• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Сенат 02 Қараша, 2024

Инклюзивті білімнің мүмкіндігін кеңейту маңызды

259 рет
көрсетілді

Сенатта Инклюзия жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Онда депутаттар, мемлекеттік органдардың өкілдері, сарапшылар ерекше қажеттілігі бар азаматтардың сапалы білім алу мүмкіндігін кеңейту, іске асыру жолдарын талқылады. Отырысқа бірқатар министрлік пен халықаралық ұйымдардың басшылары қатысты.

Отырысты ашқан Мәулен Әшім­баев Ләззат Қалтаеваны Сенат төр­ағасының кеңесшісі болып та­ғайындалуымен құттықтады. Сон­дай-ақ ол Ләззат Қалтаева палата жанындағы Инклюзия жөніндегі кеңес­тің төрағасы болып қала бере­тінін атап өтті. Сенат төрағасы әріптесіне сенатор ретінде заң шыға­ру саласында атқарған еселі еңбегі үшін Мемлекет басшысының Алғыс­хатын салтанатты түрде тапсырды.

Іс-шара барысында палата спи­кері баршаға тең мүмкіндік жасал­ған инклюзивті қоғам қалыптас­тыру Президент қолға алған рефор­малардың маңызды басымдық­­тары­ның бірі екенін айтты. Кейінгі жыл­дары осы бағытта жүйелі жұмыс жүр­гізіліп келеді. Соның нәти­же­сінде көп­теген салада оң үрдіс байқалып отыр.

Сондай-ақ М.Әшімбаев қазіргі таңда Қазақстанда 725 мыңға жуық мүгедектігі бар адам тұратынына, оның 232 мыңы ерекше білім беруді қажет ететініне назар аударды. Сенат төрағасы олардың бәрі лайықты білім алуға құқылы екенін тілге тиек етіп, аталған мәселеде әлі де болса түйіні тарқатылмаған түйткілдер барын еске салды. Бұл, ең алдымен, кәсіптік және жоғары білім алуға қатысты болып отыр.

«Өкінішке қарай, кейінгі жылдары ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар саны артып отыр. Сондықтан барлық балаға сапалы білім алудың қолжетімділігін қамтамасыз етуді жетілдіру керек. Ерекше қажеттілігі бар адамдарды оқыту орта біліммен шектелмеуге тиіс. Олардың лайықты жұмыс тауып, қоғамның толыққанды мүшесі болуы үшін кәсіби және жоғары білім алуына да жағдай жасалуы қажет. Қазір жоғары оқу орындарында білім алып жүрген мүмкіндігі шектеулі азаматтар саны аз. Бұл аталған санаттағы адамдардың сапалы білім алуына кедергі келтіретін қиындықтар бар екенін көрсетеді. Демек, олардың әрі қарай жұмыс­қа орналасып, қоғамнан өз орнын табуы­на теріс әсер ететін мәселелер жоқ емес», деді М.Әшімбаев.

Сенат төрағасы сапалы білім алуға және мүгедектігі бар адамдардың қабілеттерін дамытуға тұсау болып отырған тағы бір өзекті мәселеге тоқталды. Бұл – еңбек нарығының осы санаттағы азаматтардың қажет­тіліктеріне бейімделмеуі.

Елімізде 2012 жылдан бері мем­лекеттік білім гранттарын бөлу кезінде 1 пайызы мүмкіндігі шектеулі жандарға қарастырылып келеді. Алайда палата спикерінің айтуынша, бұл шара жеткіліксіз. Инклюзивті білім беруге қатысты проблемаларды шешу кешенді тәсілді қажет етеді. Сондықтан бұл ретте заманауи білім беру бағдарламалары, оқытудың тиімді әдістері, ерекше білім беру қажеттілігі бар балалармен жұмыс істей алатын білікті педагогтер даяр­лау сияқты мәселелерге баса мән берген жөн.

«Бүгінде еліміздегі әрбір екінші педагог ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған жеке оқу жос­парларын әзірлеуде қиындықтарға тап болады. Бұл – мұғалімдеріміздің айтарлықтай бөлігі инклюзивті ортада жұмыс істеуге дайын емес деген сөз. Жалпы, біз ерекше білім беруді қажет ететін балалардың барлық кезеңде, яғни балабақша, мектеп, колледж және жоғары оқу орнында сапалы білім алуы үшін тиісті жағдай жасауымыз керек», деді Сенат төрағасы.

Кеңес отырысында депутаттармен бірге Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаев, Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев, Әлеуметтік инноваторлар қауым­дастығының президенті Эмин Аскеров, «Шырақ» мүгедектігі бар әйелдер қауымдастығының директоры Татьяна Баклажанская, «Қайрат Иманәлиев атындағы Мүгедектігі бар адамдардың құқықтары жөнін­дегі комиссия» қоғамдық бірлес­тігінің төрағасы Гүлмира Бора­шева, «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғам­дық қорының директоры Нұргүл Үлжекова және тағы басқа қатысу­шылар сөз сөйлеп, ерекше қаже­ттілігі бар адамдардың сапалы білім алу мүмкіндіктерін кеңейтуге қатысты тың бастамаларын ұсынды.

Отырыс соңында кеңес барлық ұсынысты жан-жақты зерделеп, мүдделі тараптардың бірлесіп жұмыс істеуі үшін тиісті мемлекеттік органдарға жолдайтыны айтылды.