• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Қоғам 07 Қараша, 2024

Сенатор Дархан Қыдырәлі футбол федерациясын тексеруді сұрады

130 рет
көрсетілді

Бүгін Сенаттың жалпы отырысы барысында депутат Дархан Қыдырәлі отандық футболдағы шешілуі тиіс өзекті мәселелерге назар аударды, деп жазады Egemen.kz. 

Сенатордың сөзінше, Қазақстан фуболының бүгінгі деңгейі сын көтермейді. Кейінгі маусымда ел чемпиондары тек пенальти сериясы арқылы анықталғаны осыған дәлел. Дархан Қыдырәлі әлемдегі ең танымал спорттың елдегі дамуы ақсап тұрғанын сапасыз салынған стадиондармен байланыстырды.

«Елімізде осы 30 жылда 2 стадион ғана салынған екен. Алайда соның екеуі де, небәрі бір ойыннан кейін жарамай, жабылған «Түркістан арена» да, «Астана Арена» да қайта күрделі жөндеуден өтті. Қалған стадиондар ескі, көбі УЕФА талаптарының төменгі деңгейіне де сай келмейді. Ал кейбір өңірлер жыл аралап тозығы жеткен стадиондарын қайта күрделі жөндеуден өткізеді. Оның орнына осы қыруар қаржыға әрбір облыс орталығында талапқа сай стадиондар неге салынбайды? Мұнда жемқорлық жоқ па?», деді Дархан Қыдырәлі. 

Ол бір кездері футбол ойнау шеберлігі біздің елмен деңгейлес болған Грузия, Өзбекстан балалар футболын қолдау, мамандар даярлау, инфоқұрылымды дамыту, бірыңғай жүйе қабылдау, футбол алаңдары мен стадиондар салу арқылы нәтижеге жеткенін ерекше атап өтті. 

Сенатор премьер-лигадағы жүйесіздікпен қатар, Ұлттар лигасы сынды әлемдік доп додаларындағы анти-рекордтарға жол беріп отырған өзге елден келген бапкерлердің айлығына сұрау салды. Алаңда жаппай легионерлердің доп тебуін де түйреп өтті.

«Еліміздегі футболды дамытуға жауапты федерацияның жылдық бюджеті 10 млрд теңгені (20 млн еуро) құрайды. Бұл қаражаттың қайда, қалай жұмсалып жатқаны туралы ашық мәлімет жоқ. Командасы қарсыластар қақпасына бір гол сала алмай анти-рекорд жасап отырғанына қарамастан өзі Еуропаның азулы құрамаларының бапкерлерінен көбірек жалақы алатын ұлттық құраманың бас бапкерінің айлығы құпия. Федерация бұл ақпаратты кімнен жасырады?», деді сенатор.

Дархан Қыдырәлі Үкімет басшысына жолдаған сауалын қорытындылай келе, футболдағы жүйесіздікті заң шеберінде реттеуді ұсынды. Мұндай тәжірибе әлем елдерінде бар екенін ескертті.