• RUB:
    5
  • USD:
    488.91
  • EUR:
    532.62
Басты сайтқа өту
Сенат Бүгін, 15:43

Объективті статистика тиімді шешім қабылдауға көмектеседі – Мәулен Әшімбаев

18 рет
көрсетілді

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев бір топ депутатпен бірге Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросына барып, жаңа цифрлық технологиялар арқылы статистикалық деректер қалыптастыру жұмысымен танысты, деп жазады Egemen.kz.

Мәулен Әшімбаев өз сөзінде өзекті, ашық және сенімді статистикалық деректер қазіргі кезеңдегі жағдайды объективті бағалауға, сондай-ақ, стратегиялық бағдарламалар мен жобалар әзірлеуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Жалпы өңірлердің әлеуметтік-демографиялық жағдайындағы теңгерімсіздік, жастарды жұмыспен қамту және жас отбасыларды қолдау мәселелері елдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуы жолындағы маңызды бағыт екені анық. Сондықтан Мемлекет басшысы бұл салаға үнемі баса мән беріп келеді.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев бізге Big Data-ны талдау және жасанды интеллектті пайдалану жөнінде нақты міндеттер жүктеді. Шын мәнінде, статистика – талдау жүргізу, болжам жасау және тиімді шешімдер қабылдаудың негізі. Өзекті, ашық, сенімді ақпарат стратегиялық бағдарламалар әзірлеуге және елдің орнықты дамуына оң әсер ететіні сөзсіз. Осы тұрғыда Сенат Ұлттық статистика бюросына қажетті заңнамалық қолдау көрсетуге дайын», деді Мәулен Әшімбаев. 

Сонымен қатар Сенат Төрағасы ашық және қолжетімді статистика қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімін арттырып, халықаралық ұйымдармен және инвесторлармен қарым-қатынастарды нығайтуға оң әсер ететініне назар аударды. Мұндай жағдай елдің орнықты дамуына да ықпал етеді. Палата Спикері осыған байланысты статистика саласындағы жұмысты жетілдіру үшін жаңа тетіктерге, оның ішінде Big Data-ға және зерттеу тәсіліне ерекше мән беру керек екенін айтты.

«Астана мен Алматыда зерттеуші кабинеттерінің ашылуы деректердің қолжетімділігін арттырудың озық үлгісі екені анық. Осыған байланысты отандық және халықаралық зерттеушілер иесі көрсетілмеген деректермен жұмыс істеуге мүмкіндік алып отыр. Бұл ғалымдармен және ғылыми ұйымдармен ынтымақтастықты нығайтады. Сондай-ақ ұзақ мерзімді зерттеулер жүргізуге қажетті аналитикалық база қалыптастыруға ықпал етеді. Талдау технологиялары мен Big Data-ны белсенді енгізу де осы саладағы маңызды қадам екенін атап өткен жөн. Бүгінде біздің алдымызда жасанды интеллект көмегімен деректерді жинау және өңдеу әдістерін дамыту міндеті тұр. Деректердің ашық, объективті, жедел және толық болуын қамтамасыз ету – мемлекеттік статистика жүйесінің алдында тұрған маңызды міндет. Өйткені аталған деректер елдің одан әрі дамуына ықпал етеді», деді Мәулен Әшімбаев.

Өз кезегінде Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Жандос Шаймарданов депутаттарға Агенттіктің алдағы кезеңге арналған жоспарлары мен жобалары туралы айтып берді. Одан бөлек, кездесу барысында Ұлттық статистика бюросы басшысының орынбасары Фархат Қалиев, «Ақпараттық-есептеу орталығы» РМК директорының бірінші орынбасары Сәрсен Жаңабеков және тағы басқа сарапшылар баяндама жасап, сөз сөйледі.