Алматыдағы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры болып жүргенімде, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, МГУ-дің Ломоносов атындағы сыйлығының лауреаты, есімі республикадан асып, шетелге де танымал тілші-ғалым, педагог Валентина Жұмағұловамен бірге қызметтес болдым.
Ең алдымен, тегі басқа болғанымен, Валентина Ивановнаның бойынан инабаттылық, терең білімділік, жауапкершілік сияқты қасиеттерді жақын таныдым. Валентина Ивановнаның әжесі, яғни анасы Мария Райштеттер ханымның анасы кезіндегі Аустрия – Мажарстан империясынан тараған белгілі князьдің қызы болып шықты. Мажарлардың, яғни қыпшақтардың қаны бар текті ұрпақтың тұқымы.
Білімділік пен біліктілік, кішілік пен кісілік ата-баба рухымен жалғасып келе жатыр.
Мемлекет және қоғам қайраткері, қолданбалы математиканың ірі тұлғасы Бақытжан Жұмағұловтың сүйікті жары екенін жақсы білетінмін. Өйткені Б.Жұмағұловпен бірге Білім және ғылым министрлігінде, Парламент Мәжілісі мен Сенатында бірге қызмет атқардық.
Жарты ғасыр бойы адалдық пен парасаттылықтың, махаббаттың үлгісі болып келе жатқан Жұмағұлов отбасы туралы айту әрі жеңіл, әрі қиын. Жеңілі – өмір жолдарын, күреспен жеткен жетістіктерін жақсы білемін. Қиындығы – екі түрлі сала мамандықтарына қарамастан, олардың гармониялық үйлестілігін оқырманға жеткізу оңай ма? Валентина Ивановна қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін үздік бітірді. Аспирантурасында оқыды. Ол – қазақтың классик жазушысы Мұхтар Әуезовпен бірге ұстаздық еткен, атақты тілші, ғылымда, қоғамдық өмірде ерекше орны бар, көрнекті педагог Валентина Исенғалиеваның шәкірті.
Өмір ызғары кейде адамның жұмыс жоспарын өзгертіп жібереді. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі бұл отбасына да өзінің қара қыспағын ала келді. Бақытжан Жұмағұлов жұмыстан қуылып, «ұлтшылдық» таңбасы қойылып, қызметсіз қалды.
Әлдебіреулер болса, мұндай қилы заманда мойып қалар ма еді?
– Валя, сен қиналма, кандидаттық диссертацияң талқылаудан өтті, авторефератың шықты, соны қорғауға кіріс, – деді Бақытжан Жұмағұлов. – Мен жүрдек пойыз сияқты кейін қуып жетемін.
– Қуып жетіп, озып кетесің, – деген екен сол сәтте Валя күйеуіне.
Желтоқсан ызғары қатты болды. Жұмағұлова деген фамилиямен диссертация қорғау мүмкін бе? Қиындық адамды шыңдайды. Ғылыми жетекшісі В.А.Исенғалиеваның жетекшілігімен Валентина Ивановнаның диссертациясы қатардағы ғылыми кеңесте емес, сол кездегі Ташкенттегі атақты Орта Азия мемлекеттік университетінің ғылыми кеңесінде қорғалды. Ғылыми кеңестің 21 мүшесінің 20-сы ғылым докторлары мен академиктері еді.
Бұл 1988 жыл болатын.
...Шырылдаған шындық бар екен. Бақытжан Тұрсынұлы бар-жоғы он жылдың ішінде әлемге әйгілі ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды. Шынында, ол жүрдек пойыздан да ұшқыр ұшақтай, ғылым мен білім кеңістігінде жарқ етіп көрінді. Берекелі ғалымдар отбасына айналды. Валентина Ивановна ғылыми жұмысы мен педагогикалық қызметін абыроймен атқарып, көп жыл кафедра басқарды. Бұл жылдар Валентина Ивановнаны ұстаз бақытына жеткізді. Қаншама қызға білім ғана емес, ұлттық тәрбие берді. Талантты жастарды қамқорлығына алды. Ғылымға баулыды. Бұған Валентина Ивановнаның 40-тан астам ғылым докторы мен кандидатын, магистр мен PhD-лерін даярлағаны дәлел бола алады.
Осылай, Валентина Жұмағұлованың ғылыми мектебі қалыптасты. Осы кезеңде ол жүздеген мақала, көптеген оқулық пен монография жариялады. Олардың көпшілігі шетелдік ғылыми ортада зор құрметке ие болды. Жұмағұлов отбасының үндестік тапқан өмірінен ұлттық құндылықтарға толы дара өмірбаян көресің. Көресің де, қуанасың. Өмірде осындай жаны таза, рухы биік адамдармен бірге қызмет істеу ғанибет емес пе? Валентина Ивановна қазір де өзінің сүйікті университетінде профессор қызметін атқарады. Әйгілі тілші Валентина Жұмағұлова атындағы аудитория да бар. Оқыған дәрістеріне Алматының басқа да жоғары оқу орындарының студенттері келіп қатысуы – оның жоғары дәрежелі ұстаз екенінің үлгісі.
...Академик Бақытжан Жұмағұловтың 70 жылдық мерейтойы өтіп жатты. Ұлы – Руслан, экономика ғылымдарының докторы, қызы – Алина, заң ғылымдарының кандидаты сөз сөйлеп, ән шырқады, арнау өлең оқыды. Көп ғалымдар, қайраткерлер құттықтау сөз сөйледі. Көпшілігі: «Валентина Ивановнаның арқасында Бақытжан Тұрсынұлы үлкен жетістікке жетті», деген тұрғыда марапат сөздер айтты.
Ал Валентина Ивановна өз сөзінде:
– Баршаңызға рахмет. Барлық жетістікке Бәкең өзі жетті, мен оған кедергі жасаған жоқпын, – деп еді.
Бұл – сыйластықтың, берік сенімнің көрсеткіші емес пе?
Валентина Ивановнаға: «Сіз ең атақты тілші-педагогсіз» дейтін едім. Сөзім – сөз.
Әлі де сол ойдамын.
Динар НӨКЕТАЕВА,
Сенаторлар кеңесінің мүшесі, қоғам қайраткері