Биыл еліміздің 280 мектебінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оқу жылының басынан бері 181 мыңға жуық оқушы жаңартылған мектептерде партаға отырды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, жөндеу жұмысы барысында шатырлар ауыстырылып, ғимараттар мен терезелердің қасбеттері жаңартылған. Сондай-ақ ішкі инженерлік коммуникациялар су құбыры, кәріз, жылыту жүйелері және электр желілері жөнделіп, сейсмикалық белсенділігі жоғары өңірлердегі мектептерді сейсмикалық күшейтуге ерекше назар аударылған.
Еске сала кетейік, бұған дейін министрлік бірнеше рет жөнделіп жатқан мектептерге оқу-тәрбие процесінің бұзылуына жол бермеу және оны қауіпсіз ұйымдастыру бойынша мониторинг жүргізген болатын.
«Бүгінгі таңда күрделі жөндеумен қатар, шағын қалалар, аудан орталықтары мен ауылдарда жеті бағыт бойынша заманауи стандарттарға сай 1000 мектепті жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жаңғырту балаларға оқу мен тәрбиелеу үшін қолайлы жағдай жасау, материалдық-техникалық жарақтандыруды нығайту және оқу процесінің сапасын арттыру арқылы қалалық және ауылдық мектептер арасындағы білім беру сапасындағы алшақтықты азайтуға бағытталған. Бұл жұмыстың аясында күрделі жөндеу, пәндік кабинеттермен жабдықтау, мектеп жиһаздарын жаңарту, кітапханаларды, асханаларды және қауіпсіздік шарттарын жақсарту жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда 780 ауылдық мектептегі жаңғырту жұмыстары аяқталды», делінген хабарламада.
Сонымен қатар, биыл 1383 заманауи пәндік кабинет сатып алынып, оның 843-і орнатылған.