• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Спорт 05 Қараша, 2024

Жасөспірімдер жарқыраған жарыс

165 рет
көрсетілді

Талдықорғандағы «Жастар» спорт сарайында самбодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азияның екі дүркін чемпионы, жастар ара­сындағы әлем чемпионы, дзюдодан Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Берік Жетпісбаевтың жүлдесі үшін жасөспірімдердің респуб­ликалық турнирі өтті.

Елімізде балуандық өнердің өркендеуіне Берік Жетпісбаев өзіндік үлес қосты. 90-жылдары ол еліміздің белді сам­бошыларының бірі әрі бірегейі болды. Әуелі 1995 жылы Софияда жас­тар арасында әлем чемпионы атанса, 1996 жылы ересектердің дүниежүзілік додасында қола медальды мойнына ілді. Әлем кубогі жолындағы жарыс­та бірнеше мәрте жеңіс тұғырына көтеріліп, қатарынан екі рет Азия чемпионатын ұтты. Басқа да көптеген халықаралық турнирлерде топ жарды. Одан кейін Жетпісбаев дзюдоға ауысты. Бұл ретте де ол өзінің мықтылығын мо­йындатты. Манарбек Таутановтай білікті бапкерден тәлім-тәрбие алған қарымды жастың 1996 жылы Атлантада алауы тұтанған Олимпия ойындарына қатысуға мүмкіндігі болды. Сол тұста кейіпкеріміз еліміздің барлық белді балуандарын жолынан ығыстырды. Алайда ондай бақ Берікке бұйырмады. Ғаламдық дода қарсаңында қапияда алған ауыр жарақат алды. Соның салдарынан Жетпісбаев Америкадағы аламаннан шет қалды.

– Біз отағасы екеуміз өмір бойы Жетісу облысы Кербұлақ ауда­нының Қоянкөз ауылында мал шаруа­шылығымен айналысып, қарапайым тіршілік еттік. Ұлымыз Берік балау­са шағынан спортқа бейім болды. Сабақтан оралғаннан кейін бізге көмектесіп, үй шаруасымен айналысатын. Кеш бата спорт залына асығады. Жаттығуға бармай қалса, ауылда бап­керлік қызмет атқарып жүрген Бақыт Қоқысбеков ағалары үйге іздеп келеді. Ол кісі қыс па, жаз ба, күн бе, түн бе – қарамайтын. Шәкірттерін алдына салып алады да, спорт залынан бір-ақ шығарады. Сол жерде балалар ақ тер, көк тер болып жаттығады. Міне, соның арқасында Берік мықты балуанға айналып, елге елеулі азамат болды, – деп Беріктің анасы Тұрахан Жабықбайқызы өткен кездерді еске алды.

Бозкілеммен қош айтысқаннан кейін Б.Жетпісбаев жаттықтырушылық қызмет атқарды. Оның ең үздік шәкірті Азамат Мұқанов самбодан әлем чемпионы, әлем чемпионатының төрт дүркін қола жүлдегері, дзюдодан әлем чемпионатының финалисі, Азия ойындары мен құрлық бірін­шілігінің қола жүлдегері атанды. Берікке «Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы» атағы берілді. Бұл күндері жеке кәсіпкерлікпен айналысып жүрген кейіпкеріміз спортшыларға үнемі қолдау көрсетеді. Әсіресе, оның дарынды жастарға деген ілтипаты ерекше. Солардың бағын ашып, моральдық, материалдық тұрғыдан демеп, дұрыс бағыт-бағдар беруді өзіне парыз санайды. Осы спорт түрінің тізгінін ұстаған азаматтар еңбегін елеп, былтыр Берік Сәрсенбайұлын Жетісу облысы дзюдо федерациясының вице-президенті қызметіне тағайындады.

Аталған турнирді тамашалауға елімізге еңбек сіңірген жаттықты­ру­шылар – Бақыт Қоқысбеков, Сәрсенбек Шәрапиев, Саят Құдайбер­генов, Болат Қожахметов, Дастан Сәдуақасов «Жастар» спорт сарайына арнайы ат басын бұрды. Құрметті қонақтар ложасында Сидней Олимпиадасының қола жүлдегері Айдын Смағұлов, жасөспірімдер Олимпиадасының жеңімпазы Ерлан Сіләмбай, Азия кубогінің күміс жүлдегері Ержан Кенжебаев, әлем чемпионы Қайрат Күнсафин сынды саңлақтар отырды. Ашылу салтанаты кезінде «Ай­бын», «Құрмет», «Намыс» орден­д­е­рінің иегері, Талдықорған қаласының құрметті азаматы Қазбек Бейсе­беков жарыс иесінің кеудесіне «Же­тісу батыры» төсбелгісін тақты. Ал респуб­ликалық федерацияның президенті Қуа­ныш Есекеев құттықтау хатын жол­дап, жарыс иесін «Дзюдо тарланы» атағымен марапаттады.

– Жаттықтырушылық қызмет атқарғанда мен ең бірінші кезекте шәкірттерімнің тәртібі мен жүріс-тұрысына жіті мән беремін. Әри­не, солардың арасынан әлемді м­ойындатқан марқасқалар шығып жатса, нұр үстіне нұр. Онда қуа­намыз. Бірақ бозкілемде тер төккен балуан­дардың барлығы чемпио­н болмайтыны айдан анық. Сол себепті де, әу бастан адал еңбектің қадірін түсініп, жауапкершіліктің жүгін сезінетін, оң мен солын ажырата алатын, айналасындағы адамдарды сыйлап, халқы мен ұлтын айрықша қастерлейтін, Отаны үшін отқа түсуден де тартынбайтын абзал азаматтарды тәрбиелеуді көздедім. Бұл – өмірлік ұстанымым. Шағын ғана Қоянкөзден шыққан әлем чемпионы ретінде мені қастерлеген ауылдастарым алғаш рет 90-жылдардың басында осы жарыстың тұсауын кескен еді. Заманның аумалы-төкпелі кезеңінде ол дәстүр үзілді. Кейіннен достарымның арқасында Сарыөзек пен Қапшағайда жарысты қайта жандандырдық. Ал соңғы жылдары Талдықорғандағы осы зәулім сарайда өтіп келеді. «Жастарға» жиналған балғын балуандардың өнерін тамашалай отырып, олардың жеңіске деген ұмтылысы мен құштарлығын көргенде ерекше күй кешеміз. Елімізде дарынды әрі қарымды жастар жетерлік. Олардың шеберлігін одан әрі шыңдап, халықаралық аренада атой салатындай деңгейге жеткізу – біздің міндетіміз. Сөз орайы келгенде, республикамыздың әр өңірінен жиналған жас өрендер арасындағы жарыстың ойдағыдай өтуіне айрықша үлес қосқан Руслан Ырым­жанов, Мақсат Нүсіпов, Қайсар Шымырбаев, Мұрат Ерденбеков, Алмас Жапаров, Рамахан Ханьяров, Самат Жылқыбаев, Бағлан Байұзақов, Елдос Қалиев, Талғат, Әділет Нұрахметовтер, басқа да жанашыр жандарға зор алғыс білдіремін, – дейді Берік Жетпісбаев.

Аталған жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Спорт сарайының қақ ортасына төрт татами төселді. Ондайды тіптен ресми халықаралық додалардың өзінде сирек көреміз. 500-ге тарта жас өрен екі күн бойы бір-бірімен айқасып, кімнің мықты, кімнің осал екенін анықтады. Бәсекелер барысында тәртіптің қатаң сақталуы мен төрешілер тарапынан ешбір ағаттықтың болмауын Айдос Валиев пен Батыр Машеков бастаған майталман мамандар жіті қадағалады. Турнир қорытындысында төменде аталған балғын балуандар бас жүлдені олжалады:

Қыздар: 40 кг – Шахсанам Рақым­жанова (Алматы қ), 44 кг – Зере Талғатқызы (Жетісу), 48 кг – Айдана Әнуарова (Алматы обл), 52 кг – Қымбат Аю (Астана), 57 кг – Әйгерім Сержанқызы (Жетісу), 63 кг – Меруерт Әділжан (Жетісу), 70 кг – Ботагөз Марлен (Жамбыл), +70 кг – Қадиша Сақи (Алматы обл).

Ұлдар: 50 кг – Санжар Маратұлы (Шығыс Қазақстан), 55 кг – Сұңқар Сембай (Жетісу), 60 кг – Бекарыс Әділмұратов (Шығыс Қазақстан), 66 кг – Батыржан Мақсатұлы (Алматы қ), 73 кг – Темірлан Дамирұлы (Шығыс Қазақстан), 81 кг – Шәміл Келяшов (Алматы обл), 90 кг – Бекболат Абдолла (Астана), + 90кг – Ералы Базарқатов (Шығыс Қазақстан).