз ақшасыз қаламыз. Міне, сол үшін сұрап жатырмын» деп түсіндірді. «Ешқандай несием жоқ» екенін естіп, жылмаң қақты.

– Ал енді шотыңызды 100 долларға жеткізіңіз, содан кейін аналитикпен тікелей жұмыс істейсіз. Ол адам сіз үшін биржада рынокты бақылап, анализ жасап отырады. Ұтымды тұсқа келгенде өзіңізге телефонмен байланысқа шығып, тиісті валюталарды сатып алып, қолма-қол қайта сатып жібересіз. Күніне бір-екі мәрте мазалап, 5-6 минут жұмыс істейсіз. Нәтижесінде, шотыңыздағы сома өсе береді. Ұнамаса, қалаған күні ақшаңызды шешіп ап, шығып кете аласыз.

Ақшаңыз өсе береді дегенге қызынып, «ал, кәне» деппін. Дереу QR-кодын көрсе­те қойды. Қалған 43 мың 461 теңгені аударып, шотымды 100 долларға жеткіздім.

– Енді қазір аналитиктермен сөйле­сем, қайсысы бос, соны қосамын, – деді. Байланыс үзілді. Арада 20-25 минут өткенде Евгений телефон соқты.

– Сізді қуантып қояйын, бағыңыз­ға қарай өте тәжірибелі аналитик ұшы­рас­­ты. Ол кісінің аты-жөні – Артем Ген­надьевич Куликов, Испанияның Барсе­лона қаласында отырады, – деді. – Сағат 15.20 мен 15.50-дің арасында хабарласады.

Сағат 15.30-ға қарай 8-707-479-04-28 деген телефоннан бейнеқоңырау соғылды. Айтқандай аналитик екен, бірақ мұның да дисплейінде бейне жоқ.

«Жеке кабинетке» кіріп, биржадағы сатылымға шығарған валюталар кестесіне үңілдік. Шоттағы ақшаның 10 пайызына доллар сатып алдық, ол автоматты түрде қайта кері сатылып кетеді екен. Шотымда 104 доллар 56 сент болды.

– Міне, өстіп ақшаны жинаймыз, айдың соңында шешеміз, – деді трейдер-аналитигім (брокерім). – Бірақ мен өте аз қаржымен жұмыс істегім келмейді. Сіз – 107-клиентімсіз. Маған сомасы қомақты адамдармен жұмыс істеген қолайлы. Бұл жерде әр операцияға бірдей уақыт жұмсалады, сондықтан көп қаржы салып отырған инвестормен жұмыс істегенім тиімді. Шотыңызды толтырмақ ойыңыз бар ма?

– Бір ай көрейін, егер бәрі дұрыс болса, ол да мүмкін.

Міне, алдау өстіп жалғаса берді. Екінші күні Артемның сөзі бұзылды. «Сізбен менің көмекшім жұмыс істейді, мен басқа қалаға кетіп бара жатырмын. Мынау +44-774-194-45-83 екінші нөмірім, осыдан хабарласады» дегенді айтып, құйқылжыта бастады.

– Жақсы, осы жерден тоқтайық, ақшамды қайтарыңыз дедім. Байланыс нашарлап кеткендей ол «алло-алло» деп дауыстап, жүлгені үзіп жіберді. Дереу Евгениймен хабарласып, «ақшамды қайтарыңдар» дедім. Ол «аналитикке айт, менің ақшаны шешу үдерісіне қатысым жоқ» деп бәйек қақты.

– Аферист, мошенник! – дедім. Байланыс үзілді. Қайта теріп едім, басып тастады. Алаяқтарға тап келгеніме, олардың қолына өткен қаржы ешқашан қайтарылмайтынына нақты көзім жетті. «Енді не істеу керек?» Kaspi банкке телефон соқтым. Халыққа беріп қойған 9999 нөмірімен хабарластым. Ең әуелі сұрағаным «Kaspi Profit» платформасы туралы болды. Ондай жоқ екен. Ғаламторды шарлап, ақпарат іздемегеніме өкіндім.

Қалалық ішкі істер бөліміне хабарласып, қандай амалы барын сұрадым. Олар «Ой, аға, мұндай әрекеттер көбейіп кетті. Киберполицияға хабарласыңыз, солар көмектеседі сізге», деді. Мәңгілік ел даңғылы, 55/4 деген мекенжайын алып, тура кеңсесіне тарттым. Кеңселері ЭКСПО аумағында орналасыпты. Есіл аудандық кибер бөлімінің бастығы Ерға­зы деген азамат екен. Бекжан деген қызметкеріне тапсырма беріп, менің мәсе­леммен айналысуды жүктеді. Бек­­жан­­мен сөйлесіп, бүкіл мәліметті ұсындым.

Сондағы ұққаным: байланысып жүр­ген менеджер, аналитик дегендер басқа мемлекетте отырады екен. Қол­дарында Қазақстанның сим-карталары бар. Сол арқылы сөйлесіп, елдің ішіндегі азамат сияқты сенімге кіруге ұмтылады. Бей­не­роликтердің бәрі жасан­ды зерде ар­қылы жасалып, әдейі әлеужеліге орна­ластырылған. Ең қатер­лісі – инвес­тициялық сомаңды арттыруды сұрап, несие ресім­детіп, тойтитып кету. Олай болмаған күнде, айдың соңында «шотыңыздан карточкаңызға ақша шығарамыз» деп, карточкаңыздың 16 сандық нөмірін, жеке куәлігіңізді қолға түсіреді екен. Сосын жасанды зерде арқылы даусыңды, түріңді айнытпай келтіріп, банктерден сенің атыңнан өздері несие ресімдеп әкетуі мүмкін. Міне, осындай арандатуға ұшыраған қаншама адам баспанасынан, көлігінен айырылып, далада қалып отыр.

Біраз жайға қанықтым. Киберполи­ция қызметкері Бекзат мен берген телефон нөмірлерді базаға енгізгенде ештеңе шықпады. Оған көмектескен телефон нөмірлері емес, ақша аударылғанын растайтын электронды түбіртек болды. Әуелгі 4815 теңге Алматы облысының Қарабалық поселкесі, Рабочая 99а, 1 деген мекенжайға түскен екен де, екінші 43 мың 461 теңге Астана қаласы, Қабанбай даңғылы, 59/1-ге барыпты.

– Бұл қалай?

– Бізде банкте есепшоттары бар көп­теген ИП қозғалыссыз тұрады. Алаяқ­тар солардың иелерін тауып алып, «біз саған ақша түсіреміз, 30 пайызын алып, 70-ін аударып отырасың» дейді. Олар қуана келіседі. Сөйтіп, екі жақ та оңай жолмен келген ақшаға қарық болып жатыр.

Астанадағы мекенжай бойынша базадан иесі кім екенін тауып ала қойды. Аты-жөні, телефоны, жеке куәлігі, көлік жүргізу куәлігі – бәрі тұр. Бірақ телефоны өшірулі. Бүкіл отбасының мәліметі көз алдыңда. Студент баласы бар екен, соған хабарласты. Әкесі Астанада болып шықты. Жұмыста, аула сыпырушысы екен. Қайта телефон соғып еді, көтерді. Полиция хабарласып отырған шаруасын айтты. «Кеше сіздің шотыңызға осындай адамнан ақша түсті. Соны қазір телефонына қайта аударып жіберіңіздер», деді.

Бекжан екінші адаммен де тілдесті. Асқар Иманбаев деген жігіт екен. Ол әзір жұмыста емес екенін, ертең кассаны көретінін, болса қайыратынын айтты. Бекжан:

– Аға, 43 мыңды алсаңыз жақсы, ал мына бес мыңдайды садақа жасайсыз ғой. Ананың сөз саптауы ұнамады деді. «Мақұл» деп алғысымды айтып, сыртқа шықтым.

«Алаяқтар алдап түсірген миллиард­таған ақша қандай мақсатқа жұмсалады екен деп ойладым, өйткені көз алдымда 2023 жылғы 263 млрд теңге көлеміндегі сома тұрды. – Экстремистік бағытқа, соғысқа, есірткіге?.. Жалған жарнаманы Kaspi банк білмей ме, білсе неге қамсыз отыр? Шамасы білетін сыңайлы, оларға бұл – жалпы бұқаралық және өте әлеуетті тегін жарнама. Содан кейін көз жұмып, қол қусырып қарап отырған болар... Ұялы байланыс операторлары тіркелмеген нөмірлерді неге өшірмейді, әлде олардан қыруар қаржы түсе ме екен? Түскен күнде де, осыдан 6-7 жыл бұрын жалпыхалықтық шара ретінде ұйымдастырылған міндет­ті тіркеу ережесі қайда қалады? Ұялы бай­­ланыс операторларының қызметін қадағалайтын құзыретті орган Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі қайда қарап отыр?

Бір жарым сағаттың көлемінде ақшам түсті. Екі тәуліктен кейін А.Иманбаевтан ақша түскен жоқ деген хабарлама келіпті. Бекжанның айтқаны тура болды.

Бұның бәрін егжей-тегжейлі тәптіш­теуіміз, қоғамдағы үлкен дерттің алдын алу және азаматтардың құқын қорғауды, дер уақытында дұрыс ақпарат беруді көздегендіктен туындап отыр.

Бұл ретте айтпағымыз: ел мен мем­лекеттің ірі тұлғаларының абыройын қор­ғау мақсатында құзырлы орындар тарапынан лауазымды азаматтарымыздың бейнесі қатыстыра отырылып жасалған ақпараттық өнімдерге мұқият қарап, ты­йым салғаны жөн. 

Ең алдымен Бас прокуратура тиісті министрлікпен бірлесе әлеуметтік желі­дегі жал­ған жарнамалық ақпараттың алдын ал­ғаны абзал. Оларға үзілді-кесілді тос­қауыл қойылуы керек. Республика күні қарсаңында М.Лом­тадзені сөйлете отырып жасалған, өтірікке құрылған жарнамалық роликтер тағы да қаптап кетті. «Kaspi Profit» платформасына алғашқы қатысу сомасын 75 мың теңгеге көтеріпті. Яғни «алдау операция­сы» өз нәтижесін беріп жатыр деген сөз.

Екінші, Бас прокуратура Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігін қатыстыра отырып, ұялы байланыс операторларының абоненттеріне тексеру жүргізіп, тіркел­меген сим-карталарды бір жұманың ішін­де өшіруін талап ету. Ендігі уақытта иесіз нөмірлерден бөгде адамдар байланы­сып жатса, байланыс операторларын қатаң жауапқа тарту шарасын қарастырған жөн.

Үшінші, Kaspi банкке басқарма төраға­сы, миллиардер Михаил Ломтад­зенің атынан жасалып жатқан жалған жарна­малардың жолын кесу, тиісті орын­дарға шағымдану шарасын міндет­теу. Сондай-ақ «Kaspi Profit» платфор­масының жалғандығы туралы халыққа ұдайы ақпарат беріп отыру.

Төртінші, Ұлттық қауіпсіздік комитеті «инвестор ретінде қаржы салып, ай сайын осынша ақша тауып отырмын» деп, «Kaspi Profit» платформасын (өзге де қаржылық алаяқтыққа бастайтын) уағыздайтын роликтегі адамдарды тауып, оларға шара қолдану қажет.

Осы мақаланы жазудағы басты мақ­сатымыз бір қолын екі, екі тиынын төрт ете алмай отырған қарапайым халық­­қа «Kaspi Profit» туралы таратылатын ақпараттың жалған екенін, оның шын­туай­тында да Каспий банкке еш қатысы жоқ екенін жеткізгіміз келеді.

Сондай-ақ, алаяқтар Kaspi банк­тің, «Хабар» арнасының, өзге де теле­арна­лардың логотиптерін өз мүдделеріне қолданып, ел арасындағы сенімділікті мей­лінше нығайтқан. Тек мұны көрсе де көр­мегендей болып отырған Kaspi банк­тің, «Хабар» агенттігінің әрекеті түсініксіз.

Алдағы уақытта жеке деректерді күдікті сайттарда қалдырмауды, күмәнді анкеталар мен формаларды толтырмауды, көрсетілген шоттарға ақша аудармау­ды қатаң түрде ұстанған дұрыс. Ондай түсініксіз жаққа жіберілген қаражат ешқашан қайтпайды. Өйткені ілік болар дерек-дәйектен жұрдай. Ендігі уақытта ақы төлеп, алданудың қажеті жоқ.

 

Әділбек Ыбырайымұлы,

жазушы