Өңірде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған бірінші мектеп пайдалануға берілді. Қостанай ауданының Заречный кентінде бой көтерген заманауи мектепте 900 бала мемлекеттік тілде білім алады.
Мектептің ашылу рәсіміне облыс, аудан басшылары, сала ардагерлері, ауыл тұрғындары, жаңа мектепке қабылданған балалар, ұстаздар қатысты. Салтанатты жиында бір жылдың ішінде салынып, ел игілігіне беріліп отырған жаңа мектептің құрылысына 5 млрд теңге қаржы жұмсалғаны, мұнда баланың сапалы білім алуына қажет барлық жағдай қарастырылғаны айтылды.
Салтанатты іс-шарада сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқали көпшілікті құттықтай келіп, өңірде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында тағы алты мектеп ашылатынын айтты.
«Жалпы, бұл ұлттық жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бақылауында және Президент биылғы Жолдауында орта білімнің сапасы табысты ұлт болудың маңызды шарты екенін, әрбір оқушының сапалы білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс екенін айтқан болатын. 2025 жылдың соңына дейін облыста сегіз мың оқушыға арналған 11 заманауи мектеп пайдалануға беріледі. Оның алтауы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде салынады. Бүгін Заречный ауылының тұрғындары үшін 900 орындық мемлекеттік тілде оқытатын жаңа мектеп есігін айқара ашып отыр. Қазірде аталған мектепке 500 астам бала қабылданды. Бұл мектепте жұмыс істейтін мұғалімдердің 60 пайыздан астамы жоғары білікті мамандар екенін де айта кеткен жөн», деді Ринат Зәкиұлы.
Жаңа мектеп материалдық-техникалық жабдықталуы жағынан өңірдің өзге мектептеріне үлгі болып келе жатқан Назарбаев зияткерлік мектебі мен «Білім-инновация» лицей-интернатынан кем түспейді. Ұлттық жобаға сәйкес заманауи форматта салынған үш қабатты ғимарат бастауыш, орта және жоғары буындағы оқушылар жеке-жеке оқитын дербес үш блокқа бөлінген. Әр блоктың өз спорт залы бар. Мектепте 100-ден астам оқу кабинеті жұмыс істейді. Физика, химия, биология пәндері қабинеттерінің жеке зертханалары бар. Роботтехника кабинеттері мен компьютерлік сыныптарға, STEM-зертханаларға толықтай ең соңғы үлгідегі оқу құрылғылары орнатылған. Оқу кабинеттерінің бәрі интерактивті тақтамен, шет тілдері кабинеттері лингафонмен жабдықталған.
Оқушылардың жан-жақты дамуына жол ашатын түрлі шеберханалар, әмбебап мәжіліс залы, кітапхана, үлкен оқу залы, оқушылар мен мұғалімдерге арналған коворкинг залдары, жылдамдығы жоғары интернет – осының бәрі жайлы мектепте оқушының сапалы білім алуына қажет дүниенің бәрі бар екенін аңғартып тұр. Жаңа мектеп мүмкіндігі шектеулі балалардың білім алуына да жайлы әрі қауіпсіз: пандустар, тұтқалар, көру қабілеті нашар оқушыларға бағдар көрсететін белгілер, табло, көрсеткіштер бар.
Білім ошағында мұғалімдер мен техникалық қызметкерлерді қосқанда 100 адам жұмыс істейді.
«Бұрынырақта салынған мектептерде мұндай мүмкіндік болмады ғой. Біздің мектепте, мысалы, өзге білім ордаларында жоқ STEM лабораториясы, биотехнология зертханасы бар. Оқушыны былай қойып, мұғалімдердің өздері сабағымыз қызықты өтетін болды деп қуанып жатыр. Өйткені бізде мұғалімге де, оқушыға да керектің бәрі бар», дейді мектеп директоры Қарлығаш Алдамбергенова.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірде тағы бес мектеп салынып жатыр. Оның екеуі – Қостанайда, қалғаны Арқалық, Рудный қалалары мен Әулиекөл ауылдарында.
Қостанай облысы