КСРО әскері сапында ядролық оқтұмсықтарға арналған зымырандар ұшырып, сынаққа қатысқан жан Шымкентте тұрады. Бұл жауапты әрі құпия әскери маман иесінің аты-жөні – Дүйсенбек Дәрібаев.
Ол қазіргі Бәйдібек ауданы Шалдар ауылында туған. 1990 жылы әскер қатарына алынып, Ленинград қаласында әскери борышын өтейді. Д.Дәрібаев көпбалалы отбасыдан шыққан үйдің кенжесі болды. Әкесі майдангер болғандықтан, Дүйсенбек те әскерде қызмет етуді қалады.
Алты айлық оқу-жаттығудан соң ағамыздың алдында кейінгі әскери борышын қайда өтейтіні туралы таңдау тұрады. Сөйтіп ол бірнеше қазақ жігітімен ақылдасып, Беларусь елін таңдайды. Беларусьтің Витебск облысы Заслонов поселкесіндегі әскери бөлімшеге түседі. Арада көп уақыт өтпей ядролық қару-жарақпен жақын танысуға рұқсат деген қаулы шығады. Мұндай құжаттар кезінде мемлекеттік құпия саналды. Дүйсенбек 9М79 ұшыру қондырғысының операторы болған. Доңғалақты өздігінен жүретін қондырғы суда да жүзе алады. Әскерде қазақ сарбазының міндеті ұшыру қондырғысына зымыранды қабылдап алу еді. Зымырандарды таңбасына қарай ажыратады. Мәселен, АА-86 маркалы зымыран – ядролық оқтұмсықты ракета. Әскери тәртіп бойынша зымыранды қабылдап алып ұшырып жіберу 15 минут уақытты алуға тиіс. Ағамыздың айтуынша, 120 шақырым жерге ұшырылған зымыран 1 минут 20 секунд ішінде жетіп барады екен.
Кейіпкеріміз мәлімдегендей, КСРО заманында төрт сынақ алаңы болыпты. Бұлар – Семей, Капустин Яр, Жаңа жер, Азғыр полигондары. Жаңа жерде өте жойқын жарылыс жасалған. Оның биіктігі ондаған шақырымға созылған. Жарылыс қуаты 100 килотоннаға жеткен. Ядролық бомба жарылғанда радиусы 5 шақырым аумақты от-жалын шарпиды. Әрі қарай жарылыс толқыны алдынан кездескен бүкіл нәрсені жайпап, жоқ қылады. Одан кейінгі радиация барлық тіршілік атаулыға орасан зиянын әкеледі. Радиацияға ұшыраған аймақ жүздеген жыл бойы тұруға жарамсыз болып қалады. Осындай жойқын қаруды жаратын маман ретінде жаттыққан ағамыз зымырандардың қуаты қисапсыз құдіретке ие екенін мойындайды.
«Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін елдер зымырандармен соғысатын халге жетті. Қазір ракеталардың мүмкіндігі артып, тіпті дәлдігі мен жарылыс қуаты жағынан дамып кетті. Соғыс кезінде зымыран түскен жер айналасын тып-типыл қылып жібереді. Сол үшін ракеталық әскердің әскер саласындағы мәртебесі мен орны бүгінгі таңда өте жоғары. Сондықтан еліміз әскери өнеркәсіп кешенін өркендету бағытында бірінші кезекте зымыран құрастыру саласын қолға алған жөн. Осы күнде соғысу тактикасы өзгерген. Дәл тиетін зымыран, дрондармен атқылайды. Шешім қабылдайтын штабтың көзін жойсаң бітті, жаудың жүрісін жаңылдырып жібересің. Сол себепті әлемде болып жатқан бүгінгі геосаяси тұрақсыздықтарға қарап, отандық зымырандар өндірісін дамытудың қажеттілігі өздігінен туындайтынын байқау қиын емес», деді қорғаныс саласының ардагері.
Сондай-ақ бұрынғы құпия әскер сарбазының айтуынша, елімізде одақ тарқамай тұрғанда 9М79 ұшыру қондырғысы да, құрлықаралық зымырандар да болған. Қазір ұзақ қашықтығы 500 шақырымға дейінгі зымырандар отандық қорғаныс арсеналында әлі де бар. Бірақ олардың оқтұмсықтарының ешқайсысы – ядролық емес. Ағамыздың әскерде өзі секілді зымыран ұшыру қондырғысының операторы болған бір орыс досы болған екен. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары осы кәсібін әрі қарай жалғастырған әлгі досы Байқоңыр ғарыш айлағында маман болып жұмыс істепті. Сол себепті қазақ жастарын зымыран саласы іліміне оқытып, көбірек маман даярлап шығару қажеттігін айтады ардагер.
2020 жылы Президент Жарлығына сәйкес ядролық сынақтар мен жаттығуларға қатысқан сарбаздар соғыс ардагерлеріне теңестірілді. Бірақ оны дәлелдеу Д.Дәрібаевқа оңайға соқпады. Қаншама құжат жинап, сонау Беларусь еліне сұрау салуына тура келді. Ақырында шынымен де ядролық сынақтарға тікелей қатысы бар сарбаз болғанын дәлелдеп шықты. Сонымен қатар оның 3-топ мүгедектігі сәулелі радиацияға байланысты екенін арнайы медициналық мекеме растап, тиісті анықтама берген. Бүгінгі таңда кейіпкеріміз осы мәртебесі арқылы мемлекет тарапынан әлеуметтік жеңілдікті пайдаланып жүр.