• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Теннис 08 Қараша, 2024

Еленаның жолы болмады

32 рет
көрсетілді

Бұл күндері Сауд Ара­биясының Эр-Рияд қала­сында әлемнің ең үздік сегіз теннисшісінің қаты­суымен WTA-ның қо­рытынды турнирі өтіп жатыр.

Маусым қорытын­дысында үздіктер санатына енген еліміздің бірінші, әлемнің бе­сінші ракеткасы Елена Ры­бакина «күлгін» тобында ойнады. Жылды жақсы та­быс­пен бастағанымен, жа­рақат алуына байланысты біраз турнирге қатыса алмай, ойын тәжірибесінен қол үзіп қал­ған, оның үстіне бес жыл бойы жаттықтырып келген бап­керімен қош айтысқан Елена тұ­саукесер кездесуінде Жасмин Паолиниге (Италия) 6:7, 4:6 есе­бімен есе жіберген еді. Келесі бәсекеде Чжан Цинвэньнен (Қытай) ұтылды – 6:7, 6:3, 1:6. Соңғы сайыста әлемнің бірінші ра­кеткасы Арина Соболенкоға (Беларусь) сан соқтырды – 6:4, 3:6, 6:1. Дегенмен бұл жеңіс жерлесіміздің жартылай фи­налға шығуына жеткіліксіз болды.

«Қызыл сары» топта Ига Швентек (Польша), Кори Гауфф (АҚШ), Джессика Пегула (АҚШ), Барбора Крейчикова (Чехия) шеберлік байқасты. Топтық кезеңде алғашқы екі орынды иеленген бұрымдылар енді жартылай финалда сайысқа түседі.

Ал ерлер арасындағы АТР-дің қорытынды турнирі 10 қарашада басталады. Янник Син­нер (Италия), Александр Зверев (Германия), Карлос Аль­карас (Испания), Даниил Мед­ведев, Андрей Рублёв (Ресей), Тейлор Фриц (АҚШ), Кас­пер Рууд (Норвегия), Алекс де Минор (Аустралия) сынды саңлақтар бір апта бойы Ита­лияның Турин қаласында өзара күш сынасып, ең мықтыны анық­тайды.