• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Денсаулық 05 Қараша, 2024

Онкологияны емдеудің тың әдісі

58 рет
көрсетілді

Ел медицинасында ядролық медицинаның қатерлі ісікті емдеуге арналған тағы бір тың технологиясы енгізіледі. Осы мақсатта Президент Іс басқармасы Медициналық орталығының ауруханасы Ядролық физика институтымен күш біріктіріп отыр.

Денсаулық сақтау ми­нис­тр­­лігінің Ядро­­лық медицина жөнін­де­гі штаттан тыс бас маманы, ПІБ МО ауруханасының ядролық медицина орталығының басшысы, медицина ғылым­дары­ның докторы Айгүл Сәдуақасова жаңа әдіс-тәсілдің шарапатын көретін күн алыс емесін айтады.

«Әлемдік медицина ғылымы тераностика бағытында алға тағы бір қадам жасады. Еліміз медицинасы дамыған басқа мемлекеттерден қалыспайды. «Тераностика» термині терапия, диагностика деген халықаралық екі сөзден тұрады. Яғни біз осы әдіс арқылы изотоппен дертті ерте бастан диагностикалап қана қоймай, емдей аламыз. Мұндай дәрінің басты ерекшелігі – дәл жеткізу моделінде. Нақтыласақ, ол обыр клеткаларына тән молеку­лаларды танып, емдік, диаг­нос­тикалық агентті зардап шеккен жасушаларға дәл жеткізе алады, – дейді А.Сәдуақасова.

Бүгінде Ядролық медицина орталығы аясында осындай радиофармацевтикалық препараттардың көмегімен онкологиялық аурулардың диаг­ностикасы ғана жүріп жатыр. Алда әлі осы әдіспен емдеуге басымдық беріледі. Бұл технологиялар – онкологияны емдеудің жаңа белесі. Науқастарға, жалпы еліміздің денсаулық сақтау саласына аса қажет. ПІБ Медициналық орталығының ауруханасында елдегі ең озық Ядролық медицина орталығы бар. Сондықтан тераностика технологиясын кейінге қалдыруға еш негіз жоқ. Жақында ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиев­тен институт тек іргелі, қолдан­балы ғылыммен айналысумен шек­телмейтінін білген едік. Онда онкологиялық дерттерді емдеуге арналған радиофармацевтикалық препараттар өндірісі де жолға қойылған. Енді институт басшы­лығы жыл соңына дейін шығары­латын радиофармпрепараттар тізімін кеңейтіп, Самарий-225, Лютеций-177 препараттарын шығаруды көздеп отыр.

А.Сәдуақасованың айтуынша, тераностика технологияларын дамыту, бейімдеу Атом энергетикасы мен ядролық медицинаны дамыту жөніндегі Жол картасына енген. Соған сәйкес, 2024-2030 жылдар аралығында жоспарлы, ауқымды жұмыстар іске асады. Құжат Үкімет жанынан құрылған Ядролық физиканы (радиохимияны) дамыту жөніндегі кеңес жұмысының шеңберінде үйлеседі.

«Келер жылы біз радиоэмболизацияны енгізгіміз келеді. Радиоэмболизация – бауыр артериясы арқылы изотоптарды бауырдың ісік тініне, оның сау бөлігіне әсер етпей, ағзаға уытты әсер жасамай енгізу әдісі. Ол изотоптарды аз қолдану арқылы ісіктің өзін некротизациялауға мүмкіндік береді. Яғни онкологияда химиясыз, сәулелік әсерсіз емдеудің балама жолы пайда болады», дейді А.Сәдуақасова.

Сондай-ақ 2024-2030 жыл­дарға арналған Жол картасы аясында ПІБ Медициналық орталығының ауруханасы база­сында Ядролық медицина мәселелері жөніндегі құзыреттер орталығын ашу жоспарла­нып отыр. Құзыреттер орталығы жаңа радиофармацевтика­лық дәрілік препараттарды қолдана отырып, ядролық медицинаның (тераностиканың) заманауи әдістерін әзірлеуге, тестілеуге мүмкіндік береді. Осылайша, онкологиялық ауру­­ларды диагностикалап, радио­­маркерлерді пайдалана отырып метаболикалық зерттеу жүргізудегі жетістіктердің ауқымын кеңейтуге жол ашыл­ғалы тұр. Демек ауруды ерте бас­тан анықтау әрі оның сипатын да ерте, дәл табу жеңілдейді. Бұл – науқастарды емдеу ісінде аса маңызды қадам.