• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Экономика 05 Қараша, 2024

«Жылдам жеңістер» тұрақты экономикалық дамудың негізі емес - Әділ Құсманов

67 рет
көрсетілді

«Экономикалық зерттеулер институты» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Әділ Құсманов еліміздің экономикалық даму жолында оң әсер еткен реформаларды атап өтті. Оның айтуынша, экономиканы либерализациялау, мемлекеттің есептілігі және мүмкіндіктердің теңдігі сынды ұстанымдардың нәтижесі таяу болашақта көріне қоймағанмен, болашақта пайдалы болары сөзсіз, деп жазады Egemen.kz.

Әділ Құсманов либерализация бағытындағы жоспарлы жұмыстың алдын ала нәтижесі ретінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Экономиканы либерализациялау шаралары туралы» Жарлығына назар аударады.

Онда кәсіпкерлердің еркін жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған бастамалар көрсетілген. Оларға бәсекелестікті дамыту,  мемлекеттің экономикаға қатысуын азайту және бизнестің шығындарын төмендету кіреді.

«Мұнда мемлекеттік сатып алуларда «сары беттер» қағидасын енгізуді, жекешелендіру жөніндегі ұлттық кеңсені құруды және жекешелендіруге жататын мемлекеттік нысандарға нақты талаптарды әзірлеуді атап өту қажет. Есептілікті қамтамасыз ету бойынша, мемлекет басшысының «Ұлттық қор – балаларға» бастамасына назар аудару маңызды. Оның тікелей экономикалық және әлеуметтік бағытына қарамастан, бұл бастаманың негізгі мағыналарының бірі – Ұлттық қордың қызметінің ашықтығы және қоғамдық бақылауы. Тағы бір оң әсері – Қор қаражатын тиімдірек пайдалану және оның табыстылығын арттыру болып табылады», дейді Әділ Құсманов.

Барша азаматтардың мүмкіндік теңдігін қамтамасыз ету мәселесінде мемлекет базалық мүмкіндіктер деңгейін көтеру саясатын ұстанып отыр. 

«Бұл сапалы білім мен денсаулық сақтауға тең қолжетімділікті (мысалы, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы, мектепке дейінгі және мектептегі біліммен қамтуды кеңейту және т.б.), негізгі инфрақұрылымға қолжетімділікті арттыруды және тұрғын үй-коммуналдық қызметтерді үздіксіз жеткізуді қамтиды. Мемлекет өсіп келе жатқан сайын, «жылдам жеңістер» дәуірі аяқталып, кейінгі мемлекеттік өзгерістердің сипаттамалары негізділік пен ұзақ мерзімділікке айналып жатыр. Қазіргі уақытта Президент Қ. Тоқаевтың негізгі реформалары дәл осы жолмен жүзеге асырылып жатыр», дейді «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ басқарма төрағасының орынбасары.